Өмір жолы өнегеге, еңбек жолы абыройға толы азаматтардың қатары қай кезде де қоғам үшін қадірлі. Солардың бірі – полиция майоры, құқық қорғау саласының ардагері Сатыбалды Сарыбасов. 1955 жылдың 15 наурызында дүниеге келген ол саналы ғұмырын ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға арнап, 1980 жылдан 2004 жылға дейінгі аралықта табан аудармай қызмет атқарды. Үш онжылдықтан астам уақытқа созылған еңбек жолында кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және азаматтық ұстанымымен әріптестерінің құрметіне бөленді.
Бүгінде ардагер офицер ұрпақ өрбітіп, 2 ұл мен 3 қыздан тараған 16 немеренің қызығын көріп отырған ардақты ата. Қоғамдық өмірден қол үзбей, өмірден түйген ой-толғамдарын, естеліктері мен шығармашылық ізденістерін қағаз бетіне түсіріп жүрген қаламгерлік қыры да бар. Осы орайда, 23-маусым – Қазақстан полициясы күніне орай назарларыңызға Сатыбалды ағамыздың адамгершілік пен ақ тілекті арқау еткен жырларын ұсынамыз.
АЛЛАДАН СҰРАҒАН АҚ ТІЛЕГІМ
Алламызға алақанды жаямыз,
Тоба қылып, тәубемізді табамыз.
Орындалған әрбір іске «шүкір» деп,
Ойға алып, жүрекке ұя саламыз.
Құдайым құтты жолға салып берсін,
Айнымайтын даңғылға бағыт берсін.
Істеген еңбегінің жемістерін,
Құдайым әр уақытта нәсіп етсін.
Жұма күннің құзыреті, құдыретімен,
Алланың берген асыл ниетімен
Орындалсын әр арман-мақсатымыз,
Қабыл болсын құран, дұға, аятымен.
Нұрын төгіп айналаға шуақ шашсын,
Үлесіңнен Алламыз айырмасын!..
Айтулы азаматтар аман болып,
Ниеттер орындалып, бағы жансын!
Ағаның ақ ниеті қабыл болсын,
Ақ ниет, адал жүрек, сенім болсын!
Тар болсын, тайғақ болсын алға бастар,
Кеудеде көлдей таза көңіл болсын!
ҰРПАҚҚА ТІЛЕК
Ұрпақтарым өсіп-өніп өркендесін,
Көктемнің шуағындай көркемделсін!
Алланың берген бағы – құлындарым,
Арман мен мақсатына жете берсін!
Әрдайым бастарыңа бақыт қонсын,
Шалқыған көңілдерге шаттық толсын!
Ынтымақ-бірлік дарып, бақ ұялап,
Жортқанда жолдарың ашық болсын!
Рақмет ата-ананы қуантқаның,
Жақсы сөз, жарым ырыс жұбатқаның.
Шаңырақты кеңейтіп өрістеткен,
Өздеріңнен айналдым, ұрпақтарым!
