ТҮРКІСТАН: ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ – 2

11 көрілім

Цифрлық трансформация және жасанды интеллект

Қазақстан кейінгі жылдары аймақтағы цифрлық көшбасшы (GovTech трендсеттері) ретінде танылып келеді. Саммитте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ТМҰ басшыларына еліміздің жасанды интеллект (ЖИ) мен цифрлық экономиканы дамыту бойынша стратегиялық қадамдарын таныстырды. Қазақстанда арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы, екі ірі суперкомпьютердің іске қосылуы және Астанада «Alem.ai» халық-аралық орталығының ашылуы осы сөздің айғағы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің IT-хабтарының бірлескен орталығын ашуды және оған «Turkic AI» атауын беріп, оны Астанадағы «Alem.ai» базасында орналастыруды ұсынды. Бұл түркі елдерінің стартаптары мен мамандарының басын қосып, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында eGov AI ассистенті мен AlemGPT платформасы іске қосылған. Бұдан бөлек, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жеңілдету үшін ТМҰ аясында электронды құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану бойынша бірлескен жұмыс іс-шараларын жүргізу ұсынылды. Білім беру саласында мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін ЖИ-ді енгізудің үздіксіз жүйесі қалыптасуда. Қазақстанда ашылатын жаңа форматтағы Жасанды интеллект университетінде түркі мемлекеттерінің азаматтары үшін арнайы білім беру гранттары бөлінбек. Сондай-ақ, түркі жастары арасында бағдарламалау мен озық технологиялар бойынша ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастыру бастамасы көтерілді.

Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің іргетасы ретінде қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб жобасы қолға алынуда. Бұл AI-есептеулерді сыртқа ұсыну арқылы жоғары технологиялық экспортты қалыптастырады. Ал, жергілікті деңгейде Starlink және OneWeb технологияларының көмегімен шалғай елді мекендерді байланыспен қамту, сондай-ақ, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Түркі елдерінің байланысы ғарыш кеңістігін де қамтып үлгерді. Қазақстан, Өзбек-стан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттері бірлесіп, «CubeSat» ғылыми жерсерігін әзірлеу үстінде. Бұл ортақ спутник келер жылы ғарышқа ұшырылмақ. Бұл қадам ТМҰ елдерінің геодезия, экологиялық мониторинг және ауыл шаруашылығы салаларындағы тәуелсіз мәліметтер қорын қалыптастыруға көмектеседі.

Әрине, бұл ауқымды инновациялық жобаларды қаржыландыру үшін «Түркі инвестициялық қорының» әлеуеті пайдаланылады. Бүгінде жарғылық капиталы 600 миллион долларға жеткен бұл стратегиялық ресурс биылдан бастап нақты стартаптар мен инфрақұрылымдық жобаларды тікелей қаржыландыру форматына көшті.

Саммит аясындағы көпжақты кездесулер екі жақты форматтағы стратегиялық серіктестіктерді нығайтумен ұштасты. Мұнда Әзербайжан мен Өзбекстан президенттерінің мәлімдемелері ерекше назар аудартады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Түркістанның екі жақты байланыстардағы рөліне тоқталды:

 «Түркістан – Әзербайжанның мәдени астанасы Шушаның алғашқы бауырлас қаласы. Біздің халықтарымыз секілді шаһарларымыз да бауыр».

И.Әлиев өзінің Қазақстанға соңғы бес жылда сегіз рет келгенін, ал, Президент Тоқаевтың Әзербайжанға алты рет ресми сапармен барғанын атап өтіп, төрт жыл бұрын қол қойылған Декларацияның қарым-қатынастарды нақты одақтастық деңгейге көтергенін мақтанышпен жеткізді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те Түркістанның Ұлы Жібек жолындағы тарихи рөлін жоғары бағалады:

«Бұл қасиетті қала – халықтарымыздың бірлігі мен ынтымақтастығының жарқын символы».

Өзбекстан басшысы Қазақстан билігінің Түркістанды жаңғырту, оның архитектуралық бейнесін түбегейлі өзгерту бағытындағы ауқымды жұмыстарына ризашылығын білдіріп, бұл қадамдар шаһарды бүкіл түркі дүниесінің басты рухани орталығына айналдыратынын айтты.

 «Жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет… Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор» деп атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта «Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция» жобасын пысықтауды ұсынды. Бұл құжат түркі халықтарының мәдени мұрасын халықаралық құқықтық деңгейде қорғауға және ЮНЕСКО-мен байланыстарды кеңейтуге құқықтық негіз болмақ.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астана қаласында дала халықтарының тарихы мен мәдениетін кең ауқымда насихаттайтын «Дала өркениетін дәріптеу орталығын» құру жоспарланып отырғанын хабарлап, ұйымға мүше елдерді бұл жобаға белсенді қатысуға шақырды.

Саммиттің қорытындысы ретінде ТМҰ-ға мүше елдер басшылары Түркістан қаласында бой көтеретін жаңа бірегей орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады. Бұл кешеннің негізгі миссиясы — түркі халықтарын әлемдік өркениет тарихында орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы күш ретінде дәріптеу.

Бұл орталық тек мұражай емес, түркі елдерінің өткені мен болашағын, ғылымы мен технологиясын тоғыстыратын заманауи мультимедиялық платформаға айналады.

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Түркі әлемінің тек мәдени-рухани байланыс аясындағы мәлімдемелермен шектелмей, нақты іс-қимылдарға көшкенін көрсетті. Түркияның ірі инвестициялары мен өнеркәсіптік жобалары, Қазақстанның «Орта дәлізді» цифрландыру мен жасанды интеллект хабтарын («Turkic AI») құру жөніндегі озық бастамалары, ғарыш саласындағы («CubeSat») бірлескен қадамдар және Түркі инвестициялық қорының белсенді жұмысы – мұның бәрі экономикалық интеграцияның берік іргетасын құрайды.

Сонымен қатар, материалдық игіліктерді дамыту барысында ортақ рухани құндылықтардың, каллиграфия мен тарихи жәдігерлердің, конвенциялар мен зерттеу орталықтарының ұмыт қалмауы – ТМҰ-ның өркениеттік бірегейлігін сақтауға кепіл болады. Түркістанда іргетасы қаланған жаңа орталық осы ұлы бірліктің, технология мен тарих сабақтастығының мәңгілік символы ретінде тарихқа енбек. Саммит қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен қабылданған шешімдер алдағы жылдардағы аймақтық геосаясаттың бағыт-бағдарын айқындайтыны сөзсіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы