ТҮРКІСТАН: ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

8 көрілім

Түркі әлемінің тарихи, рухани және мәдени астанасы – Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті өңірлік ынтымақтастықтың сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілгенін айқын көрсетті. Бүгінгі таңда жаһандық геосаяси ахуалдың өзгеруі және саяси-экономикалық тұрақсыздық жағдайында түркітілдес мемлекеттердің бірлігі жай ғана мәдени ынтымақтастық емес, стратегиялық қажеттілікке айналып отыр. Бұл ретте Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған бұл басқосу жаһандық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелерді – инфрақұрылымдық жобаларды, транзиттік әлеуетті, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуды, сондай-ақ, ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауды тең дәрежеде қамтыды.

Сауда айналымы мен инвестициялық жобалар

Түркістан қаласындағы мемлекет басшыларының кездесуінен тура бір күн бұрын Астана төрінде өткен Қазақ-түрік бизнес-форумы саммиттің экономикалық платформасын айқындап берген маңызды оқиға болды. Саяси шешімдердің практикалық негізі ретінде ұйымдастырылған бұл іскерлік шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа өндірістік және инвестициялық сипатқа ие болғанын көрсетті. Форумның басты мақсаты тек сауда айналымын арттыру ғана емес, ТМҰ аясындағы ең ірі екі экономиканың өнеркәсіптік кооперациясын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру болды.

Форум барысында тараптар дәстүрлі шикізат секторынан жоғары технологиялық және өңдеуші өнеркәсіпке көшу трендін ресми түрде бекітті. Түрік инвесторлары үшін Қазақстан нарығы тек тауар өткізу алаңы емес, Орталық Азия мен Еуразиялық Экономикалық Одақ нарықтарына шығатын стратегиялық плацдарм ретінде қарастырылды. Талқылаудың негізгі өзегі – құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, металлургия және машина жасау салаларындағы бірлескен кәсіпорындардың желісін кеңейту болды. Қазақстан тарапы түрік бизнесі үшін салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын ұсыну және инвестициялық келісімшарттарды құқықтық қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіретінін мәлімдеді.

Бизнес-форумның ең көп талқыланған және нақты нәтижелерге қол жеткізген бағыты фармацевтика өнеркәсібі болды. Пандемиядан кейінгі жаһандық проблемалар мен ұлттық қауіпсіздік талаптары Қазақстан мен Түркияны бұл салада ынтымақтаса әрекет етуге итермелеп отыр. Форумда Түркияның Abdi İbrahim, Nobel, YDA Group және Orzax Group секілді алпауыттарының Қазақстандағы жобаларының екінші толқыны талқыланды.

Мамандар бұл бағытты жай ғана зауыт салу емес, аймақтық ауқымдағы медициналық-фармацевтикалық кластер құру бастамасы деп бағалады. Мақсат – Қазақстанды заманауи көпбейінді ауруханалармен (Түркістан, Петропавл) жарақтандырып қана қоймай, биологиялық белсенді қоспалар мен өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді отандық нарықта толық шығарып, көршілес Орталық Азия елдеріне экспорттайтын басты орталыққа айналдыру.

Астанадағы іскерлік басқосуда Түркістан саммитінің негізгі тақырыбы – «Орта дәліздің» өткізу қабілетін арттыру мәселесі бизнес өкілдерінің қатысуымен детальді түрде қаралды. Кәсіпкерлер транзиттік тасымал кезіндегі әкімшілік кедергілер мен кедендік бюрократияны азайтуды талап етті. Осыған байланысты форум аясында қазақстандық әуежайлардың (Алматы, Ақтөбе) карго-логистикалық әлеуетін арттыруға түрік компанияларының жаңа инвестицияларын тарту, транспорттық ресімдерді толық цифрландыру, яғни жүк тасымалын онлайн бақылайтын бірыңғай жүйелерді енгізу мәселелері талқыланды.

Бейресми саммитке кіріспес бұрын…

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, XIV–XV ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Президенттерге көрсетілген бірегей экспонаттар түркі мемлекеттілігі мен мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын паш етті.

Бұл рухани іс-шара барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық әйгілі каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Бұл қадам Түркия мен Қазақстан, сондай-ақ, жалпы түркі әлемі арасындағы діни-рухани сабақтастықтың символы іспетті болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркістанда бой көтерген жаңа зәулім мешітпен танысып, оның ішінде Құран бағыштады. Бұл құлшылық үйі – Өзбекстан президентінің қазақ халқына, Түркістан тұрғындарына деген бауырластық пейілі мен сый-құрметінің белгісі ретінде салынған. Мұнараларының биіктігі 61 метрді құрайтын бұл ғимарат дәстүрлі ислам сәулет өнері мен заманауи инженерлік желілердің, ұлттық ою-өрнектер мен талғамды каллиграфияның тамаша үйлесімі болып табылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы