2026 жылғы мамырдың 15-жұлдызында рухани астана, киелі Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті өтті. Бүкіл әлемнің назары қазақ хандығының ордасы болған, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік мекені, түркі әлемінің тұмары – Түркістанда екендігін сезінудің өзі бір бақыт! Бұл халықаралық басқосу – ынтымақ пен бірліктің, жаңа Қазақстанның өрлеуі мен дамуының жарқын көрінісі! Барша қауым тақымын қысып, игі тілек үстінде отырды. Халықтың тілегі – ел тыныштығы, бірлігі мен бауырластығы. Айбының арта берсін, туған елім! Мен осындай толқулы сезімді қасиетті қаламыздың 1500 жылдығы кезінде бастан кешірген едім. Сол күні де елім үшін, жерім үшін мақтаныш сезімінде болдым! Шаттандым! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды, Өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевті қарсы алғандағы салтанатты сәттер! Бейресми саммиттің басталуы, оның күн тәртібіне шығарылған «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбының өзектілігі, шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар, Түркі мемлекеттік ұйымына мүше елдерден келген баспасөз ақпарат құралдары өкілдерінің еліміз туралы, халықаралық саммиттің берері және оның ұйымдастырылуы, қонақжайлығымыз бен салт-дәстүріміз туралы білдірген жылы лебіздеріне марқайдым. Ұзатылатын қыздай таранған қаламыздың осынау келбетінен мыңдаған адамның тынымсыз еңбегін көрдім! Түркістан тарихының тағы бір жаңа дәуіріне олардың қосқан үлесін көрдім! Әлемнің бәрі «Қазақстан, Түркістан!» деп жаңғырып тұрғандай әсерден әлі де айыға алмай отырмын! Тіпті неше күннен бері қасиетті қалада толассыз соққан жел де жан-жаққа «сүйінші» хабар таратып жатқандай жағымды әсер етіп, ізгі ниеттегі халықтың көңіл-күйіне қылау түсіре алмады. «Таяқ ұстап келгенге тай мінгізген» Түркістан қашандағыдай қонақжай қалпында саммит қатысушыларын құшақ жая қарсы алды! Шартараптан бес жүзге жақын делегат келіп, төрт жүзден астам шетелдік, отандық, жергілікті БАҚ өкілдері тарихи қаланың жылнамасына жазылар жарқын кезеңді жер жүзіне таратуда! Микрофон мен бейнекамераны, қаламсапты қару еткен «мылтықсыз майданның» жауынгерлерінің толассыз жұмысы – бүгінгі оқиға, ертеңгі тарих! Елдігімізге сын болған Түркі ұйымдары мемлекеттеріне мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтіп, маңызы зор шешімдер қабылданды!
– Біз бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз! Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру, – деді сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Шынында, бейбіт өмір, арайлап атқан таңға жетер ештеңе жоқ! Бейресми саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, кеңестің байқаушысы, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Туфан Эрхюрман, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Бүкіл әлем көз тіккен, өзіміз де жүрегіміз лүпілдей күткен ТМҰ-ға мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті жәдігер қала Түркістанның төрін дүбірлетіп өте шықты. Оңай деймісіз, бес елдің басшысының айбыны, арғымақтардың дүбіріндей тегеуріні, төрткүл дүниенің бұрышынан келген өкілдердің, делегацияның екпіні! Түркі әлемінің қара шаңырағында, киелі топырақта тыныстаған бабалар рухы да игілікті іске үн қосып, бас көтергендей неше күн бойы тоқтаусыз жел соқты. Оған елең еткен түркістандықтар жоқ! Күндіз-түні тыным таппай, туған қаламызды гүл жайнатып қойды! Бір айға жетер-жетпес уақытта көне шаһардың бас қақпасынан, шығыс қақпасындағы тоғыз жолдың торабынан алып тайқазан тұрғызып, этношаңырақ бой көтерді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі шынайы тайқазаннан бес есе үлкен архитектуралық туындыны қаламыздың символы, төлқұжаты деп бағаласақ, қателеспейміз! Түлеген, түрленген Түркістан туралы, қаланың көрікті келбеті туралы айтар әңгіме көп. Ел Президенті Қ. Тоқаевтың түркі әлемінің темірқазығы – Түркістанда бейресми саммит өткізу жөніндегі бастамасына бір кісідей үн қосқан халқымыздың ынтымағын атап өткен жөн. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының іскерліктері, ұйымдастырушылықтары, сіңірген еңбектері мақтауға да, мақтануға да тұрарлық! Бәріне де шүкір дейміз! Айтар алғысымыз шексіз. Бес елдің мүддесі сынға түскен саммиттің қалай өткендігі туралы баспасөз ақпарат құралдары тынбай жазып жатыр. Қалың көпшілік те алған әсер, түйген ойларымен бөлісуде. Біздің, яғни ақпарат құралдары өкілдерінің сол күнгі жұмысы халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны кең көлемде ақпараттандыру мақсатында жасақталған «Woosong University» базасындағы Медиа орталықта басталды.
