Саммиттің қарсаңындағы атмосфераны шартарапқа үздіксіз жариялап жатқан журналистер қатарына біз де қосыла кеттік. Шетелдік және отандық, сондай-ақ жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері мүмкіндігінше шынайы ақпарат таратуға күш салды. Орталық заманауи техникалық құралдармен жабдықталып, жоғары жылдамдықтағы интернет және жедел ақпарат алмасу желісі ұйымдастырылып, тиімді жұмыс істеуге жан-жақты жағдай жасалған. Ат арытып келген ақпарат өкілдерінің, қадірлі меймандардың, сарапшылар мен саясаткерлердің ас-суына дейін ескеріліп, көзден ештеңе қағыс қалмаған. Осы орайда алыс-жақыннан келген әріптестерді, делегаттарды қарсы алып, шығарып салып, олардың түрлі талап-тілектерін орындап, уақытпен санаспай жұмыс істеген облыс, қала әкімдігінің салалық мемлекеттік жүйе қызметкерлеріне, Мира Сүлейменова бастаған ақпарат өкілдеріне, жұмыс барысында белсенділік танытып жүрген Ғабит Сапарбек, Айдар Сейдазым, Жадыра Қожахмет, Назгүл Назарбек, Төребек Байтасов, Сәбит Тастанбек сынды әріптестердің тиянақты еңбегін байқадым. Әсіресе, қала халқының қауіпсіздігі жолында 24/7 форматта жұмыс істеген ПД қызметкерлері мен баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдірахманқызы саммитке келген жоғары деңгейлі меймандардың қаладағы қозғалыс кестесін көз ілеспес шапшаңдықпен сәт сайын хабарлап отырғанда, керемет жауапкершіліктің үлгісін көргендей болдым. Бұл арқылы еңбегі жанкешті, ауыр аппараттарын көтеріп, бір тарихи кадр үшін жанталаса жүгіретін, бірақ еңбектері аса елене бермейтін ақпарат құралдары өкілдерінің де саммиттің өтуіне үлес қосқанын айтқым келеді. Орайы келген бір сәтте қарбалас жұмыс үстіндегі әзербайжандық әріптесімді әңгімеге тарттым:
– Түркістанға бірінші келуіміз және ТМҰ-ның саммитіне де тұңғыш қатысуымыз және оның түркі әлемінің рухани орталығы Түркістанда өтуі біз үшін де маңызды. Қаланы, тарихи орындарды аралап көруге мүмкіндігіміз болмаса да, көне шаһар туралы алғашқы әсеріміз жақсы. Біз әуежайдан бірден баспасөз ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы жасақталған Медиа орталығына келдік. Мұнда журналистердің тиімді жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасалыпты. Заманауи құралдар, жылдам интернет желісі, бәрі бар. Ризамыз. Енді ТМҰ-на мүше ел басшыларының бейресми саммитінің басталуын асыға күтіп отырмыз. Бұл халықаралық жиыннан үлкен үміт күтіп отырмыз. Өйткені, бізге белгілі болғанындай, осы саммит қорытындысы бойынша түркі мемлекеттері ұйымдарының өзара ынтымақтастығы мен бірлігін, экономикалық қарым-қатынастарын, жасыл энергетика мен көлік құрылымдарын айқындайтын «Түркістан декларациясы» қабылданбақшы. Әсіресе, жасыл энергетика саласына қатысты мәселеде Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан елдерімен бірлесе жүзеге асырылатын, жасыл дәлізге жол ашатын жобалардың маңызы зор. Қазақстандық сарапшылардан сұхбат алып, олардың тұжырымдарымен де таныстық. Бір сөзбен айтқанда, саммит күнделігінен шынайы ақпараттар таратып жатырмыз», – дейді «Trenb» хабар агенттігі бас редакторының орынбасары, әзербайжандық әріптесіміз Ляман Зейналова.
Айтса айтқандай, халықаралық саммиттің Түркістанда өтуі – түркі дүниесі үшін маңызды. Барлық жұртшылықтың көкейінде бір сұрақ: «Саммит неге Түркістанда өткізілді? Жалпы саммиттің берері не? Түркі мемлекеті ұйымдарына мүше елдердің басшылары келісім-шартқа отырып, меморандумға қол қойған тарихи сәттен ұтарымыз не?» – деген сауалдарды ауқымды жиынға қатысқан әрбір адамның іштей өзіне-өзі қойғаны анық. Бізді де толғандырған осы сауалдарға жауапты да тапқандай болдық.
