Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Түркістандық журналистерді ерекше қуанышқа бөлеген соңғы жылдардағы кәсіби мерекеміз осы десек қате айтқанымыз болмас. «Конгресс холлда» өткен салтанатты іс-шарада Президент пәрменімен жүзеге асқан пәтер беру дәстүрі өңірлерде қолдау тауып, қос журналистке пәтер кілттері табысталды. Баспаналы болғандар қатарында «Хабар» агенттігінің Түркістан облысындағы меншікті тілшілер қосынының телеоператоры – монтаж инженері Ерболат Әбішов пен «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаев бар. Пәтерді өзі алғандай қуанған барша журналис кеште көпке дейін қол соғып, салтанатты сарайдың ішін дүбірге бөледі.
Сонымен қатар, ақпарат саласының бірқатар үздіктеріне мемлекеттік наградалар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттары мен Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, журналистиканың қоғамдағы орны мен өңірдің дамуындағы ақпарат құралдарының маңызын атап өткеніне де тоқтала кетейік.
– Мемлекеттің дамуы үшін ақпарат құралдарының маңызы ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Кез келген ақпаратты мұқият саралап, жұртшылыққа дұрыс бағыт көрсету – журналистің басты міндеті. Осы сенімді ақтап, Мемлекет басшысының реформаларын халыққа жан-жақты түсіндіріп, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып жүрген барша БАҚ өкілдеріне алғысымды білдіремін. Бүгінде Түркістан облысында 68 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толды. Осы кезеңде өңір үлкен даму жолынан өтті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жетті. Соңғы 8 жылда 26 жылда салынған тұрғын үйдің 77 пайызы немесе 6,7 миллион шаршы метрі, мектептердің 35 пайызы немесе 214-і, денсаулық сақтау нысандарының 57 пайызы немесе 219-ы 8 жылда пайдалануға берілді. Ал, мәдениет үйлері мен спорт нысандары бұрынғы 26 жылмен салыстырғанда екі есеге артық салынды,- дей келе өңірдің әлеуетін арттыру жолындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті өңір басшысы. Сөйтті де «осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін бізге журналистер қауымының үлкен көмегі қажет. Хайп пен лайк соңында кетпей, осы жұмыстарды көрсете білсек, инвесторлар саны да артады. Осы орайда, жалпы елімізде, сондай-ақ, облыста атқарылып жатқан барлық жұмыстарды дұрыс көрсетіп, оң пікір қалыптастырсақ қоғамның санасы да өзгереді. Сіздерді осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз»,- деген ойын жеткізді Нұралхан Оралбайұлы.
Айтса айтанындай бар. Арамызда хайп пен лайкты лайық деп түсінетін жандардың қатары артып келе жатыр. Қазір әлеуметтік желіге пост салып, оны лайкпен өлшейтін болдық. Телефонға шұқшиып, жазған дүниемізге кім лайк басты екен деп әуре болатын «кесел» жабысты. Жақын тұтқан адамың жүрекшені баспаса «оған не болып қалды екен» деп оның сыртынан тон пішіп, уайымға салынатын болдық. Қысқасы жазған мақалаңның мазмұны емес, соған жиналған лайктың саны ойландыратын хәлге жеттік. Өңір басшысының тұспалдап отырғаны осы мәселе шығар деп түйдім мен.
Атқарылған жұмыстар мен орын алған мәселелерді жарыққа шығарып, туған топырақтың тынысын оқырманы мен көрерменіне жеткізуге әрдайым асығып тұратын журналистер қауымы үшін негізгі мәселе елдің мүддесі емес пе? Осындайда біздің негізгі міндетіміз қалың оқырманға өз арамыздағы емес, көпке шарапаты тиетін, елдің игілігіне жарайтын ауқымды мәселелерге көңіл бөліп, оны жан-жақты сараптап ел назарына ұсынып отырсақ мамандыққа адалдықтың белгісі болар еді.
Бұл әңгіме хайп пен лайктан шығып кетті ғой. Салтанатты басқосуда пәтер кілтін алған екі әріптесімізден бөлек бірнеше журналистің мерейі тасып, кеуделеріне төсбелгі тақты. Сонымен бірге, арнайы алғыс хаттар мен құттықтау хаттар да өз иелеріне тапсырылды. Осы жолы марапатталғандар қатарында көп жылдан бері үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан жандардың және шалғайдағы аудан, қалаларда еңбек етіп жүрген әріптестеріміз де назардан тыс қалған жоқ. Соның негізгі дегендеріне тоқталып өтсек, «Шапағат» медалімен «Арыс толқындары» телеарнасының басшысы Махамбет Төлебеков, «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редактор орынбасары Мұратжан Әбубәкіров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Еңбек ардагері» медалі «Төлеби туы» газетінің директор-бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұловқа табысталса, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Қазақстан» ұлттық арнасының телеоператоры Еркінбек Оразбаев, «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы және «Shyndyq.kz» ақпараттық порталының директор-бас редакторы Айгерім Айтаханова марапатталды. Аталмыш министрліктің құрмет грамотасы, алғыс хаты және облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың марапаттары тапсырылды.
