ТҮРКІСТАН: МАҚАЛАНЫҢ МАЗМҰНЫ ЕМЕС, ЖИНАЛҒАН ЛАЙК САНЫ ОЙЛАНДЫРАДЫ – 3

15 көрілім

Ал, жыл сайын әр өңірдегі еңбегі сіңген бір журналиске берілетін Қазақстан Журналистер одағының негізгі марапаты «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі елімізде осы саланың отынан кіріп, күлімен шығып жүрген журналистердің қадірлі ұстазы, белгілі композитор Бекжігіт Сердәліге табысталды. Сол жерде құттықтап жатқан әріптестердің сөзінен байқағаным, кеш болса да өз иесін тапқан марапат болды. Сондай-ақ, бірқатар әріптестеріміз Қазақстан Журналистер одағының мүшелік билетін алды. Оның ішінде белгілі журналистер Пернебай Сапаров, Айнұр Бектас, жас та болса қарымы мен қабілетін танытып үлгерген Рысгүл Досжанова сынды қарындастарымыз да бар. Мүшелік билетті табыстау кезінде «Turkistan Media Holding» ЖШС директоры, белгілі журналист Уәли Қыдыр, журналист, медиа-менеджер Тельман Бейсен, «Төлеби туы» газетінің бас редактор-директоры Әбдімәлік Рахманқұлов бастаған облыстық, аудандық газет қызметкерлері мен жас журналистер Қазақстан Республикасының Парламентін реформалауды танымал етудегі БАҚ пен интернет-ресурстардың рөлі жөнінде пікір алмастық.

Айтпақшы, ақпарат саласында жүрген жаны жомарт жандардың жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан «Армандар орындалады» атты ерекше балаларға қолдау көрсету мақсатындағы қайырымдылық іс биыл да жалғасын тапты. Әсел Бимырзаева ханым жетекшілік ететін өңірдегі айтулы жобаға журналистер демеушілік жасап, мереке қарсаңында 10 балаға арнайы тарту жасалып, Орынбек Қасымбек, Досхан Төлегенов бастаған өнерлі журналистердің қолдауымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Мақсатымыз ерекше мерекелік көңіл-күйге өзіміз ғана бөленіп қоймай, балаларға да қуаныш сыйлайық деген ой еді. Балалармен бірге, олардың ыстығы мен суығына пана болып жүрген ата-аналар да бір мезгіл көңіл сергітіп, қуанып жатса бұл да бір игі іс емес пе. Қуанышқа қуаныш қосқан осындай сауапты іске атсалысқан әріптестерді де атап өткеніміз жөн болар. Әсет Әссәнди – ардагер журналист, «DIDARBEK.КZ» ақпараттық порталының басшысы, Уәли Қыдыр – «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директоры, Ғалымжан Елшібай – белгілі журналист, облыстық мәслихат депутаты, Айдар Сейдазым – ақын, «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директоры, Райымжан Алибаев – «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы, Жандос Жұмабек – «Хабар24» арнасының облыстағы меншікті тілшісі, Ардақ Жақсылықова – «Уақыт TV» арнасының директоры, сондай-ақ, «Түркістан» қалалық газетінің атынан балаларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Осылайша биылғы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін атап өттік.

Мақалаға кәсіби мерекемен орайлас өткен іс-шараларды қамтып, оқырманға өңірдегі жаңалықтарды топтастырып жеткізуге тырыстық. Сөз соңын әлгінде облыс басшысы Н.Көшеровтің сөзіне сүйеніп айтқан ойымызбен қорытындыламақпыз.

Әлеуметтік желінің дәуірінде лайк маңызды көрсеткіш болуы мүмкін. Бірақ журналистің басты мақсаты – көпшілікке ұнау емес, қоғамға қажетті мәселені жеткізу. Лайк саны уақытша танымалдық әкелсе, мазмұнды материал ғана журналистің кәсіби беделін қалыптастырады. Себебі, лайк санаулы секундта басылады, ал, шынайы журналистиканың әсері жылдар бойы сақталады. Сондықтан, журналистиканың құнын алгоритм емес, оның ақиқатқа адалдығы айқындауы тиіс.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы