ТҮРКІСТАН: МАҚАЛАНЫҢ МАЗМҰНЫ ЕМЕС, ЖИНАЛҒАН ЛАЙК САНЫ ОЙЛАНДЫРАДЫ

6 көрілім

Өңірімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні яғни, жылына бір келетін кәсіби мерекемізде не өтті деген сауалға жауап үшін бірқатар ұйымдастырылған жиынды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Журналистер қауымы үшін жағымды жаңалыққа толы мереке қатарына еніп отыр осы сәт. Дегенмен мақсат – той тойлап, даңғазалыққа салыну емес, мамандығымыздың келешектегі тағдыры тұрғысында да ой айту еді. Сондықтан тақырыбымыз негізгі ойымызбен үндесті.

Жақын достардың, әріптестердің, үзеңгілес аға-інілердің қуанышын көру, оны бірге бөлісу – үлкен бақыт. Биылғы мерекеміздің басты ерекшелігі – арамыздағы бірқатар әріптестердің баспаналы болуы. Еткен еңбектің жемісі ретінде арнайы марапат алып, әлеуметтік қолдауға ие болуымыздың шынайы көрінісі осы шығар. Бұған дейін де мұндай қолдау болған жоқ дей алмаймыз. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен өңірлерде жаңа баспананың кілтін алып жатқан әріптестеріміздің қуанышында шек жоқ. Дәстүрлі мерекеміз биыл осындай игі жаңалықтарымен есте қалып отыр.

Өткен айдың ортасында әдеттегідей спартакиадамызды өткіздік. Онда да ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсеттік. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған спорт сайысы журналистер қауымын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шараға айналды.

Биыл сегізінші рет өткен додада әріптестеріміз күнделікті ақпарат майданындағы еңбегімен ғана емес, спорттағы шеберлігімен де сынға түсті. Салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен жарыс тартысты бәсекеге, көтеріңкі көңіл-күй мен достық қарым-қатынасқа толы болды. Ол жөнінде газетіміздің өткен санында жаздық. Ендеше, осындай қуанышты күндеріміз көп болып, мерекеміздің берекесі арта берсін деген үмітке толы тілекпен өткен аптадағы негізгі оқиғаларды жеткізсек деп отырмыз.

Өткен аптада Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы ретінде демалуға мұрша болмады. Ордабасыда пресс-тур өтіп, әріптестермен сонда болдық. Бұл 24-маусым күні-тін.

Ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көріп, өңірдегі ілкімді істердің бірқатарымен таныстық. Әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жаңашылдықтар бар. Аудан орталығында біз көрген Рәміздер аллеясы, су спорты және теннис корты кешенінің құрылысы, Темірлан ауылының батыс бөлігінде бой көтеріп жатқан заманауи тұрғын үй қалашығы мен өндірістік аймақта іске қосылуға дайындалып жатқан кәсіпорындардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әр нысан басында сала мамандары мен жауапты басшылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жұмыс барысын таныстырып, жан-жақты мәлімет берді.

Игі жақсылар бас қосып, бәтуалы шешімдер қабылдаған құтты мекеннің әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұл жолы да соның нақты дәлелі болатын жұмыстарды көзбен көрдік. Іс-шара соңында аудан әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 84,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,6 пайызға артқан. 2026 жылғы жергілікті бюджет кірістері өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд 533 млн теңгеге ұлғайған. Тағысын-тағы әр салада өсіммен өрнектелген сандар жалғасып кете береді. Журналистер көрген әрбір нысан құрғақ статистиканың емес, нақты жүзеге асып жатқан жұмыстардың айқын көрінісі болды. Ел игілігіне бағытталған бұл бастамалар Ордабасының алдағы уақытта да өңірдегі жетекші аудандардың бірі ретінде дамуын жалғастыратынына сеніммен қарап қайттық.

Сол күні кешке Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған облыс орталығының билік өкілдері журналистерге арнайы құрмет көрсетіп, дүркіреген жиын өткізді. Оған да қатысып, бірқатар жас журналистерге Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филилалы атынан құттықтау хаттар табыстадық. Қазақстан эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар әуелете ән салып, шығармашыл жандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Келесі күні Серікбай Амет інімді ертіп, таң боз бере бастағаннан Шардараға жол тарттық. Аудандық «Өскен өңір» газетінің 60 жылдық мерейтойы еді. Одақ атынан осында газет тарихындағы қиын кезеңдерде тәуекелге бел буып, басшылық жасаған Есенбай Бейсенбиев ағамызға «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін табыстадық. (Аймақтарда ұжымның мерейтойы болса сондағы бір еңбек ардагеріне аталмыш марапат кезексіз беріледі). Газеттің қазіргі басшысы Сәбит Лаханов ағамызбен ақылдаса келе осындай шешім қабылдаған едік. Мерейтойда көпшілікпен ойымыз бір арнада тоғысқандай әсерде қайттым. Ақын Қазыбек Иса бастаған ауданның бетке тұтар зиялы қауым өкілдері жиналған «Өскен өңір» газетінің мерейтойында бүгінгі күндегі газет тағдырына тілектес жандардың ыстық лебіздерімен сабақтасып жатты.

Иә, жаһандану дәуіріндегі газеттің басына төнген ауыртпалықтан шығар жолдың оңай болмай тұрғанын білеміз. Әлеуметтік желінің қарқынды дамуы, ақпараттар легінің дүйім жұртқа қас пен көздің арасында жетуі бірінші кезекте басылымдарға соққы болғаны белгілі. Бұл ретте оқырманға жаңалықтың қандай деңгейде жетіп жатқанына яғни, маңыздылығына әзірге қоғам аса мән беріп отырған жоқ. «Жалған ақпар», «нақтыланбаған мәліметтер», «бір жақты көзқарас» секілді «шикі дүниелерді» қолына смартфон ұстаған «қауым» лезде таратуды әдетке айналдырды. Оқырман да соған қарай екі топқа бөлінді. Соның ішінде шынайы ақпаратты ажыратып, сараптамалық дүниелерге мән беретіндер қатары бірінші топтағыларға қарағанда кемшін тартып тұрғаны біздің негізгі мәселелеміз екенін байқап отырған боларсыз. Осының салдарынан билік өкілдері де көпшіліктің назарын «сайқымақтығымен» өзіне аударып алған жеңіл ойлы, желіде көрілімі мен оқырманының саны басым топтың ығына жығыла бастады.

Жауапкершіліктен жалтарып кетуге бейім тұратын кей лауазымды тұлғалар үшін әлгіндей «белсенділер» таптырмас құралға айналып отыр. Өйткені олар кәсіби журналистер секілді емес кездескен жаңалықтың мәні мен маңызына үңілмейді және кез келген жаңалықты жариялауды намыс көрмейді. Өкінішке қарай осындай «топ» қазіргі қоғамның сұранысына ие болып отыр. Міне, газеттің құндылығын құрдымға апара жатқан ең бірінші мәселе келте ойлы топтардан бастау алып отыр. Газет деген соң жанға батып отырған мәселені айналып өте алмай қалдық қой. Десе де, әдеттегідей Шардарадағы тойға келген тілектшілердің басым бөлігі аға буын өкілдері екенін айта кетуіміз керек.

Қандай жағдай болмасын, ақиқаттың ақ туын биік ұстап, уақытпен санаспай, ел мүддесі жолында еңбек ету – журналист қауымының басты қасиеті. Әрбір мақаланың, әрбір сюжеттің, әрбір репортаждың артында тынымсыз ізденіс, табанды еңбек, кәсіби біліктілік пен азаматтық ұстаным жатыр. Осындай қажырлы еңбектің арқасында қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, игі бастамалар насихатталып, ел өміріндегі маңызды жаңалықтар көпшілікке жетіп келеді. Сондықтан, кәсіби маман иелері түбінде жеңіске жетеді деген үміт оты сөнбейді жүректе.

Халықтың сеніміне ие болу – журналист үшін ең үлкен марапат. Бұл сенім – әріптестеріміздің шындыққа адал қызмет етіп, елдің мұң-мұқтажын жеткізе білетін кәсіби шеберлігі мен биік абырой-беделінің жемісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы