Бізде көпшілікті игі істерге үндейтін жап-жақсы бастамалар аз емес. Бірақ, біздің мұндай жақсы жобаларды тез жалықтыратын науқаншылдыққа айналдырып жіберетініміз бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те осы сөзіміздің дәлеліндей. Өзіміз пара беріп жүріп, «жемқорлыққа жол жоқ» деуіміз, былайша айтқанда, өртке жанармай құйып, «неге жанды?» деп таңғалғанмен бірдей. Бір қызығы, жемқорлық туралы сөз ете қалсақ, бәрін жоғарыдан бастағымыз келеді. «Шенеуніктер пара алады», «жүйе дұрыс жұмыс істемейді» деп кінәні жоғары жаққа сілтегіміз келеді. Ал, параны алған адам да, оны берген адам да жемқорлыққа қадам жасайтынын ұмытып кетеміз. Шынын айтқанда, сол параны беріп жүрген өзіміз.
Мысалы, емханаларда анализді жылдам шығару үшін медбикеге ақша беру, жұмысқа тұру үшін таныс-тамыр іздеу, құжаттарды тексеретін бөлімдегі «осынша ақша берсең, бүгін қол қоя саламын» деген сыпайы ұсыныстар, жоғары оқу орындарында кезекті сессиядан өтуге жанталас, жол полициясы тоқтатса, айыппұлмен емес, «келісіммен шешу» сияқты күнделікті өмірдегі көріністерге қоғамның көзі үйренген. «Өзіміз ғой», «Бергеннен ештеңе бүлінбес» деп өзімізді ақтап алып жатамыз.
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 1 346 қылмыстық құқықбұзушылықтың 1 015-і – жемқорлыққа қатысты болған. Бұл – барлық тіркелген қылмыстың 75 пайызы деген сөз! Өңірлердегі жағдай да көңіл көншітпейді. Мәселен, Астана – 155, Шымкент – 89, Алматы 66 дерекпен республикада көш бастап тұр. Бірақ, статистикаға кірмей қалған тұрмыстық деңгейдегі ұсыныстардың, «жеделдетіп шешіп берем» деген қызметтердің, «шай пұлға» деген желеумен қалтаға салынған ақшаның көлемі бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қазір сыбайлас жемқорлық дерті барлық салада тамыр жайып тұр. Білім беру саласында – 154, ауыл шаруашылығы саласында – 63, денсаулық сақтау жүйесінде 49 деректің тіркелуі – осының айғағы. Ең сорақысы, білім беру саласындағы парақорлық. Мұғалім болу үшін миллиондап ақша сұрайды дегенді де естіп жүрміз. Егер мұғалімнің өзі парамен жұмысқа кірсе, ол балаларға адалдық туралы қандай тәлім-тәрбие береді? Бұдан шығатын қорытынды, біз болашақ жемқорларды өзіміз тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Сол себепті білім саласындағы пара – параның ең қауіпті түрі дер едім. Себебі, ақшасы жоқ, білімді мамандар көлеңкеде қалып қояды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы елімізде 988 адам, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 257 лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталған. Пара беру бабымен 348 адам, пара алу бабымен 260 адам сотталған. Байқасаңыз, парақорлық – бір жақтың ойлап тапқан қылмысы емес, екі тараптың мәмілесі. Осындай мәміленің салдарынан 2024 жылы мемлекетке 486,1 миллиард теңге залал келген. Бұл – бір жылда жоғалған миллиардтар! Бұл салынбай қалған мектептер, жөндеу көрмеген жол, сапасыз көрсетілген қызмет, дұрыс іске аспаған әлеуметтік бағдарлама деген сөз!
Айтайын дегенім, пара беруге үйренген қоғам параны талап ететін жүйені өзі қалыптастырады. Яғни жемқорлықты өзіміз жасап, өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Оның салдарынан қызмет сапасы төмендейді, адал қызметкерлер шеттетіледі, адамдар әділдікке сенуден қалады. Түптеп келгенде, мұның бәрі билікке деген сенімсіздікті туындатады. Адамдарда парасыз жүйе құру мүмкін емес деген ой қалыптасады.
Жемқорлықпен күрес жалаң жиналыс өткізумен немесе «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» деген акциямен шектелмейді. Ол күнделікті қарапайым шешімдерден басталады. Иә, оның қиын екені рас. Бірақ, парасыз қоғамды бізге ешкім дайын күйде әкеліп бермейді. Сондықтан жемқорлықты тек жоғарыдан басталады деу мәселенің жартысын ғана көру. Ісіңізді тез тындыру үшін ұсынған бір қорап шоколад немесе «шай пұл» – жемқорлыққа бастайтын жол емес деп айта аласыз ба?
Дариға ДОСМАХАНБЕТ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті.
