ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ЖАДЫНДАҒЫ ҚАСІРЕТ ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚ

9 көрілім

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл — қазақ халқының жүрегінде қаралы әріптермен жазылған тарихи дата. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында халқымыз бұрын-соңды болмаған нәубетті бастан өткерді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, лагерьлер мен жазықсыз атылған азаматтардың тағдыры — ұлт тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі.

Бұл күн — өткенді еске алып қана қою емес, тарихтың ащы сабағынан тағылым алу күні. Өйткені өткенін ұмытқан ұлттың болашағы баянды болмайды.

1930-жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясаты қазақ халқын алапат ашаршылыққа душар етті. Байырғы көшпелі өмір салты бұзылып, халық малынан, кәсібінен айырылды. Соның салдарынан миллиондаған адам аштықтан қырылып, мыңдаған отбасы туған жерін тастап, босқынға айналды. Бұл — қазақ халқының демографиясына ғана емес, рухани болмысына да ауыр соққы болды.

Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, сол жылдары қазақ халқы санының едәуір бөлігінен айырылды. Даланың төсін үнсіздік жайлап, қаншама шаңырақ ортасына түсті. Аштық — тек табиғи апат емес, сол кездегі солақай саясаттың салдары еді.

Ашаршылықтан кейін ел басына саяси қуғын-сүргін нәубеті келді. 1937–1938 жылдары «халық жауы» деген жалған айыппен мыңдаған адам тұтқындалып, түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғындалып, оның 25 мыңнан астамы атылғаны — тарихи деректерде көрсетілген ащы шындық.

Қуғын-сүргіннің құрбандары қатарында қазақ халқының бетке ұстар зиялылары болды. Олар — елдің болашағы үшін күрескен, ұлттың санасын оятқан Алаш арыстары еді.

Әлихан Бөкейхан — азаттық идеясын ту еткен ұлт көшбасшысы. Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тіл білімінің негізін қалаған ұлт ұстазы. Міржақып Дулатұлы — «Оян, қазақ!» деп халық рухын көтерген қайраткер. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин секілді әдебиет алыптары да сол зұлматтың құрбанына айналды.

Олардың жалғыз «кінәсі» — туған халқын шексіз сүюі, елінің еркіндігін аңсауы еді. Алаш зиялылары ұлттың тәуелсіз, білімді, өркениетті ел болуын қалады. Алайда тоталитарлық жүйе оларды қауіпті күш ретінде көріп, көзін жоюға тырысты.

Саяси қуғын-сүргін тек жеке тұлғаларға ғана емес, тұтас отбасыларға ауыр зардап әкелді. Қазақстан аумағында АЛЖИР, ҚарЛАГ, СтепЛАГ секілді лагерьлер құрылып, онда мыңдаған жазықсыз адам азап шекті. Әсіресе АЛЖИР лагері аналардың көз жасы төгілген қасіретті орын ретінде тарихта қалды. Онда «халық жауларының әйелдері» деген жаламен кінәсіз аналар жазаланды.

Бұл лагерьлер — адам тағдырының аяққа тапталғанының, тоталитарлық жүйенің қатігездігінің дәлелі. Қаншама бала жетім қалып, қаншама отбасы ойран болды. Бірақ халық рухын ешкім жоя алмады.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан — сол боздақтардың аңсаған арманының жүзеге асқан көрінісі. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін білу — әр азаматтың парызы. Азаттық бізге оңай келген жоқ. Оның артында миллиондаған адамның көз жасы, тағдыры мен құрбандығы жатыр.

Саяси-қуғын сүргін құрбандарын  еске алу — тек тарихқа тағзым емес, келешек ұрпаққа аманат. Жастар өткеннің қасіретін білу арқылы елдің, жердің қадірін түсінеді. Бұл күн адам құқығының, еркіндіктің, әділдіктің қаншалықты маңызды екенін ұғындырады.

Бүгінде мемлекет деңгейінде жазықсыз жазаланғандарды ақтау, архив деректерін зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл — өткенге құрметтің белгісі.

31 мамыр — мұң мен тағзым күні. Біз жазықсыз жапа шеккен арыстардың рухына бас иеміз. Олардың есімі халық жадында мәңгі сақталуы тиіс. Өйткені тәуелсіздік — өздігінен келген бақыт емес, ол — ұлт үшін жанын қиған боздақтардың аманаты.

Еліміз мұндай қасіретті енді ешқашан көрмесін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк туымыз мәңгі биік болғай!

Киізбаева Айнұр Сансызбайқызы,

Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы