ТҮРКІСТАН: «БАРЛЫҚ ЖҮРЕКТЕ МЕЙІРІМ БАР» – 2

1 көрілім

– Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын таба ма? Әлде, жобаны жетілдіруді не болмаса ұқсас жобаны қолға алу ойда бар ма? 

– Ең басты жетістігім – осы жобамның жалғасын тауып келе жатқандығы және жобаға ниет білдіріп қатысқысы келетіндер маған шабыт береді. Осынау жобаның аясында «Арман қанат» деген қоғамдық қор құрылды. Жақында «Сен ерекшесің» атты медиа жоба ашылып жатыр. Онда өнерге икемі бар балалар фотосессияға қа­тысады. Соның арқасында олар бойын­дағы комплекстен арылып, Оқушылар сарайына барып, қолөнерге, ән, хор, би үйірмелеріне қатысып, облыстық, респуб­ликалық жарыстардан жүлделі орындар алып жүр. Бастысы, балаларда сенімділік пайда бола бастады. Болашаққа деген сенімі артып, тіпті аналары балаларының қабілетінің барына көзі жетіп, қуана бастады. Фотосессияны көріп «мәссаған, менің балам не деген сүйкімді, жанып тұр ғой» деп талайы айтты. Баласының бас­қаша қабілетімен танылуына аналар да үміттенеді. Түңіліп отыра бергеннен не пайда?!

Айта кетер жетістігім, жобамның арқа­сында Президенттің «Шапағат» медалімен марапатталдым. Бұл жобаға ешқандай қаржы қаралмаған, медаль үшін ешқандай жұмыс істеген жоқпын. Бар болғаны ерек­ше балалардың басынан сипап, қайырым­ды жандардың арқасында олардың тілегі­нің орындалуына себепкер болып жүрмін. Медальді лайықты деп берсе, демек бұл – менің жетістігім. Бұл – маған үлкен жауапкершілік. 

Қоғамдағы әттеген-ай деген тұстарға ке­лер болсам, көбіне пайдасын халық көр­мейтін, 1-2 аптада ұмытылып кететін жо­ба­ларға қаржыландыру көп. Ал осындай медиа жобаларға жергілікті әкімдіктерден қолдау керек қой, көбіне қолдай бермейді. Болар-болмас қаржы көрсетеміз, соның өзіне қолдау таппай жатамыз. Созақ, Ордабасы ауданы және Кентау, Түркістан қаласы әкмідігіне алғыс білдіргім келеді. «Сен ерекшесің» медиа жобасына қатыс­қан балалардың, ата-аналарының қуанған­дары, алған әсерлері неге тұрады?! Көпке дейін естерінен кетпей, өмірінің бір жар­қын сәті болып қалар еді… Жалпы, жоба­мен айналысқаныма ешқашан өкінген емеспін. Иә, «Не керек саған, ақша төле­мейді, не пайдасы жоқ, не істейсің мұны?» деп айтып жататындар бар. Балапандар көз алдымда, олардың қуанып жатқанның өзі неге тұрады?!

– Жоба арқылы адамдарға, қоғамға деген көзқарасыңыз өзгерді ме, нендей нәрсеге көз жеткіздіңіз? Қоғамда қайырым­ды жан көп пе екен, әлде…

– Дәл қазір менің WhatsApp желісіндегі тобымда 200-ден аса ана отыр. Олардың барлығының да көзқарасы өзгеріп, бір нәрсемен айналысқысы, балаларын да үйірмелерге қатыстырғысы келеді. Сосын менің бауырларым, жақындарым, туыс­тарым, достарым – бәрінің де әжептеуір көзқарастары өзгерді. Ерекше жандарға мүсіркеп қарамайды, оларды мықты жан­дар деп қабылдап, «олардан үйренеріміз, аларымыз көп екен ғой» деген ой қалып­таса бастады. Көзқарастарды өзгерте алға­ным – бұл да менің жетістігім. Барлық жүректе мейірім бар, тек оята білу керек. Оларды қуанта алатындай мүмкіндік беріп жатқаным үшін алғысын білдіретін демеу­ші көп. Жалпы, қайырымды жандар бар­шылық. 

Алғашында жобамызды жазғы маусым демалысы кезінде жүргіземіз деп бастадық. Бірақ арманды орындаймын деушілердің қатары көбейіп, біртіндеп қыркүйек, қазан айларына жалғасып кете берді. Осы уақытқа дейін 28 мәрте өткен іс шарада 600-ге жуық баланы қуантып, тілектерін орындадық. Әрі қарай жалғасын табады деген үміттеміз. Қыс ауасында 2 айға үзіліс аламын. Дегенмен соның өзінде «Қашан басталады, басталғанда айтыңыз?» деп сұрап жүргендер көп. Бір баланың тілегін орындайық деген ниеттілер саны артуда. Одан басқа жоғарыда айтып өткен «Сен ерекшесің» деген жобаны аудандарда өткізуді жоспарлап жатырмыз. Себебі бас­қа да шалғайдағы аудандардан бала­ларымыз қатысса деген сұраныс көп түсіп жатыр. Әзірге қолдау күтіп отырмыз. 

– Жалпы, шығармашылықтың адамы­сыз. Ақынсыз бірқатар өлеңіңіз бар. Әндеріңіздің басым бөлігі лирикалық деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Бұл жанр неге жаныңызға жақын? Әлі де өлең жазасызба? «Жамбы өлең» дейтін көркемсөз байқауын ұйымдастырған екенсіз. Қазір ерекше бала­лармен жұмыс жүргізіп, жобаны сол бағытқа бұрдыңыз. Қай жоба көбірек жаныңызға жақын? 

– 2017 жылы «Жамбы өлең» деген жыр жинағы жарық көрді. Онда біраз өлеңім жинақталып шықты. Шыны керек бала­лармен көп жұмыс істегеннен кейін ба­лауса жүректерге тез жол табатын өлеңдер жазғанды жақсы жолға қойған сияқтымын. Бірақ осы жобаларға назарды көбірек аударып жібердім бе, қазір менде жазу деген кенжелеп қалды. Қарап отырсам, өлеңді көбіне қуанып отырғанда емес, жабырқау кездері жазады екенмін. 5 ұл-қызым, қолдау көрсетіп отырған жұбайым бар. Отбасындағы қиындықтың бәрін жолдасым екеуміз бірге көріп, атқарып, еңсеріп келеміз. Жолдасым қолдаудан ешқашан шет қалған емес. Сәбилерімізбен пәтерден пәтерге жүрген күндердің де өзіндік сабақтары болады. Қазір шүкір жағдайымыз дұрысталды. Өзің қалаған іске кіріссең бәріне үлгеруге болады. Өлеңді алдағы уақыттары жалғастырамын деп ойлаймын. Иә, шығармашылық кештерімді ұйымдастырып беріп жатқан мәдениет орындары, мектептер бар. Өлеңді жақсы көремін, жатқа айтпасам да оны оқығанды ұнатамын. Қазіргі ақындар­дан теріп, талдап оқимын. Ұлықбек Есдаулет, Бекарыс Шойбек, Қалқаман Сарин сынды белгілі ақындар өлеңдеріме оң пікір қалдырғанда әжептеуір марқайып қаламын. Дегенмен шығармашылықтан гөрі ерекшелігі бар балалармен жұмысқа көбірек бет бұрып кеткен сияқтымын. Алдағы уақытта екеуін қатар алып жүремін деп ойлаймын. Себебі әрі қарай шәкірт тәрбиелейтінім айқын. Шәкірттеріме кі­тап оқуды, өлең оқығанды насихаттаймын. Олардың да менің жобама қатысып, ойын жақсы ниетке бұруға бағдар бергім келеді. 

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы