«Армандар орындалады» атты қайырымдылық жобасының негізін қалаушы түркістандық Әсел Бимырзаева да сондай құшағы кең, жүрегі жұмсақ жан. Өзі мектепте балаларға білім бере жүріп, ерекше жандарға қомқорлық көрсетіп жүретін Әсел Маханбетқызының бүгінде жеткен жетістігі де көп.
– Әсел Маханбетқызы, өзіңіз мектепте балаларға дәріс бере жүріп, ерекше балаларға қамқор болу жобасын қоса атқарып келесіз. Әрине, екеуі де балалармен жұмыс дегенмен жүрекке салмақ салатын тұстары бар. Сізге қиындық тумай ма? Мектептегі жұмыстарыңызға кедергісі жоқ па? Жалпы, ерекше балаларға қамқорлық жасауға арналған «Армандар орындалады» жобасын бастау идеясы қайдан келді?
– Иә, Түркістан қаласындағы №17 Ататүрік мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Жалпы, балалармен жұмыс істеу өзіме қатты ұнайды. Сондықтан болар олармен нәтиже көрсетуге барынша кірісемін. Балалармен жұмыс істеп жүргеніме 12 жыл болыпты. Осынау жылдан бері әлі күнге дейін үйден оқитын балалардың жағдайын көріп, олармен тілдесіп, араласып жүріп оларға не жетіспейтінін байқап, осындай ойға келдім. Жасыратыны жоқ, өзімнің бір перзентім де сондай үйде оқитындардың қатарында еді. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та мен бұл балапандардың жағдайын жетік түсінемін, балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек екенін білемін. Сабақтан тыс уақытта қастарында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман-мақсаттарын тыңдаймын. Үйде оқитын бір балапанның жалғыз ғана арманы маған идея берді. Ол қазір 17-де. Сол жылдары зерттеу жүргіздім, дені сау балаларға арналған шара өте көп екен – спартакиада, конкурстар, байқаулар. Ал ерекше балаларға арналған шаралар аз және көбісінде «өткізсек болды» деген мағынадағы шаралар екен. Олардың жан толғаныстарына ешкім назар аудармапты. Мына жерде бір нәрсе дұрыс емес, бұған бір өзгеріс жасауға болмай ма деген ой кетпей қойды. «Армандар орындалады» жобасын қолға алып, ерекше балалардың арманын қағаз бетіне түсірдім. Арманы жазылған бірнеше қағазды өңірдегі елдің алдында жүрген азаматтарға апарып, оларға біреуін таңдатып, ондағы жазылған арманға қол жеткізуіне себепші бола бастадым. Бұл дәстүр айына 10 баланың тілегін орындап отыруға ұласты.
Иә, жүрекке салмақ түсіретіні рас, жоба басталған алғашқы жылдары балаларды көріп жылап қала беретінмін. Кейін түсіндім «мен көз жасымды көрсетпейін, балаларды мұнда қолдау үшін кішкене болса да оларға демалыс сыйлайын» деп шақырдым ғой деген ой келді. Түркістан қаласынан ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен келетіндер бар. Өз мамандығым бойынша жұмысты сүйіп істегендіктен, екеуін қатар алып жүру қиынға соқпайды. Оның үстіне мектеп директорымыз Рахила Кенжебекқызы үнемі қолдау білдіріп отырады. Мектептегі жұмысымның тысқары қалып кетпеуін де талап етіп отырады. Жыл сайын оқушыларым қалалық, облыстық олимпиадаларда топ жарып, жеңіспен оралып жатады.
– Ерекше балалардың негізгі арманы не екен?
– Олардың тілек-армандары өте қарапайым және әртүрлі. Олар қазіргі дені сау балалар сияқты iPhone, мопед сұрамайды. Мысалы, ән айтқанды жақсы көретін көзі көрмейтін балапанымыз дауыс ұлғайтқышымен музыкалық орталық сұрады. Тепе-теңдікті сақтап жүре алмайтын ерекше бала өздеріне арналған арнайы үш аяқты велисопедті армандайды екен. Біреулері бар болғаны өз диваным, глобусым болса деп тілек жазады. Армандар көбіне өз диагноздарына байланысты болып келеді. Біреуі «әкем жаңа жылда қызыл көйлек әперем деген еді, маған қызыл көйлектің керегі жоқ, әкемді кайтарып беріңіздерші, әкемнің жанымда болғанын қалаймын» деп жазыпты. Жүрек ауыртатын осындай хат көп. Анасынан сұрай келе әкесінің темір торда екенін білдік. Әрине, әкесін қайтаруға мүмкіндігіміз болмады. Бірақ қызыл көйлек әперген демеушіміз «әкең алып беріп жіберді» деп айтыңыздаршы деді. Тіпті, доп сұрайтындар да бар. Жалпы, көбісінің тілегі «ешкім ауырмаса екен» деп жазады. Олардың армандары – осындай қарапайым дүниелер.
