Мемлекеттік тіл – елдің рухани тірегі, ұлттың айнасы. Қазақ тілінің қоғамдағы беделі мен қолданыс аясын кеңейтуде жарнаманың рөлі ерекше. Өйткені жарнама – күнделікті өмірде жиі кездесетін ақпарат құралдарының бірі. Көше бойындағы маңдайшалар, дүкен атаулары, хабарландырулар мен жарнамалық мәтіндер халықтың тілдік мәдениетіне тікелей әсер етеді. Елімізде деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабымен реттеледі. Алайда осы талаптарға мән бермейтіндер әлі де аз емес.
Жарнамалар көбіне екі тілде орналастырылғанымен, қазақ тіліндегі мәтіндерде қателер жиі кездеседі. Кейде жарнамалардың тек орыс тілінде ғана жазылатынын да көріп жүрміз. Мұндай кемшіліктердің орын алуына кейбір кәсіпкерлердің ҚР «Жарнама туралы» Заңы талаптарын сақтамауы және тиісті мекемелерден келісім алмауы себеп болып отыр.
Түркістан қаласында заңды түрде тіркелген жарнама агенттіктері жарнама мәтіндерін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің келісімімен жүзеге асырады.
Сауатты жазылған жарнама – біріншіден, кәсіп иесінің беделі мен табысының кепілі, екіншіден, мемлекеттік тілдің абыройы. Себебі қалаға келген қонақтар мен шетелдіктердің назары алдымен көше бойындағы жарнамаларға түсетіні сөзсіз.
Әсіресе, шетел азаматтарының қай елде жүргенін сезінуі үшін жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуы маңызды. Сонымен қатар жарнаманың мемлекеттік тілде жазылуымен қатар, оның сауатты аударылуына да ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бүгінде көптеген қателіктер аударма барысында кездесуде.
Бұл – өзге тілден мәтінді қандай да бір автоматты құрылғылар мен бағдарламалардың көмегі арқылы тікелей аудара салудың салдары. Сөздердің орынсыз қолданылуы, сөйлемдердің дұрыс құрылмауы немесе шала аудармалар мемлекеттік тілдің беделіне нұқсан келтіреді. Мұндай олқылықтар тіл мәдениетінің төмендеуіне ғана емес, қоғамның қазақ тіліне деген теріс көзқарасының қалыптасуына да әсер етеді.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Түркістан қаласында ай сайын жеке кәсіпкерлерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жыл басынан бері қала аумағындағы 392 көрнекі ақпарат пен жарнамаға талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ҚР «Тіл туралы» Заңы талаптарына сәйкес келмеген 32 ас мәзірі мен 7 сыртқы жарнама ретке келтірілді. Егер жеке кәсіпкер заң талаптарын назарға алмаса, ҚР «Тіл туралы» Заңын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ескерту алған кәсіпкер алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеуге тырысады.
Тіл сауаттылығына мән бермеу тіл мәдениетінің төмендеуіне әкеледі. Ал сауатты жазылған жарнама халыққа түсінікті, тартымды әрі әсерлі болады. Ол мемлекеттік тілдің көркемдігін, сөз байлығын және мағыналық тереңдігін танытып, азаматтардың ана тіліне деген құрметін арттырады. Сондықтан жарнама мәтіндерін әзірлеу барысында тіл мамандарының кеңесіне жүгініп, әдеби тіл нормаларын сақтау аса маңызды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоғамдық орындарда тіл тазалығын сақтау басты назарда болуы тиіс. Жарнама сауатты жазылған жерде тіл мәдениеті қалыптасады. Ал тіл мәдениеті жоғары қоғамда мемлекеттік тілдің мерейі әрдайым үстем болады. Мемлекеттік тіл – елдің рухани тірегі, ұлттың айнасы. Сондықтан оның қоғамдағы беделін арттыру – баршамыздың ортақ парызымыз.
Қадырболат Мұсағалиев,
Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.
