АРМАНҒА АДАЛДЫҚ – ТАБЫСҚА БАСТАР ЖОЛ

53 көрілім

Қазіргі таңда жастардың арасында өз кәсібін сүйіп, еңбегі арқылы биік белестерді бағындырып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Түркістан қаласының тумасы, 22 жастағы жас бас аспаз Сыздықов Бекзат Маратұлы. Бекзаттың айтуынша, бас аспаз болу – оның бала күнгі арманы. Ол кішкентай кезінен-ақ ас үйге қызығушылық танытып, түрлі тағамдар дайындауға құмар болған. Үйде әзірлеген тағамдарының дәмін көрген отбасы мүшелері оның еңбегін бағалап, үнемі қолдау көрсетіп отырған. Бұл жасөспірім Бекзатқа шабыт беріп, болашақ мамандығын таңдауға ықпал еткен.

«Алғаш жасаған тағамдарымның қатарында манты мен пельмень тағамдары болды. Сол кезде-ақ аспаздыққа деген қызығушылығым ерекше еді», – дейді ол. Дегенмен, бұл салаға қадам басқанда қорқыныштың да болғанын жасырмайды. Әсіресе, дайындаған тағамдарының көпшілік көңілінен шықпай қалуы мүмкін деген ой жиі мазалаған. Алайда уақыт өте келе тәжірибе мен еңбек оның бойындағы сенімсіздікті жеңуге көмектескен. Бекзат еңбек жолын небәрі 15 жасында кафеде көмекші болып бастаған. Қарапайым көмекшіден бас аспаз дәрежесіне дейін көтерілу оңай болмағанын айтады. Оның сөзінше, бұл жолда төзімділік, сабырлық және қажырлы еңбек басты рөл атқарған. Жас маман Түркістан мен Алматы қалаларындағы түрлі кафелерде жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтаған. Бүгінде ол Түркістан қаласындағы «Балу» кафесінде бас аспаз қызметін атқарады. Оның жетекшілігімен ас үй ұжымы жұмыс істейді.

«Жас бола тұра ұжымды басқару оңай емес. Ол үшін көшбасшылық қасиет қажет. Кей жағдайда қатал, кей жағдайда жұмсақ бола білу керек», – дейді Бекзат.

Бекзаттың кәсіби шеберлігін әріптестері де жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, жас болса да, оның көшбасшылық қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиеті ерекше. Ас үйдегі жұмыс қарқыны күшейіп, бір мезетте көптеген тапсырыс түскен жағдайда Бекзат сабыр сақтап, жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыра біледі.

«Бекзат кез келген күрделі жағдайда абдырап қалмайды. Тапсырыстар қаншалықты көп болса да, барлығын рет-ретімен бөліп, ас үй қызметкерлерінің жұмысын үйлестіреді. Соның арқасында тағамдар уақытылы әрі сапалы дайындалып, қонақтардың көңілінен шығып жатады», – дейді оның әріптестері.

Сондай-ақ олар Бекзаттың әр тағамның дәмі мен сапасына ерекше мән беретінін атап өтті. Қарбалас сәттердің өзінде тағамдардың сапасын төмендетпей, жоғары деңгейде әзірлей білуі оның кәсіби біліктілігін көрсетеді. Әріптестерінің пікірінше, дәл осы жауапкершілігі, еңбекқорлығы және ұжымды дұрыс ұйымдастыра білуі жас маманның бас аспаз дәрежесіне көтерілуіне негіз болған.

Бекзаттың табысты еңбек жолы – арманға адалдық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Ол бүгінде тек кәсіби маман ғана емес, ұжымын соңынан ерте алатын білікті көшбасшы ретінде де танылып келеді.

Қазіргі таңда оның дайындаған тағамдарын арнайы келіп тататын тұрақты қонақтары қалыптасқан. Мұны ол өзінің ең үлкен жетістіктерінің бірі деп есептейді. Сонымен қатар еуропалық тағамдар мәзірінде өзінің авторлық тағамдары да бар. Бекзат ай сайынғы табысының шамамен 500-600 мың теңгені құрайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл -өзінің жасы мен Түркістан қаласының жағдайын ескергенде жақсы көрсеткіш.

«Бұл табысқа жету үшін көп еңбек еттім. Сондықтан оны өз жетістігім деп санаймын», – дейді жас аспаз.

Болашақта Бекзат өз мейрамханасын ашуды армандайды. Ол қазақ және еуропалық асхананың үздік үлгілерін ұсынатын ерекше орын қалыптастырғысы келеді.

Арсен МАККАН,

Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы