Кітап – ұлттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы еліміздегі кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды құжаттардың бірі болды. Бұл бастама кітапхана саласы мамандарына зор жауапкершілік жүктеп, оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға тың серпін беріп отыр.
Кітапхана – қоғамның рухани сұранысын қанағаттандыратын маңызды мәдени-танымдық орталық. Ал кітапхана қоры – оның басты байлығы. Сондықтан кітап қорын сапалы толықтыру, оқырман сұранысына сай әдебиеттермен қамтамасыз ету бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.
Президент Жарлығында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетті насихаттау, кітапханаларды жаңғырту және жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда кітап қорын толықтыру жұмыстарының маңызы зор. Өйткені оқырманның кітапханаға деген қызығушылығы қордағы әдебиеттердің мазмұны мен сапасына тікелей байланысты.
Кітап қорын толықтыру бөлімінің маманы ретінде оқырман сұранысын зерделеу, жаңа басылымдарды саралау, әдебиеттерді жүйелі түрде іріктеу және қорды заманауи талаптарға сай жаңартып отыру жұмыстары күнделікті қызметіміздің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде оқырмандар көркем әдебиетпен қатар тарихи-танымдық, ғылыми-көпшілік, балалар әдебиеті, психология, тұлғалық даму және цифрлық технологиялар бағытындағы кітаптарға ерекше қызығушылық танытуда.
Жарлықта көрсетілген зерделі ұлт қалыптастыру мақсаты кітапханалардың қызметімен тығыз байланысты. Себебі кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес, білім мен мәдениеттің, ой мен ізденістің ордасы. Қорға келіп түсетін әрбір жаңа кітап болашақ оқырманның дүниетанымын кеңейтуге, білімін арттыруға қызмет етеді.
Қазіргі таңда кітапхана қорын толықтыру барысында ұлттық әдебиетке, отандық авторлардың шығармаларына және жас қаламгерлердің еңбектеріне басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде қазақ әдебиетінің дамуына қолдау көрсетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының бастамасы кітапханалардың қоғамдағы рөлін айқындап, кітаптың құндылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Осы игі бастаманы жүзеге асыру жолында кітапхана мамандары оқырман сұранысына сай сапалы қор қалыптастыруға, кітап оқуды насихаттауға және рухани құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қоса береді.
Кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ал зерделі ұлттың қалыптасуы кітапқа деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан Президент Жарлығы кітапхана саласының дамуына ғана емес, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық құжат ретінде бағаланады.
М.Әмзеева,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері
