17 ЖАСЫНДА ТАБЫСҚА ЖЕТКЕН МОБИЛОГРАФ

762 көрілім

Тұрсын Әділ Ғалымжанұлы бүгінде 17 жасында-ақ өз еңбегімен табыс тауып, мобилография саласында танылып келе жатқан жас маман. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ай сайын жүздеген мың теңге табыс табатын ол қазіргі жастарға жаңа мүмкіндіктердің есігі ашық екенін дәлелдеп отыр.

Әділ биыл мектеп бітіріп, алдағы уақытта Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсуге дайындалуда. Оның мобилографияға қызығушылығы әлеуметтік желіден басталған. Instagram мен TikTok платформаларынан түрлі видеолар көріп, бұл саланың қыр-сырын зерттей бастаған жас жігіт туған күнінде iPhone 14 Pro телефонын сыйлыққа алғаннан кейін алғашқы қадамын жасайды.

– Әлеуметтік желіден мобилография туралы көп көретінмін. Кейін телефон алған соң арнайы курстар сатып алып, білімімді жетілдірдім. Бүгінде бұл кәсіп маған көптеген мүмкіндік сыйлап отыр. Ең бастысы – қаржылық тұрғыдан тәуелсіз бола бастадым, – дейді ол.

Алғашында Әділ тек тәжірибе жинау үшін түрлі видеолар түсіріп жүрген. Бір күні оның видео сабақтар оқып жүргенін байқаған досы қоныс тойын түсіруге шақырады. Осылайша алғашқы тапсырыстары келе бастайды.

Жас мобилографтың айтуынша, бастапқы кезде отбасы мен достары бұл істі ұзаққа созбайды деп ойлаған.

– Көпшілігі «бір-екі айдан кейін жалығып кетеді» деп ойлады. Бірақ мен бұл істі шын көңілмен таңдадым және үздіксіз дамуға тырыстым, – дейді Әділ.

Қазіргі таңда ол айына орта есеппен 500-700 мың теңге көлемінде табыс табады. Ал ең ірі тапсырысы биылғы 25 мамырда өткен соңғы қоңырау іс-шарасын түсіру болып, одан 200 мың теңге пайда тапқан.

Тапқан табысын да ұтымды жұмсауға дағдыланған. Айтуынша, кірісінің 50 пайызын депозитке жинақтап, қалған бөлігін өз қажеттіліктеріне пайдаланады.

Кез келген кәсіптің өз қиындығы болатыны белгілі. Әділ де жұмыс барысында түрлі түсініспеушіліктерге тап болғанын жасырмайды.

– Алғашқы кезде кейбір мәселелер туындап тұрды. Бірақ тәжірибе жинақтап, клиенттермен дұрыс жұмыс істеуді үйренген соң ондай жағдайлар азайды. Қазір тапсырыс берушілермен жақсы қарым-қатынас орнатқанмын, – дейді ол.

Бір қызығы, мобилографиямен қатар Әділ ұлттық бірыңғай тестілеуге де тыңғылықты дайындалып жүр. Оның күн тәртібі нақты жоспарланған.

– Таңертең ерте тұрып ҰБТ-ға дайындаламын. Кейін жұмыстарымды атқарып, тапсырыстарға шығамын. Екеуіне де уақыт тауып жүрмін, – дейді жас маман.

Оның пікірінше, қазіргі таңда мобилография саласында бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан бұл салада тек сапалы жұмыс пен жауапкершілік қана жетістікке жеткізеді.

Дегенмен Әділ мобилографияны болашақтағы негізгі мамандығы ретінде қарастырмайды. Ол бұл саланы тәжірибе жинап, қаржы табудың тиімді жолы деп есептейді.

– Бұл мен үшін уақытша кәсіп. Болашақта кәсіпкер болғым келеді. Бірақ мобилография маған еңбек етуді, адамдармен жұмыс істеуді және жауапкершілікті үйретті, – дейді ол.

Әңгіме соңында жас мобилограф бұл салаға енді қадам басып жатқан жастарға кеңесін де айтты.

– Жұмысқа әрдайым жауапкершілікпен қарау керек. Тапсырысты арзан немесе қымбат деп бөлмей, сапалы орындауға тырысқан жөн. Ал жаңадан бастағандарға тәжірибе жинау үшін тегін түсірілім жасаудан қашпауға кеңес беремін. Адамдар сізді танып, жұмысыңыздың сапасын көрген сайын тапсырыстар көбейеді. Ең бастысы – асықпау. Кез келген жетістікке уақыт керек, – дейді Әділ. Жас болса да өз кәсібін дөңгелетіп, табыс табудың жолын тапқан Әділдің оқиғасы еңбек пен ізденістің арқасында кез келген мақсатқа жетуге болатынын көрсетеді.

Бақытхан САПАРОВ,

Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы