Қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар, ұлттың рухани тынысымен бірге жасап келе жатқан басылымдардың бірі – “Жас Алаш” газеті. Биыл осы басылымның жарық көргеніне 105 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт бойы халықтың мұң-мұқтажын, қоғамның тыныс-тіршілігін, елдің рухани сұранысын жеткізіп келе жатқан бұл газет қазақ журналистикасының маңызды мектебіне айналды. “Жас Алаш” газетінің тарихы 1921 жылы жарық көрген “Лениншіл жас” газетінен бастау алады. Алғашында жастардың қоғамдық-саяси, мәдени ой-пікірін қалыптастыруды мақсат еткен басылым уақыт өте келе ел өміріндегі өзекті мәселелерді көтеретін, халыққа бағыт-бағдар беретін беделді газетке айналды. Тәуелсіздік жылдарында газет “Жас Алаш” деген тарихи атауына қайта оралып, ұлттық рухты, елдік мүддені алға қойған басылым ретінде жаңа кезеңге қадам басты. Бұл атаудың өзі – Алаш қозғалысының идеяларымен, қазақ зиялыларының ұлт болашағы жолындағы күресімен сабақтас. Сондықтан “Жас Алаш” тек ақпарат құралы ғана емес, ұлт руханиятының айнасы, қоғамдық пікірдің мінбері болып қалыптасты. Газет бетінде әр кезеңде қазақтың көрнекті қаламгерлері мен журналистері еңбек етті. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеріп, шындықты жазудан тайсалмады. Соның арқасында “Жас Алаш” оқырман сеніміне ие болып, көпшіліктің сүйікті басылымдарының біріне айналды. Бүгінде “Жас Алаш” газеті уақыт талабына сай жаңарып, ақпарат кеңістігінде өз орнын сақтап келеді. Газет бетінде саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар мәдениет, әдебиет, білім, жастар тақырыбы кеңінен қамтылады. Бұл – басылымның рух пен ақпаратты ұштастыра білгенінің айқын көрінісі. 105 жылдық тарихы бар “Жас Алаш” – талай буынның рухани серігі, ел өмірінің шежіресін жазған басылым. Уақыт өзгерсе де, газет көтеретін негізгі құндылық – ұлт мүддесі, шынайы ақпарат пен рухани сабақтастық болып қала бермек. Ғасырдан асқан тарихы бар басылым алдағы уақытта да оқырман сенімін ақтап, қазақ журналистикасының дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Балнұр ПЕРНЕХАН,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері
