Түркістан қаласында алдағы республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жауапты мемлекеттік органдар мен референдум комиссиялары дауыс беру процесін заң талаптарына сай әрі ашық өткізу үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шараларды пысықтап жатыр. Бұл жұмыстар азаматтардың өз конституциялық құқықтарын еркін жүзеге асыруына мүмкіндік беруді көздейді.
Түркістан қаласында республикалық референдумды өткізуге 65 референдум учаскелері дайындалған, оның ішінде 2 жабық учаске бар. Референдумды ұйымдастыруға қала бойынша 528 комиссия мүшесі тартылған. Олардың 94,5 пайызы әртүрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар.
Қалада 134 094 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Сонымен қатар 1704 ерекше қажеттілігі бар сайлаушы тіркелген. Олардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін 65 Референдум учаскелерінде Брайль қарпімен жазылған дауыс беруге арналған бюллетень трафареттері, сондай-ақ арба пайдаланатын азаматтар үшін ыңғайлы биіктікте орналастырылған, үлкен қаріппен жазылған ақпараттық стендтер қарастырылған. Сонымен қатар, қол арба пайдаланатын азаматтар үшін бейімделген кабиналар және компьютер, үлкейткіш әйнек пен қосымша жарықтандыру құралдарымен жабдықталған арнайы бұрыштар қарастырылған. Қазіргі науқанның ерекшелігі әрбір референдум учаскесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтіндік нұсқасымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасы да қолжетімді болуында.
Референдум учаскелеріне бюллетеньдерді жеткізу, күзету, дауыс беру күні қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі және сайлаушыларды тасымалдау мәселелері пысықталды.
Тұрғындарды ақпараттандыру түрлі коммуникация арналары арқылы жүзеге асырылуда. Азаматтарға референдум туралы ақпарат қамтылған QR коды бар дербес шақыру қағаздары 27 ақпан мен 4-ші наурыз аралығында таратылды. Дауыс беру күні азаматтардың дауыс берушілер тізімінде бар-жоғын тексеру және уақытша тіркеу бойынша екі онлайн-сервис жұмыс жасап тұр.
ҚР Орталық Референдум Комиссиясының төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Түркістан облысындағы референдум учаскелерінің дауыс беруді өткізуге дайындығын және олардың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып қайтты. Тексеру барысында учаскелердің жабдықталуы, дауыс беруге арналған кабиналардың орналасуы, ақпараттық баннерлер мен көрнекі материалдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайлар қаралды.
Сондай-ақ есептен шығару куәлігі бойынша да халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Есептен шығару куәлігі – азаматқа өзінің тіркелген учаскесінен тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік беретін құжат. Яғни, егер азамат тұратын жерін өзгерткен болса немесе басқа елді мекенде болатын жағдай туындаса, өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша түрде өтініш жазып, оған комиссия есептен шығару куәлігін табыс етеді. Сол куәлік арқылы өзге учаскеде дауыс бере алады. Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді.
Азамат 15 наурыз — дауыс беру күні тұрғылықты жерін ауыстырса немесе өз учаскесінде бола алмаса, ол есептен шығару куәлігін алу арқылы басқа учаскеде дауыс бере алады. Есептен шығару куәлігі 27 ақпаннан бастап беріп жатыр. Ал оны беру 14 наурыз күні сағат 18:00-де тоқтатылады. Азамат дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Жеке куәліктің электрондық нұсқасын да ұсынуға болады. Учаскелік референдум комиссиясы азаматты республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізеді. Осыдан кейін оған дауыс беруге арналған бюллетень беріледі. Есептен шығару куәлігі бір рет қана пайдаланылады және азамат дауыс берген учаскеде қалады. Өкінішке қарай, жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді. Сонымен қатар бұл куәлік бір елді мекеннің, яғни Түркістан қаласы ішіндегі басқа учаскеде дауыс беру үшін берілмейді.
Қазіргі таңға 5 мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 21 байқаушы аккредиттелді: Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Түркі академиясы. Бұған қоса, тағы 15 мемлекет және халықаралық ұйымдар, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы (ТМД ПАА) және Түркі академиясы өздерінің аккредитациялау туралы өтінімдерін Орталық референдум комиссиясына жолдады.
Сонымен қатар қаладағы референдум учаскелеріне отандық аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен комерциялық емес ұйымдардың 280-нен аса байқаушылары қатысады деп күтілуде.
Түркістан облыстық және қалалық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу және өткізу шеңберінде учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне арналған 4 каскадтық тәсілде оқу-семинарлары өтті. Осы іс-шараларға 65 референдум учаскелерінен 521 учаскелік комиссия мүшесі қатысты.
5 ақпан күні Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен Түркістан қалалық аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысқан семинар өтті. Күн тәртібінде «Референдум күнгі референдум комиссиясы мүшелерінің іс әрекеті туралы», «Референдумда қолданылатын онлайн-сервистер туралы» мәселесі қозғалып, учаскелік комиссия мүшелеріне арналған «Сұрақ-жауап викторинасы» ойыны ұйымдастырылды. 15 наурыз күні өтетін референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша өзара пікір алмасты. Түркістан қаласы учаскелік референдум комиссиясының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары тестілеуден өтті.
Біздің басты міндетіміз – дауыс беруді заңнамаға сәйкес өткізу, электораттық науқанның барлық кезеңдерінде жариялылық пен ашықтықты, қоғамдық және өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Баршаңызды 15 наурыз күні өз учаскелеріңізге келіп, республикалық референдумда дауыс беріп, белсенділік танытуға шақырамыз!
Түркістан қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрғасы Бердіқұлов Қайрат Маханбетұлы.
