Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік салтанатты кеш өтті. Анаға деген құрмет пен алғысқа толы бұл кешке қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері, көпбалалы аналар, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты.

Мерекелік шара Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры әртістері сахналаған әсерлі прологпен басталды. «Ана – өмір шуағы» деп аталған көрініс ананың мейірімі мен өмірдегі орны туралы терең ой салды. Сонымен қатар «Яссы» және «Әгугай» би ансамбльдері сахналық қойылым ұсынып, кештің көркін аша түсті. Көрермендерге заманауи 3D бейне мен жасанды интеллект көмегімен әзірленген көрнекі контент ұсынылып, мерекелік кеш ерекше форматта өтті.

Салтанатты жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті. Сондай-ақ, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар аналар мен нәзік жандыларға арнайы марапаттар табыстады. Олардың қатарында Ұлы дала елі орталығының басшысы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Гүлжанат Дүйсенбаева, мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Манат Бейсебаева, қоғам белсендісі, ұстаз Әдемау Толысбаева, М.Әбенова мектебінің мұғалімі Айсұлу Райымбекова секілді қаламызға белгілі азаматшалар бар.
Кеш соңы өнер мерекесіне ұласып, сахнада танымал әншілер өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Атап айтсақ, түркістандық нәзік жандялар құрметіне елімізге белгілі өнерпаздар Еркін Нұржанов, Бақытжан Мұстафаев, Асан Пердешов, Сырым Исабаев өздерінің жүрекжарды тілектері мен әсем әндерін тарту етті.
«Түркістан-ақпарат»
