Халқымыздың мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына тамыз айының 28-жұлдызында 95 жыл толады. Осыған орай «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық мұражайының ұйымдастыруымен «Рух сардары» тақырыптық жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты жиынды «Әзірет Сұлтан» музей-қорық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков сөз сөйлеп ашып, қос музейдің бірлескен мәдени жобасының рухани маңызына тоқталып, алыстан ат арытып келген әріптестерге алғыс айтты. «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы Өзағаңның халқымыздың мәдениетін, өнерін, ұлттық құндылықтарын дамытуға, соның ішінде Торғай өңірінің дамуына қосқан үлесін талдап-талдап айта келіп:
– Музейімізде «Үйдегі мәдени құндылық деген жоба бар. Сол жоба аясында көптеген жәдігерлерге қол жеткіздік. Кезінде атағы дүркіреген «Шертер» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің сыйға берілген шертері, сазсырнайы және ансамбльдің әр өңірлерге гастрольдік іс сапарларға барған кездегі афишалары, ансамбль мүшелеріне арналып тігілген киімдердің Өзағаңның өз қолымен сыздырған эскиздері, тіпті матасын да өзі таңдап және кімнің қандай киім киетініне дейін Өзағаңның мөрі қойылған арнайы киімдер үлгілерінің схемаларын, яғни эскиздерін алып келдік. Сондай-ақ, Шыңғысхан академиясының академигі, қазақтың үш жарым мың оюының авторы Шөптібай Байділдинмен бірлесе отырып, Өзағаңның өз қолымен эскизін сызып, кешегі «Алтын адамның» көшірмесін жасаған Қырым Алтынбековке жасатқан «Алтын жалатқан сәукелені» көрмеге әкеліп қойдық. Музейдің брендін жасайық деген ниетпен, Шөптібай Байділдиннің авторлық оюымен Өзбекәлі Жәнібектің авторлық сәукелесі. Сәукеле «Торғай сәукелесі» деп аталады. Екеуін бірлестіре отырып музейдің кішігірім брендін жасадық. Ортада тұрған – Өзағаңның сәукелесі. Сыртында тұрған Шөптібай Байділдиннің авторлық оюы. Төбесінде тұрған музейіміздің ентаңбасы», – деді өз сөзінде «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы.
– Түркістан – алты алаштың астанасы, Өзағаңның туған елі. Өздеріңізді көргенімізге қуаныштымыз. Қазақта «Ақылды кісіден сұра, кісі рұхсат етсе, кішіден сұра» – дейді. Біз «Жаспыз» деп жасқанбай, Өзағаңның мерейтойын елінен бастайық деген ниетпен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығымен келіссөзді былтырғы жылдан бері бастап кеткен едік. Соның сәті бүгін түсіп отыр. Көрмені Алматы төрінде де қоятын боламыз. Қазіргі таңда Арқалық музейі жақсы жетістіктерге жетті. Қазақстанның Ұлттық музейінің статистикасы бойынша құрылымы жағынан бірінші орынға бекіді. Қостанай облысы бойынша «Үздік музейді» жылма жыл алып жатырмыз. Оның барлығы Өзбекәлі Жәнібектің тастап кеткен мұрасының өшпес рухының арқасы, – деді ол. Айтса айтқандай, көрменің басты ерекшелігі – мерейтойлық датаға сәйкес 95 жәдігердің ұсынылуы. Экспозицияға қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер мен құжаттар, астау, күміс белдеу, қамзол, сәукеле ер және әйел киім үлгілері, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға қатысты этнографиялық құндылықтар қойылды.
Көрме мазмұны Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы рөлі, музей ісін дамытудағы стратегиялық бастамалары, дәстүрлі қолөнер мен этнографияны жаңғыртуға қосқан үлесі, Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін көтерудегі қызметі сияқты бағыттарын кешенді түрде көрсетті.
Экспозиция құрылымы хронологиялық және тақырыптық қағидаттарға негізделіп, келушілерге тұлғаның өмір жолы және қоғамдық қызметімен етене танысуға мүмкіндік берді.
Көрменің ашылу салтанатында Түркістан қалалық әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, көрнекті ғалым-сыншы Құлбек Ергөбек, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы, Өзағаның қарындасы Айғаным Серім қазақтың келешегін көре білген бүкіл қазаққа ортақ тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің рухани әлемі, рухани мұрасы туралы естеліктер айтып, ой бөлісті. Көрменің лентасын қиды. Тоқсан бес жылдыққа әкелген тоқсан бес жәдігер қойылған көрме экспозициясымен Арқалық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы таныстырды. Сондай-ақ, көрмеге «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығы да өз қорынан тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынып, жеке арнайы бөлім жасақтады. ҚР мәдениет қайраткері, музейдің ғылыми қызметкері Рахия Жүзбаева бізді бөлім экспозицияларымен таныстыра жүріп, көрмеге Өзағаңның бұрын халық назарына ұсынылмаған тың дүниелер қойылғандығын, көрме жұмысына «Әзірет Сұлтан» музейі қызметкерлерінің де арнайы бөлім ұйымдастырғанын тілге тиек етті. Екі музейдің рухани достығының белгісіндей «Рух сардары» көшпелі көрмесі 10-12 ақпан аралығында жалғасты.
Роза НАРЫМБЕТОВА.
