Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 95 жыл! Ақынның ақпандатқан боранда жарық дүние есігін ашуының өзінде оның ешкімге де, ештеңеге де бағынбас асау мінезі, табиғи болмысы мен табиғатпен тылсым байланыс бар секілді. Өмірдің де, әдебиеттің де небір дауылына төтеп берген, төтеп беріп қана қоймай ағысқа қарсы жүзген ақын табиғаты, таудай тұлғасы, әлем сыяр кең жүрегі оның әрбір өлеңінен үн қатады.
Ақын мұраларын ұлықтауға арналған іс-шаралар ел көлемінде толассыз өтіп жатыр. Әлі де жалғаса бермек. Поэзияның дауылын дабылдатып өткен ақиық ақын жырлары мен өлеңдеріне жазылған әндер бірнеше күннен бері қазақ аспанында осылайша тербеліп тұр. Жер де, көк те Мұқағали деп ән салып, сүйікті ақынын іздеп тұрғандай. Ақынның өзі айтқан «Нұр жауып тұрған көктемде» әнін растағысы келгендей, киелі шаһар ақпан айында селдеткен жаңбыр нұрына малынды. Табиғат-ана да ақынын сағынған елмен бірге көз жасын бұлағандай ма? Әлде ақын өлеңдерін нөсерлете оқыған оқырманына жаңбыр тамшыларымен үн қосқандай ма? Қалай болғанда да, Түркістан табиғатында бұл күндері аспанмен астасқан бір құбылыс пайда болды. Көне шаһардың руханият әлемінің екінші тынысы ашылғандай, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналып мәдениет орындары мен театрларда, кітапханалар мен жоғарғы, орта оқу орындарында әдеби кештер шеруі лек-легімен өткізіліп, бірінен кейін бірі жалғасуда. Атап айтқанда, Түркістан қалалық орталық кітапханасы оқырмандармен «Мұқағалиша ойлап көр!» тағылымды кешін ұйымдастырса, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрында «Есіңе мені алғайсың!» әдеби-лирикалық кеші өткізіліп, көрермен қауым Мұқағали өлеңдерін тыңдап, жанды дауыста орындалған әсерлі әндерінен сусындады. ҚР Мәдениет қайраткері, ізденуден танбайтын жаңашыл басшы Лиза Төлегенқызы Шамет басқарып отырған Түркістан қалалық Мәдениет үйінде өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбындағы әдеби-сазды, тағылымы мол кешке қатысқан Қазақстан Композиторлар Одағы Түркістан облыстық бөлімшесінің төрайымы, халықаралық, қазақстандық байқаулардың лауреаты, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова, рухани мұрасы халқының жүрегіндегі дарынды ақын Төлеген Айбергеновтың қызы, жазушы Салтанат Айбергенова, Сидней олимпиадасының чемпионы бекзада Бекзаттың анасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Сырлыкүл Шойбекова ақиық ақынның өмір жолы мен шығармашылығы, оның ұлт руханиятынан алған орны, тағылымы мен мәнінің баға жетпес құндылығы туралы айтып өтті. Әсіресе, Салтанат Төлегенқызының әкесі мен Мұқағали Мақатаев екеуінің адал достығы туралы шынайы әңгімесі, айтылған тың деректер көрерменге ой салып, кеш әсерін арттыра түсті.
Ал, үнемі жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың бастауына айналған «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы 2021 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан республикаға танымал «Түнгі кітапхана» жобасының биылғы маусы-мының ашылуын қайталанбас тұлға Мұқағали Мақатаевтың туған күнінен бастады. Бұл өміршең жобаның бет-ашары өткен жылы да ақиық ақынның туған күнімен тұспа-тұс өткізілген еді. Яғни, түркістандық оқырман енді «Түнгі кітапханамен» жыл сайын Мұқағали ақынның туған күнінде қауышып, жыр әлемінен сусындайтын болады. Кітапхана табалдырығын аттағаннан-ақ Мұқағали әлеміне сүңгіп кеттік. Біз таңдануымызды қоймаймыз, ал қиялы көкке өрлеген кітапханашылар ұжымы, «фарабтықтар» бізді таңдандыруын қоймайды. Қарсы алдымызда Мұқағали ақынның түрегеп тұрған суреті жарқ ете қалып, қоңырқай даусымен оқыған өлеңі саңқылдап естіліп тұр. Инсталяциялық көрме мазмұнын бір сөзбен суреттеп шығу мүмкін емес. Неткен еңбек! Осының бәрі сүйікті ақынымен қауышуға келген оқырман үшін! Ұлы ақынның биік рухына жасалған құрмет! Бұдан бөлек «Фараб» кітапханасының ұйымшыл ұжымы жылқы жылын таңғаларлық жаңалықтармен бастапты. Заманауи технологиялар мен цифрлық қызметтерді дамыту бағытында және оқырманға сапалы қызмет көрсету мақсатымен бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, бес заманауи моноблок жүзеге асырылыпты. Бұл құрылғылар электронды ресурстармен жұмыс істеуді жеңілдетіп, пайдаланушылардың цифрлық ақпаратқа қолжетімділігін арттырады. Атап айтқанда, кітапхананың бірінші қабатында электрондық каталогқа қолжетімділік, 2026 жылғы мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығы, Meta кітапхананың 3D үлгісі, «Фараб» кітапханасының ресми сайты, Жасанды интеллект кеңесшісі қызметтерін ұсынатын бес моноблок жұмыс істеп тұр. Оның әрқайсысын көзбен көріп, қолмен ұстап, қарыштап дамыған заманауи технологияның түркістандық оқырмандар игілігіне жұмыс істейтініне қуандық. Осындай қол жеткізген табыстарымен бөліскісі келген «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова келесі сәтте кеш меймандарын екінші қабаттан ашылған заманауи кинозалға бастады. Мұнда оқырмандар шабыт алған шығармалар желісімен түсірілген деректі және көркем фильмдерді тамашалап, өзара ой бөлісіп, пікір алмасады. Кітапхана өмірінің осындай жарқын жаңалықтарымен танысқан көпшілік келесі сәтте түн тұңғиығында тербелген «Түнгі кітапхана» аясындағы «Тула жүрек» әдеби кешінің жыр төгілген ғажап әлеміне еніп кетті. Әсерлі қойылыммен басталған поэзиялық кеш еркін пікір алысуға, ақынның жырларын оқып, өлеңіне шығарылған әндерді орындауға мүмкіндік берген «Ашық микрофон» форматында өтті. Кеште Мұқағали ақынның 40-қа тарта өлеңі оқылып, махаббат, Отан, ана тақырыбындағы әндері шырқалды. Қатысушылар «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» Мұқағали әлемінен сыр шертті. Поэзия кешінде белсенділік танытқан жастарға естелік сыйлықтар табыс етілді. Шығармашылық шабыт, рухани рух сыйлаған «Түнгі кітапхана» жобасын оқырман асыға күтеді.
«Түркістан-ақпарат».
