Бүгін Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингі өтті. Аталған жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарларын жан-жақты баяндады.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы қаланың жалпы өңірлік өнімі 101,6 млрд теңгені құрап, 117,5 пайызға артқан. Қалалық бюджет кірістері 20,2 млрд теңгеге жетіп, жоспар 262,6 млн теңгеге артығымен орындалған. Сонымен қатар, инвестиция көлемі де 33,8 млрд теңгені құрап, оның ішінде 7,4 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен болса, 26,3 млрд теңге жеке инвестициялардан тартылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 59,0 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге ұлғайған.

Шаһар басшысы тоқталған тағы бір мәселе – инвестиция саласы. Айтуынша, қазіргі таңда Кентау қаласында құны 234,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 1 768 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде құны 188 млрд теңге болатын 3 ірі жоба бар. Атап айтсақ, газтурбиналық электр станциясының құрылысы, барит концентратын өндіру және кен байыту комбинаты алдағы уақытта кенді қаланың экономикалық дамуына серпін бермек. Сонымен қатар, былтыр арнайы экономикалық аймақта 5,1 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылып, 310 жұмыс орны ашылған. Жоспар бойынша тағы 4 жоба жүзеге асырылып, 430 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Туризм саласында да оң көрсеткіштер бар. Тарқатып айтсақ, 2025 жылы қалаға 7 261 турист келсе, көрсетілген қызмет көлемі 693,5 млн теңгені құраған. Алдағы кезеңде 2 қонақ үй кешені мен Хантағы ауылында «Khantau» глэмпинг демалыс аймағы салынбақ. «Қаратау» қорығы аумағында 150 млн теңгелік визит орталығының ашылуы да жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Жандос Қалмырзаұлы әлеуметтік салада жеке инвестор есебінен 600 орындық мектеп пен 400 орындық балабақша құрылысы басталғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар, өткен жылы жеке кәсіпкерлер қаржысына бір спорт кешені мен бір фитнес орталығы пайдалануға берілгенін атап өтті.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері жауын-шашыннан болатын қала көшелеріндегі келеңсіз оқиғаларға қатысты тұрғындар тарапынан түскен сауалдарды жолдады. Өз кезегінде шаһар басшысы тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру және қаладағы инфрақұрылымдарды жақсарту негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
