КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

485 көрілім

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Түркістан өңірлік коалициясы Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде Сауран секторы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуді Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Бақдәулет Тұрманов жүргізді. Азаматтармен кездесу барысында жаңа Конституцияның қоғам үшін аса маңызды нормалары түсіндіріліп, ел дамуының жаңа кезеңіндегі басымдықтар талқыланды. Пікір алмасу алаңында адам құқықтарын қорғау, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту, әділетті басқару жүйесін қалыптастыру және білім мен технологияға негізделген бәсекеге қабілетті мемлекет құру мәселелері басты назарға алынды.

Коалиция мүшелері жаңа Конституция еліміздің қоғамдық-саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды стратегиялық құжат екенін айтты. Бұл өзгерістер уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізіп, бүгінгі жаһандық сын-қатерлер, экономикалық және технологиялық өзгерістер мемлекет басқару жүйесін жаңғыртып, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуді талап ететінін мәлімдеді.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның адамға, азаматқа бағытталғаны туралы өңірлік коалиция мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазабаева айтты. «- Жаңа Ата заңымыздың өзегі – адам және оның құқықтары мен мүмкіндіктері. Мемлекеттің басты міндеті азаматтардың әл-ауқатын арттыру, құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның әлеуетін толық жүзеге асыруға жағдай жасау екені белгілі. Әділетті Қазақстан құру идеясы осы құжаттың негізгі мазмұнын құрайды. Жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырады. Әсіресе, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту арқылы демократиялық жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам жасалып отыр», – деді Инара Әбіғаппарқызы.

Жаңа Конституция Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі басты бағдар екенін коалиция мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Еркебұлан Хандиллаев та атап өтті. Оның пікірінше, бұл құжат мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, әр азаматқа тең мүмкіндік беретін, әділетті және заманауи қоғам қалыптастыруға берік негіз қалап отыр.

«- Конституциялық реформалар экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және меншік құқығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл ел экономикасының тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Біздің мақсат – білім мен ғылымға, инновация мен технологияға сүйенген бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру. Жаңа Конституция осы бағыттағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады», – деп атап өтті Еркебұлан Шоқанұлы.

Конституция қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастыратынын, еліміздің тұрақтылығы, бірлігі мен дамуы әр азаматтың жауапкершілігімен тікелей байланысты болатынын коалиция мүшелері Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, қоғам белсендісі Темірхан Тұрғанбай, заңгер Марат Найзабеков атап өтті. Әр азамат заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті құрметтеу, өзгенің құқығы мен бостандығына қол сұқпау арқылы ел тұрақтылығына үлес қосатыны айтылып, жаңа Конституция азаматтық белсенділікті арттыруға, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғаны жеткізілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы