Сыбайлас жемқорлықпен күрес – құқықтық мемлекет қалыптастырудың, қоғамдық сенімді нығайтудың және ел дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Бұл бағыт Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларында айқын көрініс тауып, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар үшін ортақ әрі міндетті басымдық ретінде айқындалған.
Бүгінгі таңда Сауран ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Негізгі назар мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға, қабылданатын шешімдердің заңдылығын қамтамасыз етуге және азаматтардың билік институттарына деген сенімін күшейтуге бағытталған.
Аудан әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және азайту мақсатында ішкі талдау тетіктері енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістері кезең-кезеңімен цифрландырылуда. Бұл шаралар адам факторын шектеуге, рәсімдердің айқындығын арттыруға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мен жеке жауапкершілігіне қойылатын талаптар да күшейтілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – қоғаммен ашық әрі тұрақты диалог орнату. Осы мақсатта тұрғындармен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар, азаматтардың өтініштерін жедел қарау тетіктері жүйеленді. Әрбір арыз бен ұсыныс назардан тыс қалмай, заң аясында қаралады. Ағартушылық және алдын алу жұмыстары да басты назарда. Білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, ауылдық округтерде адалдық, әділдік және заңға құрмет құндылықтарын насихаттауға бағытталған түсіндіру шаралары өткізілуде. Әсіресе, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру – ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған маңызды міндеттердің бірі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек бақылау мен жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Бұл – басқару мәдениетін түбегейлі өзгерту, әрбір мемлекеттік қызметшінің санасында адал еңбек пен жеке жауапкершілік қағидатын орнықтыру үдерісі. Осы тұрғыда Сауран ауданында басшылардың жеке үлгі көрсетуіне, ашықтық пен әділдік принциптерін сақтауына ерекше мән берілуде.
Алдағы кезеңде де аудан әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты толық қолдай отырып, ашық, есеп беретін және халыққа жақын басқару моделін нығайта бермек. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңірдің орнықты дамуына қызмет етеді.
Мақсат Таңғатаров,
Сауран ауданының әкімі
