ЖАҢА КЕШЕН АЙТАН ҚАНЖАРБЕКОВТІҢ АТЫНА СҰРАНЫП ТҰР

1  196 көрілім

Бұл тақырыпты қозғауымызға қаламыздағы бір топ тұрғын, дәлірек айтсақ, спорт жанашырлары себеп болып отыр. Өткен жылы халық қалаулыларының мұрындық болуымен Түркістанның бес аймағынан спорт кешендерінің құрылысы басталды. Соның бірі «Сауран» секторында. Осы маңдағы тұрғындар «жаңа спорт ғимаратына Айтан Қанжарбековтің есімі берілсе» деген тілекпен редакциямызға келді. Ендеше «Айтан Қанжарбеков кім? Түркістан спортына қандай еңбек сіңірді?» деген сауалдарға жауап беріп көрелік.

1949 жылы дүниеге келген ол еңбек жолын 1971 жылы киелі Түркістан қаласындағы М.Мәметова атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Мектеп мұғалімі атанған алғашқы жылы-ақ Айтан ағамыз шәкірттерін шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауда теңдесі жоқ ұстазға айналды. Дәлірек айтсақ, 1972 жылы мектеп оқушыларынан құрылған «Шалқар» футбол командасы оның қажырлы еңбегінің жарқын нәтижесі болды. Қысқа уақыт ішінде бұл команда тек Түркістан қаласында ғана емес, бүкіл одақтас республикалар арасында да үлкен танымалдылыққа ие болды. 1973 жылы «Былғары доп» жүлдесі үшін ұйымдастырылған жарыста «Шалқар» командасы қала жеңімпазы атанып, осы жылы облыс көлеміндегі жарыста да оқ бойы озық шығады. Осылайша, Целиноград қаласында (Ақмола) өткен республикалық «Былғары доп» турнирінде бақ сынаған түркістандық команда доп додасында тағы бір мәрте үздік екенін дәлелдейді. Сонымен, «Шалқар» командасы – қала тарихында Қазақстан чемпионы атанған алғашқы команда ретінде үлкен жетістікке жетеді. Бұдан ары қарай Айтан ағамыздың жетекшілігімен республика чемпионы атанған команда одақтас республикалар арасында өтетін «Былғары доп» жүлдесіне Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алды. Сол жылдардың жарқын естеліктерін бүгінде шаһар спортының дамуына елеулі еңбек сіңірген Пернебай Байымбетов ағамыз әңгімелеп берді.

– Айтан ағамыз Шымкенттегі пединститутта оқып жүрген жылдары жазғы демалыста біздерді жинап, алаңда футбол ойнататын. Өзі М.Мәметова мектебінің маңында тұратын. Оқудан үйреніп келген теориясын бізге тәжірибе ретінде көрсетіп, мектеп оқушыларынан футбол командасын жасақтаған болатын. Құрамында М.Мәметова мен Н.Төреқұлов (бұрынғы Никитин) мектебінің оқушылары ойнаған команда атауын «Шалқар» деп қойдық. Біраз жаттығулардан соң жақсы нәтиже көрсете бастадық. 1973 жылы сол командамен қаланың, облыстың, республиканың чемпионы болып, бүкілодақтық «Былғары доп» турнирінің ең жоғарғы кезеңіне Қазақстан атынан баруға жолдама алдық. Ақтық турнир Украинаның Николаев қаласында өтті. Жарыстың ашылу салтанаты 1973 жылы 11 тамызда «Судостройтель» стадионында басталды. Одақтас республикалардан келген 24 команда 4 топқа бөлінді. Біздің топқа Литвадан «Пушинас», Мәскеуден «Метеор», жергілікті Николаев қаласының «Орленок», РСФСР-2 «Глобус», РСФСР-3 «Олимп» командалары түсті. Ашылу салтанатынан соң алғашқы ойын жергілікті «Орленок» командасымен өтіп, бұл ойын тікелей эфирде көрсетілген болатын. Атақты Николай Озеров деген спорт журналисі жүргізген матчты он мың жанкүйермен қоса СССР командасының капитаны Альберт Шестернев бастаған ойыншылар да тамашалады. Біз өз тобымыздан 3-орынмен шығып, 24 команданың ішінде 11-орынға табан тіредік. Алайда, жергілікті газетте, теледидарда біздің ойынға жақсы баға бергендер көп болды. Қазақстанның кішкентай қаласынан осындай команданың шыққанына барлығы таң қалды десек болады. Түркістан спорты тарихында осындай үлкен оқиға жасаған Айтан ағайымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес деп ойлаймын, – дейді «Шалқар» командасының шабуылшысы болған Пернебай ағамыз. Ал, «Шалқар» командасының ойыншысы, «Монтажник-СМП-194» футбол клубының әкімшісі Гафур Юлдашев Айтан Қанжарбековтің қатал мінезін еске алады.

– Жаттықтырушымыз Айтан ағай қатаң талап қоятын. Жаттығу жұмыстары жоғары деңгейде өтетін. Ол кісі спорттық жейдеміздің таза, әдемі болғанын қалайтын… – дейді ол.

Айтан Қанжарбековтің «Шалқар» командасын құруы – Түркістанға спорттық серпіліс әкелген айтулы оқиға. Спорт алаңдарындағы қолайсыз жағдайға қарамастан, жасөспірімдердің қабілетін дамытып, олардың өзіне деген сенімін нығайта білген оның шәкірттері тек футбол алаңында ғана емес, өмірде де беделді азаматтар болып қалыптасты. Атап айтсақ, «Шалқар» командасынан кейін жаттықтырған шәкірттері оның спортқа ғана емес, өмірлік қағидаларға да баулитын ерекше қасиетін еске алады.

– «Шалқар» командасынан соң Айтан ағамыз ересектер құрамасын жаттықтырып, «Монтажник» командасымен премьер лигада өнер көрсеттік. Ұстазымыздың тағы бір ерлігі – 1979 жылы СССР футбол құрамасын Түркістанға шақырып, бізге бүкілодақтың үздік ойыншылармен бірге ойнауға үлкен жағдай жасады. Айтан ағай бізге тек футбол ойнауды үйреткен жоқ, өзінің қатал қалпымен табандылық пен төзімділікке де үйретті. 1991-1992 жылғы маусымда біз «Монтажник» командасымен Қазақстан кубогын жеңіп алдық. Осындай ұстаздың түлегі бола жүріп, мен Қазақстан бойынша үздік 100 бомбардирдің ішінде 53 орынды еншіледім, – дейді «Тұран» футбол клубының спорт директоры Оспан Қарашбаев.

Айтан Қанжарбеков – Түркістан халқы үшін ұстаз ғана емес, спорт саласының тірегі болды. Оның мектеп оқушыларының өмірін спортпен ұштастырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге бағыттауы – жас буынның тәрбиесіне қосқан баға жетпес үлес десек артық емес. Осылайша, ол тек өз шәкірттерінің ғана емес, бүкіл қаланың құрметіне бөленді.

Жоғарыда атап өткеніміздей бүгінде киелі шаһардағы «Сауран» секторында жаңа спорт кешені бой көтеруде. Тарихта алтын әріппен жазылған ұстаз есімін ұлықтау үшін қала спортының белгілі тұлғалары жаңа спорт кешенге Айтан ағамыз-дың есімі берілсе деген тілекте.

Бұл кешенге Айтан Қанжарбековтің есімін беру – оның спорт және білім саласына сіңірген еңбегін лайықты бағалауға және ер есімін болашақ ұрпаққа жеткізуге жасалған жарқын қадам. Айтан Қанжарбековтің есімі жас ұрпақ үшін үлкен үлгі болып, болашақ чемпиондардың арманына жол ашары анық. Түркістан жастары үшін бұл кешен аймақтың игілігі ғана емес, айтулы азамат атқарған еңбектің елеулі ескерткіші болар еді. Бұл бастама оның қайсар мінезі мен ұстаздық қайраткерлігін дәріптеп қана қоймай, жас буынды бірлікке баулитын, рухани өрлеуге жетелейтін ұлы мұратқа айналады деп сенеміз.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы