ТАРИФ  ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛ

90 көрілім

Соңғы айларда Қазақстанда мобильді интернет пен байланыс қызметтерінің бағасының қайтадан өсе бастауы көпшіліктің талқылауына түсті. Beeline, Tele2 және Altel операторлары 2025 жылдың соңында тарифтердің қымбаттайтынын ресми түрде хабарлап, жаңа бағалардың 25 желтоқсаннан бастап 2026 жылдың 15 қаңтарына дейін кезең-кезеңімен енгізілетінін мәлімдеді.

Egemen Qazaqstanның жазуынша, компаниялар баға өсуін бірнеше негізгі себеппен түсіндіріп, ақталуда: соңғы жылдары интернетті пайдалану көлемі күрт артқан, әсіресе TikTok, Instagram Reels, онлайн ойындар мен стриминг платформалары желіге үлкен жүктеме түсіреді; желіні күшейту үшін жаңа базалық станциялар салу, инфрақұрылымды жаңарту және техниканы жаңалау шығындары көбейген; интернет қызметіне қажет құрылғылардың басым бөлігі шетелден келетіндіктен, доллар бағамының көтерілуі олардың құнын қымбаттатқан; сондай-ақ 2026 жылдан бастап телеком саласында салық өзгерістері күшіне енетіндіктен, операторлар тарифтерді алдын ала реттеуге кіріскен.

        Бағаның қалай өзгергенін салыстырып қарасақ, 2024 жылы Beeline мен Tele2-нің орташа мобильді тарифтері 5-7 мың теңге шамасында болса, 2025 жылы олардың 7-11 мың теңге аралығына көтерілгені байқалады. Мәселен, Beeline-ның үй интернеті 8 490 теңгеден 11 249 теңгеге дейін өседі. Tele2-де де осыған ұқсас өсім бар: кей тарифтерінің бағасы шамамен 1 000 теңгеге қымбаттайды деп хабарланды. Бағаның көтерілуі операторлар үшін түсінікті болуы мүмкін, алайда қарапайым халық үшін тиімді ме?.. Ең маңыздысы – тариф бағасы қымбаттаған сайын байланыс сапасы соған сай бола ма деген сауал көпті алаңдатады. Өкінішке қарай, көптеген аймақта интернет жылдамдығы тұрақсыз, “шексіз” деп саналатын пакеттердің өзінде белгілі бір шектеулер бар.

      Осы жағдайды анықтау мақсатында Түркістан қаласының тұрғыны, Beeline қолданушысы Ақтілек Қайратқызымен сөйлестік. Ол 2024 жылы айына шамамен 6 000 теңге төлеп, 25-30 ГБ көлемінде интернет қолданғанын айтты. 2025 жылы оператордан тарифтің құны 8-11 мың теңге аралығында болатыны туралы хабарлама келген. «Бағаның өсуі бәрімізге әсер етеді. Бірақ интернет сапасы бағаға сай болып тұр деп айта алмаймын. Кешкі уақытта жылдамдық баяулайды. Егер тариф қымбаттаса, ең болмаса сапасы тұрақты болса деймін», – дейді ол.

Тұрғындардың көкейіндегі мәселе: баға өссе, қызмет те соған лайық болуын талап етеді. Қазір интернет – жұмыс барысы, оқу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, тіпті күнделікті қарым-қатынас үшін қажетті құрал. Бағаның көтерілуі көп отбасының бюджетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан халық сапаның жақсаруын, тарифтердің түсінікті болуын және ақпараттың ашық берілуін күтеді.

Ал мемлекет тарапынан бұл мәселеге қарап қалмай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Beeline тарифтерінің өсуіне қатысты тексеріс бастағанын хабарлады. Сарапшылар да нарықтағы бәсеке деңгейінің төмендігі мен инфрақұрылымдағы проблемалардың бағаларға ықпал етуі мүмкін екенін айтып келеді.

Қорыта айтқанда, мобильді интернет тарифтерінің қымбаттауының өзіндік себептері бар: инфрақұрылым шығындарының артуы, доллар бағамының өсуі, жаңа салықтар және байланыс қызметіне деген сұраныстың жыл сайын көбеюі. Дегенмен, халық үшін ең маңыздысы — бағаның өсуімен бірге сапаның да қатар көтерілуі. Егер операторлар осы бағытта нақты нәтиже көрсетсе, тарифтердің қымбаттауы онша ауыр қабылданбас еді. Ең бастысы – тұрақты интернет, ашық тарифтер және тұтынушы мүддесін қорғау.

Аружан Базарбай,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің  4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы