Қазақстанның азық-түлік бағасының өсуі – біздің елдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, ет сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттауы халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) мен Energyprom.kz-тің 2025 жылғы маусымдағы деректері Қазақстандағы ет нарығындағы күрделі үрдісті – бағаның жылдық есепте екі таңбалы өсімін – айқындап отыр.
2025 жылдың маусымындағы баға статистикасы нарықтағы күшті инфляциялық қысымды көрсетеді. Ет және ет өнімдерінің жалпы бағасы бір айда 1,2%-ға, ал бір жылда 11,3%-ға өсті. Бұл, әсіресе, негізгі тағам болып саналатын мал еті мен құс етінің бір жылда 11,8%-ға қымбаттауы арқылы сезіледі. Energyprom.kz талдауы неғұрлым «ауыр» деректерді ұсынады: жылдық көрсеткіш бойынша сиыр еті 16,9%-ға, ал қой еті 16,1%-ға қымбаттаған. Бұл біздің дәстүрлі тағамдарға қолжетімділікті айтарлықтай қиындатады. Баға өсімі барлық аймақта бірдей емес. Ең жоғары өсім Ақмола, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелсе, Астана мен Абай облысында өсім баяу болды (0,2%). Жылдық есепте, ең үлкен баға секірісі Ұлытау (18%) мен Ақмола (16,7%) облыстарында байқалды. Бұл айырмашылықтар логистикалық шығындардың әртүрлілігін, жергілікті өндірістің жеткіліксіздігін немесе мемлекеттік реттеу шараларының өңірлерде әркелкі жұмыс істеуін көрсетеді.
Баға өсімінің ресми себептері жеткілікті болғанымен, нарықтың ішкі механизмін жақсы түсіну үшін шаруашылықпен тікелей айналысатын адамдардың пікірі маңызды. Мал шаруашылығымен айналысып, етті сойып, жіліктеп сататын жеке кәсіпкер Нұрмахан Ғабит бағаның өсу себебін былай түсіндіреді:
“Бізге көбінесе тұтынушылар «Неге ет қымбат?» деп шағымданады. Бірақ адамдар нарықтағы еттің өзіндік құны қалай құралатынын түсінбейді. Мәселе тек малдың бағасында емес. 2025 жылы бірінші тоқсанда жем-шөп, әсіресе кебек пен шөптің құны кем дегенде 20-30 пайызға өсті. Бұған қоса, коммуналдық төлемдер (электр энергиясы, су), ветеринарлық дәрі-дәрмектер. Сондықтан, еттің бағаның өсуі – бұл біздің шығындарды жабуға тырысуымыз ғана, пайда емес.”
Бағаның өсуі тұтынушылардың таңдауына тікелей әсер етеді. Energyprom.kz-тің жазуынша2025 жылдың алғашқы тоқсанында жан басына шаққандағы орташа тұтыну 20,6 кг болғанымен, тұтыну құрылымы өзгерген:Қымбат еттен бас тарту: Сиыр етінің тұтыну мөлшері 3%-ға азайып, жан басына 6,1 кг болды. Қой етінің де тұтыну деңгейі төмендеген. Балама іздеу: Салыстырмалы түрде арзан тауық етіне және жылқы етіне сұраныс артқан. Тұтынушылар қымбат кесек еттерден ауысып, ұсақ туралған жартылай фабрикаттарға (51,9% өсім) және ет фаршына (5,1% өсім) көбірек көңіл бөлуде. Бұл отбасылардың үнемдеуге тырысып, қажеттілікті арзан жолмен өтеуге бейімделіп жатқанын көрсетеді. Ет бағасының өсуі отбасылық бюджеттің шығыс бөлігінде айқын көрінеді. Отбасылар етке және ет өнімдеріне орта есеппен тоқсанына 157,9 мың теңге жұмсаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға көп. Ең жоғары шығын Маңғыстау облысында (233,5 мың теңге)тіркелсе, ең аз шығындар Солтүстік Қазақстан облысына (92,7 мың теңге) тиесілі.
Қорытындылай келе 2025 жылдың ортасындағы ет нарығының сараптамасы – бұл тек баға өсімі туралы ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің өзіндік құнмен күресі және тұтынушылардың үнемдеуге мәжбүр болуы туралы үлкен экономикалық мәселе. Бағаның тұрақтануы үшін Нұрмахан Ғабит айтқандай – жем-шөп, энергия және логистика сияқты негізгі шығындарды реттеу қажет. Әйтпесе, бағаның екі таңбалы инфляциясы жалғаса береді.

Сүндет Басықара,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті.
