Созақ ауданында 2024-2025 жылдары құрылыс саласында ауқымды жобалар қолға алынып, ел игілігіне берілуде. Қазіргі таңда бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы басталып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда.
2023 жылы басталған Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешені 2024 жылдың 31 қазанында пайдалануға беріліп, аудан жастарының спортпен шұғылдануына мүмкіндік туды. Бұл нысан – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұлттық қор есебінен жүзеге асқан жобалардың бірі.
Сонымен қатар Созақ ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа ғимараты 2024 жылы мамыр айында толық аяқталып, қолданысқа берілді. Бұндай әкімшілік ғимараттар ауылдағы басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етпек.
2025 жылы да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Тасты ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты көктемде басталып, тамыз айында пайдалануға берілді. Шолаққорған ауылындағы “Достар” стадионы қайта жаңғыртудан өткізіліп, жаңа келбетке енді. Бұл нысан да тамыз айында ел игілігіне ұсынылды.

Алдағы уақытта Созақ ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, Шолаққорған ауылында С.Қожанов көшесіндегі кітапхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба 2026 жылға өтпелі.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, құрылысы басталатын нысандарды да атап өтуге болады. Солардың қатарында 2023-2024 жылдары Қаратау, Қарақұр ауылдарына салынған жабық футбол алаңының құрылыстары Жуантөбе, Тасты, Шу, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдарында басталды. Нысанның құрылысы шілде, тамыз айларында басталған болатын. Жылдың соңына дейін пайдалануға беру беруді көздеп отыр аудан әкімдігі. Қазіргі таңда Сызған ауылдық округінен салынған жабық футбол алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жуантөбе ауылынан учаскелік полиция пунктінің құрылысы» жақын арада пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен бірге, облыстық ветеринария басқармасымен бекітілген үш жақты келісімге сәйкес жүзеге асырылатын жобалар да бар. Ол – Балдысу, Қозмолдақ, Шу, Қаратау ауылдарынан ұсақ малдарды тоғытатын нысан және Қарақұр ауылынан Беккери шұңқырының құрылыстары басталып, Балдысу, Қозмолдақ ауылдарындағы нысан құрылысы өз мәресіне жеткен. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында Тасты, Шу, Сызған ауылдық округтері аумағынан қатты-тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон құрылысы және Шолаққорған ауылынан құрылыс қалдықтарын тастау орнының құрылыстары басталды. Нысан келесі жылға өтпелі.
Шолаққорған ауылы, Жеткіншек мөлтек ауданынан жеке құрылыс салушы есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1 қабатты 2 пәтерлі 26 тұрғын үйдің (52 пәтер) және 2 қабатты 8 пәтерлі 3 тұрғын үйдің (24 пәтер) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын үйдің кезегінде тұрған жандардың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына берілетін болады.

Сонымен қатар, аталған Жеткіншек мөлтекауданынан «Казатомпром»ҰАҚ» АҚ-ның және «Катко»қазақ-француз бірлескен кәсіпорнының» демеушілігімен 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұл өз кезегінде, Шолаққорған ауылы, Қазыбек би көшесінде орналасқан апатты деп танылған 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдегі тұрғындарды үймен қамтамасыз етеді.
Аққолтық және Шу ауылдарынан жеке құрылыс салушы есебінен медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде және Қызылкөл ауылынан М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне қосымша акт залы мен шеберхана ғимаратының құрылысы, Бақырлы және Жуантөбе ауылдарынан өрт сөндіру бекетінің құрылыстары аяқталды.
Жалпы алғанда, ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып, халықтың игілігіне қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұл – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы нақты қадам.
