Тарих пен руханияттың алтын ордасы — Түркістан қаласы соңғы жылдары туризм саласында айтарлықтай серпіліс жасап келеді. 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында қалаға келген бір күндік келушілер мен туристер саны 665 мың адамға жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4%-ға артты (2024 ж. 9 ай – 502,9 мың адам). Бұл – Түркістанның ішкі туризм орталығы ретіндегі әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар шетелдік туристердің қызығушылығы да еселенуде. 2025 жылы шетелдік бір күндік келушілер мен туристер саны 10,8 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 92,8%-ға өсіп отыр (2024 ж. – 5,6 мың адам). Бұл – халықаралық деңгейде Түркістанның танымалдығы артып келе жатқанын айғақтайды.
Қалада туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Орналастыру орындарының саны 2025 жылдың ІІІ тоқсанында 73 бірлікке жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға көбейген (2024 ж. – 65 бірлік). Сонымен қатар:
- Нөмірлік қор – 1481 бірлік (+11,1%)
- Төсек-орын саны – 3253 бірлік (+16,4%)
Бұл көрсеткіштер Түркістанда туризм инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Қонақүйлер, хостелдер мен кемпингтер санының көбеюі туристерге жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп отыр.
Тарихи-мәдени нысандары, рухани орталығы мен заманауи туристік кешендері бар Түркістан келешекте тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы туризмнің маңызды орталығына айналмақ.
Түркістан қаласы — еліміздің рухани астанасы ғана емес, туризм саласының да серпінді дамып келе жатқан орталығы. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша шаһардың туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 42,4 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға артқан. Бұл — қаланың тартымдылығы мен туристік инфрақұрылымға деген сенімді инвестициялық көрсеткіш.
Қазіргі таңда 2025–2027 жылдар аралығында құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда, 354 жаңа жұмыс орны құрылып, қала бюджетіне жылына 109,4 млн теңге салық түсімі түседі деп күтілуде.
Туризмнің дамуы тек нысандармен ғана шектелмейді. Қаладағы қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарында келушілерге ұсынылатын мәзірлердің кемінде үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде болуы бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы орайда 165 қоғамдық тамақтану орны арнайы тексеріліп, стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары қолға алынды.
Жоғарыда аталған мәліметтер Түркістан қаласының туризм саласы оң бағытта дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Заманауи инфрақұрылым мен тарихи-мәдени мұраларды үйлестіре отырып, Түркістан өз мәртебесін әлемдік деңгейге көтеруге бет алды.
Түркістан қаласының әкімдігі мен «Алтын Такси Түркістан» ЖШС-нің бірлесуімен жүзеге асырылған «Turkistan Taxi» жобасы – қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа сапалы қызметтің бастамасы. Бұл жүйе жолаушылар тасымалын заманауи деңгейге көтеруді, сондай-ақ қауіпсіздік пен жайлылық стандарттарына сай болуды көздейді.
Аталған жоба аясында Chery Tiggo 7 Pro маркалы 35 жаңа автокөлік сатып алынып, такси паркі жасақталды. Автокөліктер техникалық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді.
«Turkistan Taxi» қызметінің тағы бір тиімділігі – арнайы мобильді қосымшаның іске қосылуы. Қосымша арқылы такси шақыру, маршрутты белгілеу, жолақысын алдын ала көру және онлайн төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін және жолаушылардың сенімін арттырудың тиімді тетігі.
Жаңа жоба Түркістандағы көлік қызметтерінің сапасын арттырып қана қоймай, алдағы уақытта туризм саласының өркен жаюына оң әсер етеді деп күтілуде.
