ТҮРКІСТАНДАҒЫ САУДА САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

121 көрілім


Сауда – кез келген өңірдің экономикалық белсенділігін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Бұл тұрғыда соңғы жылдары Түркістан қаласы сауда саласындағы серпінді өсіммен ерекшеленіп келеді. Қала халқының саны артып, туристік әлеуеті кеңейген сайын тұтыну нарығындағы сұраныс та арта түсуде. Бұл өз кезегінде сауда нысандарының көбейіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашуда.
2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласында сауда саласы бойынша 156,5 млрд теңгенің өнімі орындалып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 135 пайыздық өсімді көрсетті. Бұл – қаланың ішкі нарығының кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділіктің артуының айқын дәлелі.
Жыл қорытындысы бойынша 157,9 млрд теңге көлемінде бекітілген индикаторлық жоспар толық орындалады деп күтілуде. Бұл жоспарлы көрсеткіштің межеленген мерзімінен бұрын орындалып отырғанын білдіреді.
Қалада заманауи сауда үйлері, базарлар мен супермаркеттер желісі дамып келеді. Сонымен қатар, халыққа қолайлы қызмет көрсету мақсатында логистика мен жеткізу қызметтері де жолға қойылған. Жергілікті кәсіпкерлер мен сырттан келген инвесторлар үшін де сауда саласы табысты әрі тұрақты сала ретінде тартымды болуда.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласындағы «Қуаныш» ЖШС сауда орталығының басшысы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Әбдіғаппарқызымен әңгімелесіп, шаһардағы сауда саласына қатысты пікірін білген едік. Ол өз сөзінде: «Біз Ұлы Жібек жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, сауда-саттық біздің өңірімізде жақсы дамыған. Базарсыз өмірді көзге елестету мүмкін емес. Оның үстіне Түркістанымыздың Ұлы Жібек жолының бойына орналасқаны жәйдан-жәй емес. Ол Алланың бізге жіберген бағы деп ойлаймын. Сол ерте ғасырдан келе жатқан «базар» деген ұғым қазіргі таңда заманауи болып өзгеріп жатыр. Заманға сай даму, өркендеу болу керек. Ол неге байланысты? Ол – жайлылық! Жылы. Таза. Жарық. Қауіпсіздік. Бейнебақылау. Автоматтандыру. Яғни XXI ғасырдың жаңалықтарын енгізу, пайдалану керек.
Қазір біздегі кәсіпкерлер инстаграмм арқылы сауда жасайды. Түркістанда отырып Қазақстан бойынша көтерме сауда жасайтын кәсіпкерлер бар. Заманауи сауда жолдарын кәсіпкерлер пайдаланады. Өйтпесе ол кәсіпкер болмайды ғой. Соның бәрін пайдалана отырып өз жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, өзіміз аралап-көріп, қолмен ұстап, таңдап жасаған саудаға жетпейді. Сондықтан, қаншалықты алға басып, дамып кетсек те, базар керек. Өйткені, адамға адам керек. Бір-бірімізді көру, есіту, араласу, жүздесу маңызды. Тіпті, базарда саудаласып, зат алудың өзі – үлкен өнер.
Ал, ешкімнен ештеңе сұрамай, абырой биігінде қалудың алғы шарттарының бірі – адал еңбек, адал табыс! Осы ретте біздің «Қуаныш» базарында еңбек ететін Мумин Ергашев деген ағамыз бар. Сол кісі қазіргі күні кәсібін ұрпағына үйретіп, бүгінде перзенті есейіп солар еңбек етіп жүр. Осы секілді өсірген ұрпақтың сабақтастығын сақтап қалу. Біздің өмірімізге мән-мағына беретін де осы ұрпақтар сабақтастығы, ұрпақтар жалғасы.
Бұны айтып отырған себебім, сауда саласында қолынан іс келетін, келешегін бағдарлай білетін адам ғана табысқа жете алады. Ал, оған қажетті дүниелерді біз яғни, базар әкімшілігі және жергілікті атқарушы билік тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп отыруы керек деп есептеймін және солай болып жатыр деп сеніммен айта аламын», – деген Инара Әбдіғаппарқызының сөзімен Түркістан қаласында аталмыш салада елеулі қызмет етіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айтарлықтай үлес қосып отырған бір ғана ұжымның тынысын тақырыбымызға тұздық ретінде ұсындық.
Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан да бизнеске қолдау көрсету, сауда инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда-саттық орындарының көптеп ашылуы – жаңа жұмыс орындарының құрылуына, қала бюджетінің артуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етуде.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласының сауда саласы тұрақты өсім мен сенімді серпінге ие. Болашақта да бұл сала қала экономикасының жетекші бағыттарының бірі болып қала бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы