Соңғы жылдары Түркістан қаласы тек тарихи және рухани орталық ретінде ғана емес, экономикалық әлеуеті жоғары, инвесторларға қолайлы өңір ретінде де қарқынды дамып келеді. Қалада жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, өндірістік нысандар мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары – осының айғағы.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан қаласында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 307,1 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызды құрап, тұрақты өсімді көрсетуде.
Инвестицияның өсуі – Түркістанның даму қарқынына, инфрақұрылымының жақсаруына және әкімшілік тарапынан жасалып жатқан қолдауға байланысты. Әсіресе тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылған жұмыстар инвестициялық ахуалды жақсартуға оң ықпал етті.
Қалада шетелдік және отандық инвесторлар үшін индустриалды аймақтар мен бизнеске арналған жеңілдіктер ұсынылуда.
Бүгінгі таңда Түркістан – ірі жобаларға қолайлы орта қалыптастырып келе жатқан, болашағы зор инвестициялық аймақ. Қаланың инфрақұрылымы жылдан жылға жаңарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді. Ал бұл өз кезегінде жаңа бизнеске жол ашып, жұмыс орындарының көбеюіне де ықпал етуде.
Бұл жөнінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өткен аптада өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан қаласына келген шетелдік инвесторларға шаһардың инвестициялық әлеуетін паш ететін бірқатар мүмкіндіктерді тілге тиек етті. Атап айтсақ, форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Соның аясында қала басшысы бірқатар шетелдік бизнес құрылымдарының өкілдерімен жүздесіп, Түркістан қаласының инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалғанын және оның келешекте өз жемісін беретінін алға тартты. Түркістанның географиялық орналасуы, логистикалық артықшылықтары, жас әрі еңбекке қабілетті халқы инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің дәл Түркістан арқылы өтуі қаланы ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, қала маңындағы индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға қолайлы инфрақұрылым ұсынады.
Инвестиция – дамудың кепілі. Сондықтан Түркістан әкімдігі алдағы уақытта да инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруды көздеп отыр.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІН: ТҮРКІСТАН ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
180 көрілім
