Түркістан – тарихы терең, рухани астанамен қатар, бүгінде индустриялық даму жолына нық қадам басқан шаһар. Соңғы жылдары қалада өндіріс көлемі артып, өңдеу өнеркәсібі саласында серпінді өсім байқалуда. Бұл – ел Президентінің өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмалары мен жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмысының нәтижесі.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан қаласында 38,1 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл – жоспарланған 29,5 млрд теңгеден едәуір жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 115,7%-ды құрап отыр. Бұл деректер Түркістандағы өндірістік әлеуеттің тұрақты даму үстінде екенін айғақтайды.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында да қарқынды көрсеткіштер байқалуда. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша бұл салада 24,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,9% өсімге қол жеткізілген.
Аталған бағытта Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған жергілікті биліктің жауапты салалары инвестиция тарту және кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен тиісті қолдауларды ұсына отырып, кешенді түрде өнеркәсіп саласының қанат жаюына үлес қосып келеді.
Мұндай нәтижеге өңірде индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асуы, шағын және орта бизнестің белсенділігі мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді пайдаланылуы себеп болып отыр. Қалада жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Әсіресе құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері, жеңіл өнеркәсіп және металл өңдеу салаларында бірқатар жобалар жүзеге асуда.
Өнеркәсіп – экономиканың күретамыры. Сондықтан Түркістан қаласы әкімдігі бұл саланың тұрақты дамуын басты назарда ұстап, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстарды жалғастырып келеді.
ТҮРКІСТАННЫҢ ӨНЕРКӘСІБІ ӨРКЕНДЕУДЕ
78 көрілім
