Қазақ журналистикасы мен руханиятының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің бірі – Жиренов Сәбит. Биыл тағдырлы таланттың туғанына 90 жыл толып отыр. Қысқа ғана ғұмыр кешкенімен, артында өшпес мұра қалдырған қалам иесінің есімі қазақ баспасөзі тарихында ерекше құрметпен аталады. Сәбит Жиренов 1935 жылы 20 қарашада Байдібек ауданы «Ботбай» ауылында дүниеге келді. 1953 жылы орта мектепті тәмамдаған соң еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастайды. Жастайынан білімге құштар, өмірге сергек көзбен қарайтын Сәбит кейін Шымкент педагогика институтында оқып, Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебін бітіреді. Сол кезең оның журналистикаға тереңдей енуіне жол ашады. Журналист ретінде қалыптасуы аудандық басылымдардан басталды. Ұзақ жылдар бойы газет ісінде қызмет еткен ол алғашында «Жаңа пионер» газетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Кейін республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, кәсіби шеберлігімен дараланды. Журналистік нақтылық, шынайылық пен көркем тіл – оның материалдарының айрықша сипаттары еді. 1959 жылы ол Шаян аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалып, ұйымдық істерде де өз қабілетін көрсетті. Кейін Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдениет және үгіт-насихат бөлімінде қызмет атқарып, абыройлы еңбегімен республикалық деңгейде танылды. Осы жауапты қызметтерден зейнеткерлікке шыққанымен, шығармашылық жолынан еш ажыраған жоқ. Сәбит Жиренов публицистика жанрына ерекше үлес қосты. Оның мақалалары мен очерктері өмірдің өзекті мәселелерін қозғап, кейіпкер тағдырын терең ашумен ерекшеленеді. Қаламгердің көркем дүниелері – «Ақ балалап», «Туған үйдің түтіні» кітаптары – оқырман жүрегінен орын алған туындылар. Қарапайым ауыл адамдарының болмысын, елдік қасиетті, адамгершілік өнегені суреттеген туындыларында қаламгердің сыршылдық болмысы айқын байқалады. Өзінің қызмет жолында жауапты міндеттер атқара жүріп, Сәбит Жиренов бірнеше үкімет наградаларымен марапатталды. Туған мектебінде оның есімі оқушыларға үлгі ретінде берілді. Бұл – елінің, туған жерінің азаматқа көрсеткен құрметі еді. Аз ғана ғұмырында мол рухани мұра қалдырған дарынды қаламгер 1986 жылы өмірден өтті. Алайда оның еңбектері, жазушылық стилінің сыршылдығы, азаматтық үнінің тазалығы әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ. Сәбит Жиренов – жүрегінің жылуын әр жолына сіңірген, адам жанының нәзік күйін терең сезінген сыршыл қаламгер. Туғанына 90 жыл толған бұл дата – оның рухани мұрасын қайта зерделеп, есімін қастерлеуге арналған тағылымды кезең. Ел үшін елеулі еңбек еткен тұлғалар ешқашан ұмытылмайды. Сәбит Жиренов те сондай қайраткер-қаламгерлер қатарында мәңгі сақталмақ.
Балнұр ПЕРНЕХАН,
Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.
