ПРОКУРАТУРА – КӘСІПКЕР МЕН ИНВЕСТОРДЫҢ СЕНІМДІ ӘРІПТЕСІ

1  332 көрілім


Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру жолында шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген. Осы орайда құқық қорғау органдары, соның ішінде прокуратура органдары инвестициялық жобалардың заң аясында жүзеге асуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Аталған мақсатта Түркістан қаласында қала прокуратурасының ұйытқы болуымен маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша кезекті кездесу өтті. Осы жұмыстың аясында 2025 жылдың 26 қарашасында Түркістан қаласы прокурорының орынбасары О.Мусаев және облыс прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Н.Мустафаевтың төрағалығымен жұмыс кездесуі өтті. Оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген ірі кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуде жалпыұлттық және өңірлік пулға енгізілген жобалардың жүзеге асырылуы талқыланып, инвесторлармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Тұрғын үй, қонақ үй, тігін фабрикасы және жиһаз өндіретін цех құрылысына қатысты мәселелер қаралды. Аталған жобалар жүздеген жұмыс орнын құруға және қаланың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қала прокуратурасы алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады.
Прокуратураның басты міндеті – инвестициялық ортада заңдылықтың сақталуын бақылау, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді байланысты қамтамасыз етіп, бюрократиялық кедергілер мен заңсыз қысымдарға жол бермеуге ықпал ету – басты назарда.
Қазіргі таңда прокуратура тарапынан бірнеше ірі инвестициялық жобаға құқықтық қолдау көрсетіліп, жобалардың жүзеге асу барысы тұрақты бақылауға алынған. Барлық деңгейде құрылған арнайы жұмыс топтары инвестициялық ортаны қорғау және оңтайландыру бағытында нақты жұмыстар атқарып келеді.
Сондай-ақ, прокуратура өкілдері кәсіпкерлермен және инвесторлармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, олардың көтерген мәселелеріне жедел құқықтық баға беріп, шешу жолдарын қарастырып отыр.
Алдағы уақытта да прокуратура органдары өңірге тартылған инвестициялардың қауіпсіздігі мен тиімді іске асуын қамтамасыз ету үшін құқықтық сүйемелдеуді жалғастырып, әрбір кәсіпкер мен инвестордың сенімді әріптесі бола бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы