Ауыл келбеті – халықтың өмір сүру сапасының айнасы. Осы орайда Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында соңғы жылдары ауқымды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, елді мекеннің келбеті айтарлықтай жаңарып келеді.
Соның дәлелі Шолаққорған ауылындағы Жібек жолы және С.Қожанов көшелерінде ауқымды абаттандыру жобалары жүзеге асырылды. Бұл жобалар ел игілігі үшін жасалып, тұрғындардың күнделікті өміріне жайлылық сыйлауда.
Аталған көшелерде:
- 14,8 шақырым аяқ жол төселді. Соның ішінде Жібек жолы көшесі 7,8 шақырым, Сұлтанбек Қожанов көшесінде 7 шақырым;
- 718 дана көше жарық шамдары орнатылды. Тарқатып айтсақ, Жібек жолы көшесіне 366 дана, Сұлтанбек Қожанов көшесіне 352 дана;
- Аяқ жол бойына 167 дана арнайы жарық бағанасы қойылды. Мұнда да қос көшеге, яғни Жібек жолы көшесіне 90 дана, Сұлтанбек Қожанов көшесіне 77 дана;
- 120 дана орындық пен қоқыс жәшігі орнатылды. Бұл көрсеткіш те аталған екі көше бойынша тең бөлінген;
- Сонымен бірге веложолдар, жаңбыр суағарлары мен заманауи аялдамалар да орналастырылды.
Бұл жұмыстар ауыл халқының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Кешкі уақытта көше шамдарының жарығы ауылға көрік беріп қана қоймай, тұрғындардың еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасайды. Веложолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар әсіресе жастар мен оқушылар үшін өте қолайлы.
Жобаның толық көлемде аяқталып, қазіргі таңда пайдалануға берілгені – аудан әкімдігі мен жергілікті басқару құрылымдарының тиімді әрі нақты жұмыс жүргізе білгенінің айғағы.
Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде Шолаққорған ауылында тек инфрақұрылым ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасы, демалыс мәдениеті, қоршаған ортаға деген көзқарасы да өзгеріп келеді. Өзін Асылбек деп таныстырған Шолаққорған ауылының тұрғыны атқарылған жұмыстар ауыл ажарын ашып тұрғанын айтады. Алдағы уақытта ауданның өзге де елді мекендерінде осындай жобалар жалғасын тапса, Созақтың ажары бұрынғыдан да көркейе түспек.
