Азаматтардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыру жолында атқарылатын маңызды істердің бірі – елді мекен көшелерін жарықтандыру. Бұл бағытта соңғы жылдары Созақ ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
2024 жылы аудандық бюджет есебінен Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент елді мекендеріндегі 57 көше толық жарықтандырылды. Бұл – аудан халқы үшін үлкен қуаныш әрі елді мекендердің заманауи келбетке бет бұрғанын білдіреді.
Жаңадан орнатылған жарық шамдары түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, көше келбетіне сән беріп, тазалық пен тәртіпке де оң әсерін тигізуде. Әсіресе, оқушылар мен егде жастағы адамдардың қауіпсіздігі басты назарға алынған.
Айта кетерлігі, аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің тұрғындармен жоспарлы кездесуінде аталған жұмыстардың жалғасын таба беретіндігін айтты. Жалпы елді мекендердің инфрақұрылымдарын қалыптастыру, халыққа қолайлы жағдай жасау барысында мемлекет тарапынан тиісті жұмыстары үйлестіріле беретіндігіне тоқталған аудан әкімі әрбір істің сапалы атқарылуы, оның ұзақ мерзім қызмет көрсетуі тұрғындар мен билік өкілдерінің жауапкершілігіне байланысты екенін жаткізді. Осы жолда бірлесіп ел игілігіне берілген дүниелерді кәдеге жаратуда ұқыптылық танытуға шақырды.
Сондай-ақ, аудан басшысы 2025 жылы қалған 300-ге жуық ішкі көше де толық жарықтандырылып, бұл бағыттағы жұмыс 100 пайыз орындалады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл мақсатқа тиісті қаржы қаралып, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Көшелердің жарықтандырылуы – тек техникалық инфрақұрылымды жақсарту емес, бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасына, кешкі серуен мен қоғамдық тәртіпке тікелей әсер ететін маңызды фактор. Әрі ауыл келбетінің жаңғыруына да ықпал ететіні анық.
Созақ ауданы алдағы уақытта да тұрғындарға жайлы жағдай жасау жолында, оның ішінде көше жарықтарын орнату, жаңарту мен күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыратын болады.
СОЗАҚ КӨШЕЛЕРІ ЖАРЫҚҚА БӨЛЕНУДЕ
161 көрілім
