Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мемлекет басшысының Үкіметке қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Оған мемлекет тарапынан қолдау көрсету, шаруаларға қолайлы жағдай жасау тұрғысында тиісті тетіктерді мейлінше қолжетімді ету әрекеті күн өткен сайын сараланып, аргросектордың өркен жаюына бағытталған мүмкіндіктер қатары артып келеді. Мемлекет деңгейінде ауыл еңбеккерлерін ынталандыру мақсатында да аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Оның айқын дәлелі – таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында елімізде алғаш рет шаруаларға «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Оның ішінде созақтық шаруалардың да үлесі бары белгілі және мерейі тасып, мемлекет басшысының алғысына бөленген еңбеккерлер де бар.
Осы алқалы жиында мемлекет басшысы «Қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа», – бірқатар саладағы түйіткілдер мен межелі тірліктерді тілге тиек етті.
Ендеше елдің берекесін тасытып, ырысын молайтатын аталмыш салада Түркістан өңірінің алар орны ерекше. Оның ішінде Созақ ауданының ауыл еңбеккерлері бұл салада қиыннан қиыстырып, табысқа кенеліп отырғанын айта кеткен ләзім.
Қолда бар мәліметтерді сөйлетсек, Созақ ауданы 2025 жылдың 10 айының қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім мен қарқынды жұмыстарды көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жоспарлар мен инвестициялық қолдаулар өз нәтижесін беруде.
Ауыл шаруашылығы саласында негізгі капиталға 1 млрд 832,8 млн теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспардың 91,6 пайызы орындалды. Ал тамақ өндірісіне бағытталған 254 млн теңге инвестиция нақты жоспардан асыра орындалып, 101,6 пайызды құрады.
Егістік жерді игеру де 100 пайыздық межемен орындалып, 14 638 гектар жерге дақыл егілді. Сонымен бірге, 32 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, бұл бағыттағы жоспар 96,9 пайызға орындалды.
Су үнемдеу технологияларын енгізу де қарқын алып келеді. 308 гектар жерге жаңбырлатып, 33 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп, жалпы жоспар 102,4 пайызға орындалды.
Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдеріне келсек, 10 айда:
- 8 487,2 тонна ет,
- 7 388,3 тонна сүт,
- 1 794,5 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Мал шаруашылығында да өсім бар. Бүгінде ауданда: - 39 907 бас ірі қара,
- 252 872 бас қой,
- 18 422 бас ешкі,
- 34 672 бас жылқы,
- 16 572 бас түйе,
- және 28 247 бас құс тіркелген.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы бұл табыстары – жергілікті еңбеккерлердің маңдай тері мен жүйелі мемлекеттік қолдаулардың нақты жемісі. Созақтың агроөнеркәсіптік әлеуеті алдағы уақытта да өрістей бермек.
