Түркістан шаһары тағы бір әдемі саябақпен толықты. Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары толықтай жаңғыртудан өткен «Парасат» саябағының ашылу салтанатына куә болды. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, жаңа нысанның киелі шаһар өміріндегі маңызын атап өтті.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ұлық мереке қарсаңында Түркістанда тағы бір қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы заңның аясында шаһарға көрсетілетін қолдау күшейіп, туристік әлеуеті артуда. Соның айқын көрінісі – жаңарған «Парасат» саябағы. Реконструкция жұмыстары 2023 жылы басталып, бүгінде толық аяқталды. Бұл демалыс орны тұрғындар мен қонақтардың сүйікті мекеніне айналары сөзсіз, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Саябақты толық аралап шыққан өңір басшысы саябақтағы футбол алаңында жасөспірім спортшылармен жүздесіп, оларға естелік ретінде доптар тарту етті. Сондай-ақ, саябақтың жаңарған аумағын аралап, орындалған жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Өнім» ЖШС жүзеге асырған жаңғырту жобасы 14 гектар аумақты қамтиды. Мұнда тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Саябаққа 2 мыңнан астам ағаш егіліп, 100-ден аса орындық пен заманауи жарық шамдар орнатылған. Сонымен қатар, 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, балалар ойын алаңшалары, футбол, баскетбол және теннис алаңдары, веложолақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынған. Демалыс аймақтары мен жазғы сахна да жаңаша кейіпке енген.
Қала тұрғындарын қуанышқа бөлеген «Парасат» саябағының ашылуы концерттік бағдарламаға ұласып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
