2025 жылғы 21 қазан күні Түркістан қалалық мәслихатының мәжіліс залында тұрақты комиссия отырысы өтті. Жиынды қалалық мәслихат депутаты Мәди Аманжол жүргізді.
Отырыста қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, Бекзат секторының меңгерушісі және қала тұрғындары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе — Бекзат шағынауданындағы атауы жоқ көшеге белгілі қоғам қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Эйлер Джамалетдинұлы Сүлейменовтың есімін беру болды.
Жиын барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы ұсынылған атауға қатысты баяндама жасап, ұсынысты қолдауға шақырды.
Сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатының
Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссиясы өткізген
жария тыңдау
ХАТТАМАСЫ
Түркістан қаласы 21.10.2025 жыл
Қатысқандар: Ғ.Сарсенбаев, А.Мәди, Б.Әбусеитов, А.Мансуров, Ж.Арыстанов, Ж.Тағайбаев.
Шақырылғандар: мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мусагалиев Қадырболат Қабдырұлы, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Оспан Арман Оңалханұлы, Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Кушенов Мұхит Қыдырұлы, Бекзат секторының меңгерушісі және тұрғындары.
Күн тәртібі:
- Бекзат шағынауданындағы жаңадан түскен атауы жоқ көшеге Түркістан қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Эйлер Джамалетдинұлы Сулеймановтың есімін беруді талқылау.
- Күн тәртібіндегі мәселе «Бекзат шағынауданындағы жаңадан түскен атауы жоқ көшеге Түркістан қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Эйлер Джамалетдинұлы Сулеймановтың есімін беруді талқылау» бойынша қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мусагалиев Қадырболат Қабдырұлы мәлімдеме жасады.
Ж.Тағайбаев: Берілейін деп жатқан көше неше шақырымды құрайды?
Қ.Мусагалиев: 2 шақырымдай болады.
Ж.Тағайбаев: Негізі Қала би көшесі өзі жалғасып кеткені дұрыс болар еді. Басқа көшеге берсек болмайды ма?
Қ.Мусагалиев: Бекзат секторында басқа атауы жоқ көше жоқ. Бұл көше жаңадан түсіп жатқан көше болғандықтан беріп жатырмыз.
А.Мәди: Бұл көшеде тұрғын үйлер жоқ екен, ол бір жағынан дұрыс. Себебі тұрғындар құжаттарын қайта рәсімдемейді.
А.Жандосов: Бұл азаматты білмейтін адам жоқ. Қаламызға еңбегі сіңген, барлығымыз қолдаймыз. Біз тек ертеңгі күні жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, такси шатасып үйлерді таба алмай жүрмесін деген оймен айтып отырмыз.
А.Мәди: Архитектор мырза сіздер картаға дұрыс енгізсеңіздер болды.
М.Кушенов: біз, ономастика комиссиясы қалай шешім шығарып береді, солай енгіземіз.
Б.Абусейтов: Р.Бердібаевқа көше атауыын берілген еді, сол не болды?
Қ.Мусагалиев: Қазіргі таңда тоқтап тұр. Алдағы уақытта комиссия шешім шығарады.
Ғ.Сарсенбаев: қаладағы қайталанатын көшелер бойынша не жұмыс істеліп жатыр?
Қ.Мусагалиев: Бұл мәселе бойынша архитектурамен бірлесіп, жұмыс жүргізетін боламыз.
Ғ.Сарсенбаев: Осы мәселені шешу жолдарын қарастырып, алдағы уақытта шешу керек.
А.Мәди: Бекзат шағынауданындағы жаңадан түскен атауы жоқ көшеге Түркістан қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Эйлер Джамалетдинұлы Сулеймановтың есімін беруді барлық депутаттар бірауыздан қолдады.
Күн тәртібінде ұсынылған мәселелерді тыңдап, талқылап, Түркістан қалалық мәслихатының Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегітұрақты комиссияотырысы ҚАУЛЫ ЕТТІ.
1.«Бекзат шағынауданындағы жаңадан түскен атауы жоқ көшеге Түркістан қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Эйлер Джамалетдинұлы Сулеймановтың есімін беруді талқылау» мәселесі бірлескен қаулы және шешім қабылдау үшін алдағы уақытта болатын сессияның күн тәртібіне ұсынылсын.
А.Мәди,
Түркістан қалалық мәслихатының Әкімшілік аумақтық орналастыру,
құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік
және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы
