ЖАРТЫ ҒАСЫР ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДА

297 көрілім


Ахмет Ясауи университетінің Педагогика және психология кафедрасының доценті педагогика ғылымдарының кандидаты, Кішібаева Дариға Жүнісбекқызын ұстаздардың ұстазы деуге болады. Ол университетте ширек ғасырдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ғалым, білікті педагог. Үш баланы тәрбиелеп өсірген, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған от анасы. Ұстаздың педагогтік еңбек жолына 50 жылдан асты.
Иә, Дариға Жүнісбекқызын ұстаздардың ұстазы деп айтсақ, асыра бағалап, артық айтқандық емес. Себебі, ол 20 жылдай қаламыздағы бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеде дәріс берсе, бүгінде Ахмет Ясауи университетінде педагог кадрларын даярлауға үлес қосып келеді. Ол кісіден дәріс алған қаншама түлектер еліміздің орта білім саласында жемісті қызмет етіп жүр. Сол себепті бұл кісіні ұстаздардың ұстазы деп айтуға әбден негіз бар деп есептейміз. Сондай-ақ, Дариға апайдың өзі де ұстаздар отбасында туып-өскен жан. Ол туралы өз сөзіне кезек берелік.
«Әрбір ата-ана өз перзетін әдепті, саналы, иманды да ибалы болса екен деп армандайды. Елінің елеулі азаматы болын қалайды. Менің де ардақты ата-анам жақсы болып жетілуіміз үшін бізге мейлінше мейрімін төгіп, жақсы тәрбие берді деп ойлаймын. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Екі ұл, сегіз қыз бала болып тату тәтті балалық шағымыз өтті. Әкеміз бәріміздің жоғары білім алуымызды қалады, солай болды да. Бізді бір сөзбен айтқанда, педагогтар отбасы десе де болады. Тек інім ғана экономист мамандығын игерген. Басқамыз түгел білім саласында қызмет еттік. Әкеміз ерте дүниеден өтті. Анамыздың қас қабағына қарап бәріміз еңбек етуге дайын болдық. Ата-анамызға сөз келтірмеуге тырысып, мектепте үлгілі оқушы болдық, бәріміз қалаған мамандығымызды игеріп, күні бүгінге дейін тер төгіп жүрміз.
«Ұстаз деген кім, сіздің ұғымда?» дегенімізде тәжірибелі тәлімгер былай деп сыр ақтарды.
«Ұстаз – өз Отанын шексіз сүйетін, еліміздің болашағына, оның гүлденуіне аянбай үлес қосатын білімді жеткіншектерді даярлайтын тұлға. Әрбір ұстаздың міндеті – шәкірттерінің кеудесіне ізгілік нұрын толтырып, ақыл-парасатын жан-жақты дамытуға, біліммен қаруландырып, тәрбиелеу. «Қыран-түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз-шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқы-мыздың қанатты сөзі бар. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында емес пе? Ұстазды қоғам мен ұрпақ аралығындағы сарапшы десек те болады.
Ұстаздың айтуынша, Ұстаздық жолда жүрген жанның негізгі қасиеттерінің бірі – әдептілік деп ойлайды. Ұстаз тәрбие жұмыстарын жүргізгенде балаларға «жұмбақ дүниенің» құпия сырын ашады, алғашқы білім сатысына жетелеп, қиялын дамытады. Әрқашанда білуге құштар, көңілі шат, еліктегіш, елгезек балалардың талабы мен үдесінен шығып, дұрыс бағыт беруі үшін ұстаз өз ісінің шебері болуға тиіс. Мектепте баланың күнделікті өмірін, білім жолын ұйымдастырып, жан дүниесіне әсер етеді.
«…Өзім сонау оқушы кезімнен-ақ мұғалім болсам деп ойлайтынмын. Мектеп бітірген соң Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түстім.1973 жылы еңбек жолымды Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында 1-сынып мұғалімі болып бастадым.( Педагогтік қызметінің басталғанына 50 жылдан асып барады екен). Сол сәттегі толқығанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екі жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, әрмен қарай 1977 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа осы мамандығымды жалғастыру үшін оқуға түстім».
Иә, Түркістан педагогикалық училищесі кезінде өңірдегі ғана емес, ел көлеміндегі іргелі оқу орындарының бірі еді. Дариға Жүнісбекқызы өзінің бұл ұжымнан алған тағылымы жөнінде тебірене сыр шертеді:
«1982 жылы педагогикалық институтты бітіріп өзім оқыған училищеге мұғалім болып жұмысқа қабылдандым. Кезінде өзіме сабақ берген З.Барлыбаева, Ш.Мұсабекова, И.Тінейбаева, У.Бабажанова, К.Мұхамеджанов, О.Божбанбаев тағы басқа ұстаздарыммен бірге бір ұжымда еңбек ету, олардың ақыл-кеңесін тыңдау мен үшін үлкен мектеп болды. Педучилищедегі еңбек жолым мен үшін бір бақыт, бір белес. Еңбектеген баладан, ақ басты академикке дейін ұстаз алдынан өтеді. Мемлекет қайраткерлері де тәрбиеші-педагогтардан тәлім-тәрбие, тағлым, үлгі алады, осылайша ұстаз ғасырлар бойы адамзат қоғамы жасаған байлықты жас ұрпаққа үйретеді. Былайғы адам, кәсіпкерлер т.б. өнім өндіруімен өнеркәсіпті, экономиканы көтеруге үлес қосып жатса, ал Ұстаз өзінің тынымсыз еңбегімен сол игіліктің бәрін жүзеге асыратын Адам капиталын дамытуға үлес қосады. Колледж қабырғасында еңбек етіп жүріп «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым, тағы басқа мадақтамалар, алғыс хаттар алып, еңбегім бағаланды.
«Жоғары мектепке қалай келдіңіз?» дегенбіз Дариға ұстазға.
«Қаламызда жоғары оқу орны ашылған кезде білікті, білімді мамандарды шақырды. Мен де университетке педагогика, психология пәнінің оқытушысы болып ректор О.Сәбденовтің қабыл-дауымен қызметке келдім. Мұндағы мақсатым жоғары оқу орнында қызмет ете жүріп білімімді, біліктілігімді жетілдіру еді. Колледж қабырғасында жүріп оқу-әдістемелік журналдарға мақалаларым жарияланып тұратын. 2002 жылы жоғары оқу орнында жүріп кандидаттық диссертация тақырыбым бекітілді. 2006 жылы «Бастауыш сынып оқушылырының шығармашылық іс-әрекетін пәнаралық байланыс негізінде қалыптастыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Әрине, кандидаттық диссертация қорғау оңай болған жоқ. Қазақстандағы ұлттық кітапханалармен байланыс жасау, архивтен тарихи материалдар тауып, жариялау, барлығы ізденісті қажет етеді. Осы тұста отбасыма әсіресе жасы келген енем мен жолдасыма қатты риза болдым. Маған түсіністікпен қарап диссертацияны қорғауға көп көмегін көрсетті.
Ғылыми орта, зиялы қауым менің дүниетанымымды қалыптастырды. Қоғамның даму заңдарын дұрыс түсінуге талпынып, өз білімімді үнемі жетілдіріп, дамытып отыру басты мұратым. Өзімнің тәжірибемде білімгерлерді тәрбиелеу үшін, олардың жас ерекшеліктерін жете біліп, соған орай қарым-қатынас жасауды, өз басым өнеге, үлгі болатындай білім дәрежесін көтеріп, шеберлігімді ұштауды міндет етіп қойдым. Өйткені тәрбие міндеттері мұғалімнен білімдарлықты, шынайылықты, адалдықты талап етеді».
Доцент Д.Кішібаеваның университеттегі ұстаз-дық қызметінде 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрген. Бірқатар ғылыми мақалалар, оқу-әдістемелік құралдар, Министрлік бекіткен электронды оқулық, оқу құралдарының авторы ретінде ғылыми ортада танылған. Дариға Жүнісбекқызы сонымен қатар, «Педагогика электрондық оқулығы А.Рысбековамен авторлық бірлестікте «Педагогика тарихы», «Педагогикалық шеберлік» «Педагогиканы оқыту әдістемесі», «Отбасы педагогикасы», «Дефектология негіздері» атты бірнеше оқу құралдары мен оқу әдістемелік құралдарының авторы.
Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы