Қазанның 1- жұлдызында аталып өткен Халықаралық қарттар күні 1990- жылдың 14- желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген болатын. Елімізде 1991 жылдан бері аталып өтіп келеді. Ал, жалпы, халқымыздың «үлкенге құрмет, кішіге ізет» дәстүрі, «дария кеуде, тау мүсін» қарттарын қадірлеп-сыйлау – ежелгі салтымыз.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 240 мыңнан астам халық тұратын болса, соның 17522- сі зейнеткер, 255-і тыл ардагері. Бір ерекшелігі, жасы ұлғайған ата-әжелеріміз қоғамдық жұмыстарға, айналамызда болып жатқан елеулі оқиғаларға, сенбіліктер мен тәлімдік іс-шараларға белсене араласады. Өмір өткелдерінен жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, жастардан ақыл-кеңесін аямайды. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген осы! Осы орайда педагогика саласының ардагері, білім саласында талай жыл басшылық қызмет атқарған Жарқынбек Құлбайымбетов басқарып отырған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып, бірегей жұмыстарды жүзеге асырып отырғанын да атап өткеніміз орынды.
Айтулы мерекеге орай Түркістан қаласындағы «Золото» мейрамханасында «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өткізілді. Киелі шаһардың ақылгөй, дана қарт-қариялары, еңбек, тыл ардагерлері мерекелік дастархан басында жүздесіп, қала өнерпаздарының күшімен қойылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қазына-қарттарды төл мерекелерімен құттықтап, рухани астананың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге марапаттар мен «Алғыс хаттар» табыс етті. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагері Өтепберген Қуанышбаев, еңбек ардагері, саналы ұрпақ тәрбиелеп, Қазақстан спортына үлес қосқан чемпиондардың атасы Хамза Пәйзіұлы, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Саракүл Таңғатарова «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, түркі әлемінің тұмарына айналған қаланың түрлі салаларына еңбек сіңірген ардагерлер, қоғам қайраткерлері Ергеш Диметов, Есалы Нұржанов, Роза Нарымбетова қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының «Алғыс хатымен», Қалила Пралиев, Ұлжан Байболова, Раушан Тойлақова, Қарлығаш Сейітжаппарова қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, медицина саласының ардагері Шора Исмолдаев, Түркістан қаласының гүлдеп-көркеюіне үлес қосқан құрылыс ардагері Әбдіхан Әбдіқадыров сөз сөйлеп, еліміздің алтын діңгектері, рухымыздың шырақшылары, «ағынды дария, ақылды қария» қарттарымызды құттықтап, түлеп-түрленген Түркістанды өркендету жолында қызмет атқарған қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлына, ел ағаларына ақ баталарын берді. Ақжарма тілектерін жеткізді.
Өмірдің бастауы, тіршілік жалғасы – ақ жаулықты аналар, тарихи қаланың білім, мәдениет, өнер, кәсіпкерлік салаларында тынбай еңбек етіп, өлшеусіз үлес қосқан өнеге иелері Таскүл Махмұтова, Дүйсенкүл Жамболова, Гүлжан Әсілбаева осындай керемет мерекелік кешті ұйымдастырып, аға буын өкілдеріне тамаша көңіл-күй сыйлаған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлына, мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевқа, жалпы осы іс-шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан қауымға алғыс сезімдерін білдірді. Жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ардагерлерге сыйлықтар табыс етілді. Екі ғасыр куәгері, ұрпаққа өнеге қарттарымыз аман-сау жүрсінші!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
«ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ»
213 көрілім
