«БІЗ ӨМІРДІ СҮЙЕМІЗ»

1  832 көрілім

Биылғы жыл ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаева үшін шабыты шалқып, бағы тасыған мерейлі жыл болды. Жарты ғасырға жуық мәдениет саласында еңбек етіп, театр тарланы Райымбек Сейтметовтің дуалы аузымен айтылған «Түркістанның мәдениет министрі», талшыбықтай бұралған «Би патшайымы» зейнетке шықса да түркі әлемінің астанасына айналған қаланың қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи өміріне белсене атсалысып келеді. Ұлжалғас Әбенқызының араласатын емес, араласпайтын саласы бар ма деп сұраңыз.
Бір қарасаңыз, қалалық әйелдер кеңесінің мүшелерімен қайырымдылық шарасын өткізіп жатады. Келесі сәтте құқық қорғау қызметкерлерімен, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен жастар тәрбиесі жөніндегі тағылымы мен тәрбиесі мол түрлі форумдардың басы-қасында жүреді. Осындай қым-қиғаш тірліктің арасында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығындағы алпысты алқымдап, жетпістің жалынан ұстаған әжелерге би үйретіп, киелі сахнаның төрінен бір-ақ шығарғанын қайтерсіз?! Ақ көйлегі желбіреп, сыры да, сыны да кетпеген ақ жүзі албырап, өмірде де, сахнада аққудай қалықтаған Ұлжалғас Әбенқызының ерекше жаратылысына, тіп-тік сұңғақ бойына, қырын сындырмайтын сән-салтанаты мен соңғы үлгідегі киімдеріне тамсанып, таңдай қағып жүрген бір адам. Кейінгі толқын жас буын ынта-жігерді, мамандыққа сүйіспеншілікті, еңбекқорлық пен өнерге құрметті осындай мақсатшыл жандардан үйренсе болмас па! Ағымдағы жылдың қыркүйек айының бас кезінде Астана қаласында өткен дүниежүзілік қазақ «Мықты әйел» халықаралық форумына арнайы шақырту алып, қатысуы – танымал тұлғаның бірегей еңбегінің жемісі. Бұл форум жәй форум емес, «Миллион лайксыз – миллионға лайық іс атқарған әйелдер» форумы. Тарих беттерінде аты аталмаса да, ел дамуына нақты үлес қосқан, өз еңбегімен қоғамның түрлі саласында оң өзгерістерге себеп болған әйелдердің еңбегін дәріптеуді мақсат тұтқан келелі жиын. Англия, Голландия, Венгрия, Португалия, Испания, Финляндия, Германия, Қытай, Түркия, Корея, Монғолия, Малайзия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен келген қазақтың мықты қыздары, ұлт болашағының алтын діңгектері Астана төрінде бас қосып, алғаш рет бір алаңда жиналды.
Бұл өмірде Алланың ең биік мәртебе берген, ұлтына, нәсіліне, тегіне қарамай, жүрегі бір бағытта соғатын, елінің болашағы үшін жанын пида ететін бір адам – ол Ана болса, сол аналар, өмірдің бастауы – әйелдер, жаңа келбетті, жаңа тұлғалы, ұлттық даму мен тұрақтылықты қолдайтын әйелдер ойларын ортаға салды. Осы халықаралық деңгейдегі небір ығай мен сығай, жақсы мен жайсаң, өз елінің бетке ұстарлары мен шеберлері, бір сөзбен айтқанда, төрткүл дүниенің өкілдері бас қосқан жиынның тұсаукесер рәсімін жасау құрметі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Оразкүл Асанғазықызы мен Түркістанның мәдениет майталманы Ұлжалғас Мұстафаеваға бұйырды. «Жілік алмақ – мінезден»- демекші, дүйім жұрттың арасынан таңдаудың жерлесімізге түсуін де мәртебе санадық. Мұнымен тыныштала қоятын Ұлжалғас Әбенқызы ма? Келе сала, алпыс пен жетпіс жас аралығындағы, өмірі би түгіл сахна көрмеген, сегіз әжеден құралған «Тұран» би тобының мүшелерін асқақ Алатаудың баурайында жеті мемлекеттен келіп, он сегіз команда қатысып жатқан «GOLDEH GRACE 60+» І-ші халықаралық би фестиваліне ала жөнелді. Әрине, оның алдында жан терге түскен дайындық- жаттығулар өтті. Сахналық киім-кешек, репертуарлар таңдалды. Уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Осының бәріне жүрексінбей, білек сыбана кіріскен егде жастағы, кәсіби емес «биші әжелер» де мықты. Көп қажыр-қайрат пен күш-жігерді қажет ететін күрделі би өнерін меңгеруге «қатып қалған» сүйектерінің сықырлағанына қарамай, жас балаларша мың бұралған бидің «әліпбиін» үйренді. Нәтижесінде, киелі сахнаға ұлттық өнердің шамын жаққан қос биді керемет орындап шықты. Классикалық билердің үлгісін көрсетпекке талпынып, шетелдік музыканың ырғағында теңселген он сегіз би тобының арасынан Нұрғиса Тлендиевтің «Ата толғауының әуенімен тербелген «Аса таяқ» және Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» төгіліп, жарқырап, жүректерге нұр құйып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Көпшілікті тәнті еткен «Тұран» тобының мүшелерімен қысқаша таныстырып өтсек, Бақыткүл Байболова, Дүйсенкүл Сапарова, Күлайхан Маханова, Зәуре Ертуғанова, Зубайра Белгібаева, Құттықыз Рүстемова, Күлгін Айымбетова, Гүлнәр Жарменова. Қарап отырсаңыз, би өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын түрлі мамандық иелері жастары ұлғайған шағында «өнер» атты қасиетті кемеде тербеліп жүр! Қандай керемет! Үлкен халықаралық тартысты додадан жүлделі оралған «Тұран» би тобының мүшелерін Түркістан қаласының әкімі арнайы қабылдап, өнерді пір тұтқан аяулы әжелерді жеңістері-мен құттықтады. «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтар, гүл шоқтарын табыс етті.
Ойда жоқта, биыл ғана дүниеге келіп, халықаралық жарыста топ жарған «Тұран» би тобының жетекшісі Ұлжалғас Мұстафаева: «Біз қазір әдемі жастамыз. Перзенттерімізді өсіріп, немерелерімізді қызықтап жүрген бақытты әжелерміз! Үкіметіміз де бізге жан-жақты жағдай жасап қойды. Ризамыз! Біз өмірге де, өнерге де ғашықпыз!»- деді қала басшысымен кездесуде сөйлеген сөзінде. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, өмірге ғашық жандар!
Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы