КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА АЛЛЕЯ АШЫЛДЫ
Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында қаланың басты даңғылдарының бірінде жаңа аллея ашылды. Аталған демалыс аймағы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, I, II, III дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгісінің иегері, ҚР Құрметті кеншісі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Кентау қаласының Құрметті азаматы Сақ Мәуленқұловтың есімімен аталды. Салтанатты шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, кенші ардагерлер, Сақ Мәуленқұлұлының туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жаңа саяжол кентаулықтар үшін жайлы демалыс орнына айналып отыр. Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы жиналғандарды қала күні мерекесімен құттықтап, Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмір жолы мен еңбегін ерекше атап өтті. Шара барысында кенші ардагерлер Исахан Жұмабайұлы, Абибулла Күштаев, қоғам қайраткері, Кентау қаласын 1999-2001 жылдар аралығында басқарған Болат Жылқышиев сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Шара соңында жиынға қатысушылар жаңа аллеямен танысып, естелік суреттерге түсті.
