«АНАМНЫҢ АҚ ТІЛЕГІМЕН ДӘРІГЕР БОЛДЫМ»

348 көрілім


Қазанның алғашқы күні – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн тек мереке емес, ұрпаққа өнеге болған ақылгөй қарияларды ардақтап, олардың өмір жолына тағзым ететін ерекше күн. Жас буынға тәрбие беріп, қоғамға әлі де белсене араласып жүрген ардагерлердің орны қашан да айрықша. Қарттық тоқырау емес, қайта өмірлік тәжірибенің шыңы, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Елімізде жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, елдің игілігіне өз үлесін қосқан ардагерлердің арамызда жүргені қуантады. Олар әлі күнге дейін ақыл-кеңесімен, еңбектегі үлгісімен қоғамның дамуына атсалысып келеді. Солардың бірі балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Сейдинов Шора Мусалиұлы. Біз қарттар күніне орай елге еңбегі сіңген ардагер дәрігермен сұхбаттасып, батасын алып қайтқан едік.

  • Құрметті Шора Мусалиұлы, ең әуелі қарттар күні құтты болсын! Бұл мереке сіз үшін нені білдіреді?
  • Иә, рахмет, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде қарттар күні атап өтіліп, ардагерлердің, қазыналы қарияларымыздың мерейін асыру үшін көптеген шаралар ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Мен әрине қарттардың еңбекке араласқанын қалаймын, олар деген нағыз тәртіптің адамдары ғой. Жұмысқа ерте келу, ісінің бүге-шүгесіне дейін жауапкершілікпен қарау олар үшін бұлжымас заң. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Зейнеткерлер денсаулығы мен энергиясы болса, қоғам дамуына үлес қоса алуы тиіс. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі» деген сөзі бар. Бұл өте орынды.
    Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді. Көрген-білгені мол, тәжірибесі бар қарттарды пайдаланып қалған жөн. Соғыс кезінде де жасы үлкен қария кісілердің тапсырмасына құлақ аспады емес пе? Біз зейнет жасына шықсақ та еңбек етіп жатырмыз. Мұның жақсы жағын атап өтсек, қартайдым деп жатып алмай, салауатты өмір салтын жүргізсе, көпке үлгі болады. Мысалы, мен таңертең намазымды оқып болған соң, 34 жылдан бері үздіксіз жасап келе жатқан таңғы жаттығуымды жасаймын, бірнеше шақырым жүгіремін, ботаникалық бауды айналып өтемін, спортпен шұғылданамын. Спорт жаныма жақын, мен жеңіл атлетика, футбол, самбо күресінен 2013, 2016 жылдары ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионымын!
  • Өмір жолыңызға көз жүгіртсек, сіз халыққа еңбегі сіңген дәрігер-хирург, профессор, көптеген шәкірт тәрбиелеген ғалымсыз. Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?
  • Мен 1952 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданында дүниеге келдім. 1969 жылы Гагарин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы тәмамдадым. 1975-1992 жылдар аралығында Шымкент облыстық ауруханасының балалар хирургиясы бөлімшесінде дәрігер-ординатор болып қызмет еттім. 1987 жылы балалар хирургі маманы бойынша жоғары дәрежелі біліктілікке ие болдым. Одан соң Шымкент облыстық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық қан құю станциясының бас дәрігері болдым. Одан кейінгі еңбек жолым Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы балалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісімен қатар ОҚММА балалар хирургиясы кафедрасында профессорлық қызметінде жалғасты. 2007 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Факультеттік хирургия» кафедрасы меңгерушісі, ал 2010 ж. бастап «Хирургиялық аурулар» кафедрасы меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін. Осы универстетіміздің клиника-диагностикалық орталығында дәрігер-хирургпын.
    1995 жылы «Гигиена» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация, 2001 жылы Мәскеуде «Гематология және қан құю» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғадым. Осы ретте биылғы жылдың мерейімізді асырып қуантарлық сәтімен де бөлісе кетейін. Өзіміз білім алған мемлекеттік медицина институтын, қазіргі С.Асфен-дияров атындағы ҚазҰМУ-ды бітіргені-мізге биыл 50 жыл толды. Осы мерейтой-ға қатысып, жуырда «Ұлағатты түлек» төсбелгісімен марапатталып қайттым.
    Өзім негізі оқуға түсерде инженер боламын ба деп ойлайтынмын. Әкем соғыс ардагері, анам сырқаттанып жүре-тін. Сонда анамның айтқаны: «Балам, біз де қиналып жүрміз, дәрігер болсаң бізді де емдер едің, халықтың алғысына да бөленесің» деп үміт артқан соң, осы медицина саласын таңдадым. Осылайша анамның бір ауыз тілегі менің тағдыр жолымды өзгертті. Дәрігер болған соң ең бастысы – жауапкершілік. Қанша оқып-тоқысаң да, егер еңбектенбесең бәрі әурешілік. Жақсы дәрігер болу үшін үлкен төзім, машық пен ізденіс қажет.
  • Алғаш жасаған отаңыз есіңізде ме?
  • Әрине. IV-V курс оқып жүрген кезімізде ауруханада кезекшілікке тұратынбыз. Бірде Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов 14 жасар немере қызын ертіп келді. Баланың маңдайы жарылып, тігіс салу керек болды. Батыр атамыз: «Мені танисың ба?» – деп сұрады айбарлы дауысымен. Дүркіреген атын естігеніммен, түрін көрмегенмін. Өзін таныстырғаннан кейін одан сайын қатты толқып, дірілдеп кеттім. Дегенмен немересінің маңдайына ойдағыдай тігіс салдым. «Ертең келіп, тағы көрсетіп кетіңізші» деймін уайымдап. Тәртіптің адамы ғой, уәде бергендей келесі күні қызын қайта әкеліп көрсетті. Барлығы ойдағыдай жазылып келе жатқанын көріп, арқамнан жүк түскендей қуанып қалдым.
    Одан кейін соқырішекке алғаш жасаған ота, облыстық ауруханаға келген кезім, жетекші дәрігерлер қолымның жеңіл, епті екенін байқап операцияға кіруге рұқсат берді. Науқасқа ота жасап қарасам соқыр ішегі жарылып кеткен, шошып түстім, қалай болар екен деп, білгенімше жасап, дереу бас дәрігерге барып айтқан едім, ол тексеріп бәрінің дұрыс жасалғанын айтты. Сол науқасты күніне он рет барып көріп шығамын ғой. Кейіннен үйреніп кеттік. Қолдың ептілігі мен машықтанудың арқасында соқырішекке ота жасауды 7 минутта бітіретін деңгейге жеттік.
  • Хирургиядағы ең ауыр сәттеріңізді айтып берсеңіз?
  • 1982 жылы Қазығұртта гарнизон командирінің қызын көлік қағып, аяқ астынан білікті дәрігер ретінде мені шақыртты. Сол жерде біраз дәрігерлер болды. Басым бөлігі «ауырсыну басылған соң жазылып кетер» деген ойларын ортаға салды. Бірақ мен «арнайы шақырылғаннан кейін шешімді өзім қабылдауым, жауапкершілікпен маған жүктелген соң аяғына дейін апаруым керек, қалайда ота жасалу тиіс» деп алған бетімнен қайтпадым. Ол кезде рентген аппараттары тапшы, оған анализді тапсыру қиындығын қосыңыз. Осылайша қолда ешнәрсе жоқ, бірақ пайым мен біліктіліктің арқасында ота жасап қарасақ, бүйрек, талақ секілді ішкі органдарына ауыр зақым келіп, қан кетіп жатыр екен. Науқасқа уақытылы ота жасау арқылы қыздың өміріне төнген қауіптің алдын алдық. Міне, білім мен ізденістің, табандылығымның арқасында дұрыс шешім қабылдадым. Бұл жерде мен не айтпақшымын, дәрігер бірінші өзіне сенімді болуы керек. Өзіңе деген сенімділік пен жауапкершілікті сезінсең қателеспейсің деп ойлаймын.
  • Қазіргі денсаулық саласында қандай түйткілді мәселелер бар?
  • Бірінші айтарым, қай салада болмасын әр маман өз білімін жетілдіріп отыру керек. Ең алдымен тәртіп болу керек, тәртіп деген – жұмысқа ерте келу, жауапкершілікпен қарау, мысалы мен ерте 7 жарымнан келемін де түннен қалған науқастарды тексеріп шығуды әдетке айналдырғанмын. Ота жасау керек болса оған дайындаламыз, қайтару қажет болса оны айтамыз. Өз басым, әсіресе ауысымды тапсырғанда науқасты келесі кезекші дәрігерге тез тапсырып кеткенше асығатын дәрігерден қорқамын. Олай болмайды. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен, тірлігін тез бітіріп кетуге асығып тұратын маман жақсы болады деп айта алмаймын. Одан соң еңбекқорлық қажет. Яғни қолды үйрету, инструмент ұстауға машықтану, екі қолмен жұмыс жасау, өте епті болу, білімді болу, бір қолмен ғана жұмыс істесе ол шолақ секілді болады, өзіңдегі бар мүмкіндікті пайдалану керек. Кейбір мамандар бар, білімі бар, қолы епке келмейді, кейбірі аса білмегенімен, қолы жылдам. Сондықтан екі жақты толық меңгеріп, білікті дәрігер болу керек.
    Қазіргі таңда бүлдіршіндердің ыдыс жуу құралдарын, құрамында қышқыл зат бар сұйықтықтарды жұтып, өңеш-асқазанды күйдіріп, қиын жағдайға жиі тап болуы. Жылына шамамен 30 шақты бүлдіршін осындай жағдаймен клиникамызға түседі. Балалар үлкендердің қарауынсыз абайсызда жұтса, кейбір жас қыздар, жасөспірімдер суицид мақсатында қасақана өз денсаулығына қауіп төндіруде.
  • Ғылымдағы еңбегіңізге тоқталсақ?
  • Менің жетекшілік етуіммен 7 кандидаттық, 7 магистрлік диссертация қорғалды. «Қан қызметінің өзекті мәселелері» атты 4 монография, «Балалар хирургиясы» оқулығы және «Балалар хирургиясы» жайлы 3 оқу-әдістемелік нұсқаулары, «Перитониттің заманауи емдеу тәсілдері» және «Өңеш асқазан хирургиялық аурулары», «Онкология оқу құрал негіздері» оқу құралдары жарық көрді.
  • Қорытынды ретінде айтар ойыңыз…
  • Уақыт зымырап барады, бірақ адамның ең үлкен байлығы – атқарған еңбегі мен қалдырған мұрасы. Бүгінгі қарттар кешегі майдан мен еңбек даласында шыңдалған, тәртіп пен жауапкершілікті ту еткен жандар. Біз соны жас буынға жеткізуіміз керек. Әрбір дәрігердің, әрбір азаматтың басты мақсаты – адамға пайда әкелу, өміріне араша болу. Егер қолыңнан бір жанға шипа беру келсе, одан асқан бақыт жоқ. Жастарға айтарым еңбектен қашпаңдар, уақытты босқа өткізбеңдер. Еңбек пен ізденістің арқасында ғана арман орындалады.
    P.S. Профессор Ш.М.Сейдиновтің ұлағатты әңгімесі мен өмірлік тәжірибесінен бөлек, сұхбат соңында қол жайып, жүрекке жетер тамаша бата беріп шығарып салуының өзі оның нағыз кемелденген қарттық жасына жеткенін, халыққа айтар өнегесі мен өшпес ізі бар екенін айқын көрсеткендей болды. Қарттарымыз аман болсын!
    Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы