«ҚУАНЫШ» – КӘСІПКЕР МЕН ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰТТЫ ОРНЫ

502 көрілім


«Қуаныш» сауда орталығы ЖШС-ның ұйымдастыруымен қызметкерлер арасында шағын футболдан жарыс өтті. Көпшілік арасында «Қуаныш» базары атымен танымал сауда орталығында бүгінгі күні Түркістан қаласындағы бес мыңға тарта кәсіпкер тіршілік жасап отыр. Шағын және орта бизнестің шынайы көрінісіндей сауда орталығы соңғы 30 жылда қала тұрғындарының берекесі тасыған құтты мекеніне айналған.
Әлі күнге дейін қажетті дүниесін сатып алуға бекінген адам бірінші осы «Қуаныш» сауда орталығын еске алатыны белгілі. Түркістандықтардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысы бар осы орталық биыл құрылғанына 30 жыл толу мерейтойын түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы атап өтіп келеді.
Сол шаралардың бірі ретінде сауда орталығының әр саласындағы кәсіпкерлері арасында шағын футболдан жарыс өткенін атап айтсақ болады. 12 команда қатысқан доп додасында «Қуаныш» сауда орталығының қоғамдық қауіпсіздігі үшін қызмет ететін Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері де бар. Күнделікті сауда-саттықтан бір сәтке дамыл тауып, жасыл алаңда бақ сынаған кәсіпкерлер арасындағы футбол жарысы өте тартысты өтті. Жеңіс жолында бойларындағы күштерін сарқа жұмсаған қызметкерлер өз ойын өрнектерімен салауатты өмір салтын да назардан тыс қалдырмайтынын байқатты.
Жарыс қорытындысында жүлделі ІІІ орынды «Әділжан» сауда орталығының қызметкерлері иеленсе, ІІ орынды «Қуаныш» сауда орталығының ет сатушылары қанжығалады. Ал, І орын Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің еншісіне тиді. Тартысты доданың ресми нәтижесі осылай түйінделгенімен, жарысқа қатысушылар «ынтымақ пен бірлік жеңіске жетті» деген ниетпен тарқасты. Айта кетейік, шағын футболдың салтанатты рәсіміне қатысқан Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғ.Сәрсенбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Қырықбаев Инара Әбдіғаппарқызы басқаратын сауда орталығының әкімшілігіне жылы лебіздерін білдіріп, спорттық сайысқа қатысушыларға табыстар тіледі.

«Қуаныш» сауда орталығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты И.Намазбаева биылғы мерейлі жылды атап өту барысында тек қана спорттық сайыстармен шектелмей, әртүрлі бағытта атап өтіп келе жатқанын жеткізді. Соның алғашқысы көктемде ерекше балаларға арналған бейресми бочча жарысы өтті. Бочча – тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін арналған параолимпиадалық спорт түрі. Ол кішкентай допты дәлдікпен лақтыру арқылы ойналады және үлкен зейін мен төзімділікті талап етеді. Сол секілді алдағы уақытта студенттер арасында зияткерлік сайысын өткізуді жоспарлап отырғанын естідік. Бұдан бөлек сауда орталығының түрлі деңгейде әлеуметтік мәселелерге белсене араласатынын да айта кеткен жөн.

“Түркістан-ақпарат”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы