БЕС ЖАСЫНДА БЕЛ ШЕШЕ БИДАЙ ОРҒАН

144 көрілім

Жақсыбек қажы Абылайұлы Бейсеновті түркістандықтар мен саурандықтар Қаржы және экономика саласының майталманы, «Жақсы-Бек» шаруа қожалығының төрағасы, Түркістан қаласының құрметті азаматы (2012 ж), Түркістан қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі (2005 ж), 2005 жылдан бастап Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының алқа және пленум мүшесі, ҰОС теңестірілген тыл ардагері, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі (2016-2020 ж), Семей полигонының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан қалалық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі деп біледі.

Жақсыбек Абылайұлы ақсақал өз ғұмырында талай асулардан асып, көп қиындықтарды бастан өткерді. Ол қазіргі Сауран ауданына қарасты Абай ауылында Ер Жаманбай батырдың қарашаңырағын ұстаған жетінші ұрпағы Тобағабыл бидің ұлы Бейсеннің шаңырағында 1936 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Түркістан төңірегінде бірқатар колхоздарда бастық болған әкесі Бейсенов Абылай 1937 жылдың аяғы, 1938 жылдың басында «Ынталы» колхозының (қазіргі Майтамтал ауыл округі) парторгы қызметінде жүрген кезінде «Халық жауы» деген жаламен ұсталады.

Сол кезде анасы Шәрипа 4 жастағы Әбдібек (Жақсыбектің ағасы) пен 2 жас шамасындағы Жақсыбектің бірін жетектеп, екіншісін көтеріп күйеуін түрмеге іздеп барады. Алайда отағасына жолықтырмақ түгіл, «НКВД» жендеттері «кет жаудың әйелі. Сені де атып өлтіреміз» деп қолындағы мылтығымен аналарын кеудесінен түйреп, жерге ұрып құлатады. Онысы аздай қолындағы Жақсыбегін желкесінен бүріп ұстап анадай жерге лақтырып жіберіп, топырақтың шаңын аспанға көтереді. Қос перзентінің аңыраған дауысынан құлағы шыңылдаған ана «ең болмаса азаматымның екі ұлын аман алып қалайын» деп зәре құты қалмай, сол қашқан бойда ауылына жетіп жығылады. Жендеттерден көрген қорлығы мен қатты уайымы жас ананы қатты қапаландырып, ол көп ұзамай іш құса болып көз жұмады. Ал төрт жасар Әбдібек пен 2 жастағы Жақсыбек екеуі әкелерінің інісі қарашаңырақтағы Батырбектің үйіндегі қарт әжесі Тұрардың қолында өседі.

Олардың әкесі Абылай соғыс басталардың алдында босап шығады. Яғни, 1939 жылы қаңтарда «НКВД» түрмесінен босатылған соң сол жылы жаңадан құрылған Фрунзе ауданында білімсіздікті жою жөніндегі инспекторы болады. Бірақ қос бүлдіршіннің қуанышы көпке созылмай, әкесі 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан хабарсыз кеткен. Тек 1989 жылы облыстық партия комитетінің шешімімен «халық жауы» деген жаладан толық арылады.

Ата-анасыз қалған қос бүлдіршін еңбекке ерте араласып, колхоздың қойын бағып, егінін егеді. Әжесі қой сауып, сүтін колхозға өткізеді.

Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі 5 жаста ғана болған екен. Әкесі және оның екі бауыры да әскер қатарына алынып, ал Жақсыбек Бейсенов сол жылдары бидай орып, масақ теріп бел жазбай еңбек еткенін айтады.

– Бидайды қолмен оратын. Ол заманда комбайн болмаған соң өгіздерді қосақтап, ортасына ағаш байлап қойып, жанына бидайларды тастап соның үстінен өгіздерді айдайтын. Солай жасаған соң өгіздің аяғымен бидайдың сабағынан бидай бөлініп шығады да сабаны бөлек, бидайы бөлек болып ажырайтын. Одан басқа қырман айдаймыз, масақ тереміз. Мақта егеді. Мақтаға су жүретін арықтар дайындайтын едік. Ішетін ас та тапшы болды. Түстің кезінде жұмыс жасаған адамдарға ғана бір тостақ быламық беретін, кейде бір литр айран беретін. Ол кезде 7-8 жастағы балалар толыққанды жұмысшы адамдар болып саналатын. Бізде балалық шақ деген дәурен болмаған. 10 жасқа толғанда ғана 1 сыныпты бастағанбыз. Мектепке барған кезде киім тапшы болып оқуға жалаң аяқ барғанымыз есімде. Тек 4-5 сыныптарға өткен кезде ғана аяқ киім кие бастадық, – деп жадында жаңғырған өткен шағын тебірене есіне алады Жақсыбек Абылайұлы ақсақал.

АУЫЛ

ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЖАРТЫ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ЕҢБЕК ЕТТІ

Жақсыбек Бейсенов бұрынғы Ақтөбе колхозы, Түркістан қаласындағы сол кездегі «Ленин» атындағы мектепте оқып, артынан 1956 жылы Фрунзе ауданындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы ауыл шаруашылығы техникумын «Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша 1957-1959 жылдары оқыса, білімін жетілдіріп Алматы ауыл шаруашылығы институтының есепші мамандығы бойынша 1967-1972 жылдары оқиды.

Еңбек жолын 1959 жылдан Семей облысы, Аягөз ауданындағы «Сергиополь» кеңшарында қатардағы есепші қызметімен еңбек жолы басталды. 1960 жылы бас бухгалтердің орынбасары, 1961 жылы сәуір айыннан бастап қазан айына дейін бас бухгалтері болып қызмет атқарған. 1961 жылы қарашадан бастап 1963 жылы мамыр айы аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының «Капланбек» техникумында бас есепші болды. 1963 жылы мамырдан бастап 1970 жылы қыркүйекке дейін «Қожа-Тоғай» совхозында бас экономист, одан соң 1974 жылы қыркүйекке дейін «Овцевод» совхозында бас экономист болып қызмет атқарған. 1974-1996 жылдары аралығында Түркістан ауданындағы «Чапаев» ұжымшарында бас есепші болып қызмет жасаған. 1997 жылдан «Түркістан-несие» акционерлік банкісінің акционері, басқарма мүшесі және «Жақсы-Бек» шаруа қожалығының төрағасы болып қызмет атқарды. 1996-2005 жылдар аралығында ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Оңтүстік Қазақстан облысындағы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау комитетінің банкроттық мекемелерінде Түркістан қаласы және аудан бойынша конкурстық меңгерушісі және жылжитын, жылжымайтын мүліктерді бағалаушы қызметін атқарды.

Жақсыбек Абылайұлының жетістіктеріне тоқталар болсақ 1989-1992 жылдары ауыл шаруашылығы кеңшарлары мен ұжымшарларында колхоз, совхоз) ішкі шаруашылықтағы есепті чектік тәртіппен жүргізу тәжірибесі Ауыл шаруашылық миинстрлігінде мақұлданып, оны облыста бірінші болып жүзеге асырған. Осы еңбегі үшін облыстық Партия комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Облыстың Құрмет тақтасына енгізілді.

Мемлекеттің даму жолында 45 жылдан астам атқарған еселі еңбегі бағаланып, Респуликалық, облыстық және аудан-қала басшыларының тарапынан 20 медаль-төсбелгілермен және 45-тен астам Құрмет грамоталары (9), Алғыс хаттармен марапатталған. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып отырады.

ШАХМАТТЫ ЖАҢҒАҚША ШАҒАДЫ

Түркістандағы жаңа әкімшілік басқару аймағындағы жақында ғана ашылған №28 мектепке Жақсыбек Бейсенов ақсақал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «30 кітап сыйла» акциясына қатысып, жаңа мектепке өмір бойы жинаған 2170 кітапты 40 кітап сөресімен бірге сыйға тартты. Шахматтың хас шебері осылайша акцияға қатысуға асықпай жүрген түркістандық кітапсүйер қауым мен ақын-жазушыларға мат қойды.

«Өнегелі өмірдің жалғасы – ұрпақтар сабақтастығы» атты конференция ұйымдастырылып, мектеп кітапханасына Жақсыбек Абылайұлының есімін берген болатын. Келесі жылы аталған білім ошағында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, Жақсыбек Бейсеновтың еңбек жолындағы бүкіл медальдары мен марапаттары қойылған мұражай ашылды.

Мұражайдың ашылу салтанатында сөз алған №28 мектептің директоры Ләззат Нысанқұлованың айтуынша, қыркүйекте ашылған мектепте оқушылар саны 400-ге де толмаған. Көп кабинеттер толық жабдықталмаған. Кітапхана орны бос.

– Ал, мына Жақсыбек атамыздың бірден 2170 кітапты сыйға тартуы ғажап құбылыс болды. Себебі, кітапты кітапханаға бекітіп алудың құжаттарын толтыру, актілеу секілді азапты жұмыстары көп. Ал, көргені көп ақсақал бір-ақ күнде төбемізден інжу-маржан құйғандай болды. Бүкіл балалар кітапханадан шықпайды. Себебі, мұнда балалар әдебиетінен бастап, әлемдік классика, энциклопедиялық, ауыз әдебиеті, ертегілер, шахмат әлемінің сардарлары туралы неше түрлі кітаптар бар, – дейді мектеп директоры ризашылығын білдіріп.

Мектеп қабырғасындағы «Өнегелі өмір жалғасы – ұрпақтар сабақтастығы» атты облыстық семинарда сөз алған Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің сол кездегі директоры Балкан Қасымов кітапхананы бір аралап шыққан соң: «Мен мұнда кемінде бес-он миллион теңгенің кітаптары бар ау деп топшылап едім. Бірақ, көп жылдар бойы жинаған, сан түрлі саладағы, әр жылдары шыққан тарихи жәдігерлерді көргенімде, шынында баға жеткісіз құндылық екендігіне көз жеткіздім, – деді.

Жаңа әкімшілік орталығында ашылған жаңа мектепке кітаптан басқа бес шахмат тақтасын тапсырған Жақсыбек Бейсенов ақсақал демеушілігімен мектепте шахматтан турнир өткізілді. Қадірменді қария Түркістан облысының атағын республикаға шығарып жүрген ағайынды шахматшылар Амантайтегі Нұрбақыт пен Жарылқасынның ойынына төрешілік етіп, ақыл-кеңестерін аямады.

Семинарда сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының ұстаздарына аталық ақ батасын берді. Ұсынысын да жасырмады.

– Менің ойымша, осы мектептен Жансаямен келісе отырып, шахмат клубын ашып, ынталы балаларға сабақтан тыс уақытта аптасына екі рет шахмат ойынының қыр-сырын үйретуіміз керек. Себебі, өмірдің өзі шахмат ойыны секілді күрмеуі көп,-дейді қадірменді қария.

Бүгінде 89 жасты еңсерген түркістандық Жақсыбек Бейсенов ақсақалды қалалықтар шағын шаһардың қоғамдық өміріне қызу араласқан қадірменді қария ретінде жақсы таниды.

Айтса айтқандай, ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, өз саласының майталманы, мықты білгір маманы болып қалыптасқан Жақсыбек Абылайұлы бірқатар жыл өзге өңірлерде де қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтап туған топырағы – Түркістанға үздіксіз қызмет еткен азамат. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, бақытты ғұмыр кешіп отырған ақсақал жас кезінде сыртта жүріп көп дос арттырған еді. Одан бөлек, Жақсыбек Абылайұлы мемлекеттік деңгейді жоғары лауазымда қызмет атқарған әкесінің інісі Тобағабылов Бейсенұлы Әбілбек ағасының тәлім-тәрбиесінде молынан алған болатын. Бір кездері еліміздің астанасы болған Қызылордада бірқатар қызметтер атқарған Әбілбек ағасы 1939-1942 жылдары Қазақстан КП ОК-де Бастауыш және орта мектеп қызметкерлері одағының төрағасы, 1942-1948 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, жауапты ұйымдастырушы қызметтерін атқарған болса, 1948-1961 жылдары Семей облысындағы Көкпекті және Аягөз аудандарын 13 жыл басқарған. Ол сондай-ақ, екі мәрте ҚазССР Жоғары кеңесінің депутаты болған мемлекет және қоғам қайраткері. Міне осындай ірі тұлғаның төңірегінде біраз жыл еңбек етіп, ақылын тыңдап өскен Жақсыбек Бейсеновтың өмірде түйгені мен көргені мол.

Ол 2007 жылы қасиетті Мекке-Мединада қажылық парызын орындап келген. Жұбайы Орынай Бәкірқызымен (жұбайы 2023 жылы өмірден озды) 7 ұл-қыз тәрбиелеп (перзенттерінің барлығы жоғары білімді), олардан 25 немере 74 шөберенің қызығын көріп отыр. 2024 жылы Түркістан қаласында Халықаралық қарттар күніне орай қала ардагерлері арасында ұйымдастырылған шахмат түрнирінде бірінші орынды жеңіп алған ол әлі де тың. Себебі, балалық дәуренді жастық шақты тағдырдың теперішімен көрген оны өмір әбден шыңдаған. Перзенттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі са-лада мемлекетке адал қызмет атқа-рып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы