«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға», – қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев жырлаған осы өлең жолдары әлі күнге өміршеңдігін жоймай келеді. Орта Азия еліне ортақ Наурыз мерекесін қазақ халқы жыл сайын сән-салтанатымен жоғары деңгейде қарсы алып келеді. Ал биылғы жылы бұрынғыдан да ерекше. Себебі, Қазақстанның Батыс қақпасындағы Отпан тауынан басталған халықаралық түрдегі Әз-Наурыз мерекесі елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырдан бері он күн тойланып келеді.

БІЗДІҢ ДІНІМІЗ БЕН ДӘСТҮРІМІЗ ЕГІЗ
Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі Әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

АУЫЗБІРШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ОРНЫ – ЕРЕКШЕ
– Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды, – деді Мемлекет басшысы.

ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ – ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰЛТҚА ТӘН ҚАСИЕТ
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту саясатымыздың басты бағыты болып қала беретінін айтты.
– Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

САУРАНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ӘЗ-НАУР
Ұлыстың ұлы күнін Сауран ауданы жұртшылығы айрықша атап өтті. Көнеден жеткен төл мереке күні мұқым елдің мейманасы тасып, ән-жырдан шашу шашып, көпшілік наурыз көжеден дәм татты.
Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мәдени шаралар 1 наурыз – Алғыс айту күнінен бастау алды. Мерекеге орай 14-22 наурыз аралығында әр күнге тақырыптық атау беріліп, түрлі бағытта көптеген іс-шаралар өткізілді. Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз күні аудан әкімдігінің алдындағы алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, «Берекелі Әз Наурыз» мерекесі аталып өтті. Мереке ұлттық спорттық ойындар мен көрмелерді тамашалаудан басталды. Онда «Ай-Тұмар» би тобы өз өнерлерін ортаға салды. Негізгі бөлімде «Наурыз-амал» композициялық көрінісі, ұлттық салт-дәстүрлерге арналған көрме, көрісу және тұсаукесер рәсімдері өткізілді. Халыққа Қыдыр ата батасын беріп, мерекенің рухани мәнін арттыра түсті.

БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ, ЖАҢАРУ МЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Салтанатты шарада Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңір тұрғындары мен мереке қонақтарына жылы лебізін жеткізді.
– Құрметті ағайын, ардақты аудан тұрғындары!
Тамыры терең, тағылымы мол Әз-Наурыз – халқымыз үшін бірлік пен берекенің, жаңару мен жасампаздықтың бастауы! Наурыз – тек жаңа жылдың басы емес, ол – салт-дәстүрімізді жаңғыртатын, ізгілік пен мейірімге жетелейтін мереке. Табиғат жаңарып, тіршілік қайта түлеген осы кезеңде ауданымыз да дамудың жаңа белестеріне қадам басып, өркендеуде.
Өткен жылдар ішінде ауданымызда көптеген игі істер атқарылды. Инфрақұрылым дамып, жолдар жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Кәсіпкерлік саласы өркендеп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында жоғары нәтижелерге қол жеткіздік. Білім, медицина, мәдениет салалары да қарқынды дамып, халықтың әл ауқаты жақсаруда. Мұның бәрі – ынтымағымыз бен ортақ еңбегіміздің жемісі.
Алдағы уақытта да осы қарқынмен дамып, жаңа белестерді бағындыра берейік! Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа қуаныш пен ырыс әкелсін! Ел іргесі аман, халқымыз ынтымақты болсын! Жаңа күн жақсылығымен, жаңа жыл құт-берекесімен келсін!, – деп, құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады.

ТҰСАУКЕСЕР – СӘБИДІҢ ЖОЛЫН АШАДЫ
Сауран ауданы құрылып, даму сатысында өз еңбек жолын салған алғашқы әкім Ғани Рысбековке ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді. Аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев құттықтау сөз сөйлеп, қалың көпшілікке ізгі тілегін жеткізді. Олар сахнада түрлі салада аянбай еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамдарына алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар,облыстық мәслихат депутаттары Баймахан Сүлейменов, Сүлеймен Арыстанов және Жанар Темірбековалар саурандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Наурызда халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы қайта жаңғырып, жаңаша жаңара түседі. Ықылым замандардан келе жатқан салт-дәстүрдің бірі – тұсаукесер рәсімі.

Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте ата-бабамыз «баламыз тез жүріп кетсін» деген ниетпен сәбидің тұсауын кестіріп, думандатып той жасайды. Ырымшыл халқымыз баласының тұсауын көбіне данагөй қарияға немесе ел анасына айналған әзиз әжелерге яки болмаса халықтың алдында жүрген азаматтарға кестіретін болған. Ондағы ойы – сол секілді жолы ашық, абыройлы болып ержетсін деген ақ ниет.
Ұлыстың ұлы күні тұсаукесер рәсімі жасалды. Тұсаукесер рәсімінде аудан басшысы Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты, ХҚТУ-дің ректоры Жанар Темірбекова Гүлім есімді қызбаланың тұсауын кесіп, жолына жақсылық тілесті.
– Қуаныштан жүрегіміз жарылардай сезімде тұрмыз. Бүгін қасиетті Наурыз күні қызымыздың тұсауын кестірдік. Оны аудан әкімі мен халықаралық университеттің ректоры кескендегі ішкі сезімімізді айтып жеткізе алмаймыз. Қызымыз осы кісілер секілді ұлтының азаматшасы болсын. Еліміз аман, балаларымыз бақытты болсын, – дейді анасы Аяужан Әмет пен әкесі Олжас Жусанбай бізбен әңгімесінде.
ОН ЕКІ КИІЗ ҮЙ – ЖЫЛ БЕЙНЕСІ
Сауран ауданы әкімдігі алаңына айналдыра 12 киіз үй тігіліп, әр үйге өзіндік атаулар берілді. Әр киіз үйдің алдында түрлі ұлттық нақыштағы шаралар легі ұйымдастырылды. Бірі келін түсіріп, беташар жасаса, енді бірі Жарапазан айтып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар аудан тұрғындары мен қонақтар бесікке салу, айдар кесу, атастыру секілді салт-дәстүрлерді тамашалады. Бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Қолөнершілердің ұлттық бұйымдары да жұртшылықтың ықыласына бөленді. Аудан тұрғындары мен қонақтары Наурыз көжеден дәм татты. Осылайша мереке күні мұқым елдің мейманасы тасып, көпшілік тәтті тағамдардан ауыз тиіп, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.

Сауран аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, мерекелік думанның сәнін келтірді. Сонымен қатар, мәдениет үйінің әншілері Сауран ауданының тумасы, Құрметті азаматы, композитор, профессор, ғалым Бекжігіт Сердәлі ағамыздың әндерінен композициялық қойылым ұсынып, халықтың қошеметіне бөленді. Бәрін айтта бірін айт дегендей, Әз-Наурыз мерекесінде көне дәуір күмбіріндей дәстүрлер дәріптеліп, құндылықтарымыз ұлықталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сауран ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова бастаған бір топ аналар жеті түрлі дәмнен наурызкөже пісіріп, аналық мейірімділіктерін танытты. Самарқанның көк тасы еріген күні жыл жаңарып, табиғат жасарып, адамзат баласының бірлігі мен татулығы нығайды, дәстүріміз ұлықталып, өшкеніміз қайта жанды. Бұл күні үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, ұрпаққа қалар ұлы жолымыз жаңғырды. Кеш соңында ауданның талантты жастары мен мәдениет қызметкерлері халыққа рухани-мәдени мұрадан сыр шертетін әндер орындап, кештің шырайын аша түсті.
Наурыз – ынтымақ пен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың мейрамы. Бұл жолғы мереке де елдің көңілінен шығып, көктем шуағын ала келген тамаша думан болды. Жиын соңында 300 адамға ауызашар беріліп, көпшіліктің батасы алынды.
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНДЕ 48 САУРАНДЫҚ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жүйелі жүзеге асып келеді. Соның үлкен дәлелі, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінде жаңа көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. 24 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті кезекте тұрған азаматтарға табысталды.

Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 1800 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы Жүйнек ауылында 1 қабатты 4 пәтерлі 16 отбасыға тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Жалпы, соңғы жылдары аудан көлемінде 47 100 шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне тапсырылды. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағында тұрғын үймен қатар, әкімшілік, прокуратура, полиция бөлімінің және аумақтық органдардың жаңа ғимараттары да бой көтерді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров салтанатты шара барысында тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, баспаналы болған азаматтарға құттықтау сөзін жеткізді. Ол аудан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. «Бүгін біз үшін ерекше күн. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан тұрғындарына жаңа баспананың кілтін табыстағалы отырмыз. Бұл – тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Сауран аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев та алғы сөз алып, тұрғындарды құттықтады.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл игі шара аудан тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлады. Жаңа қоныс иелеріне ыстық ықылас пен ізгі тілектер жолданды.
Ләззат САРЫБАЕВА.