ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

51 көрілім

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аймақ тұрғындарымен кездесулері басталды. Бұл қадам Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында жүзеге асуда. Өңір басшысы алғашқы кездесуді Түркістан қаласынан бастап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын талқылау маңызды қадам екенін тілге тиек етті.

Облыс әкімі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жүздесудің басты тақырыбы – Түркістан қаласының және аймақтың дамуы, оның әлеуметтік-экономикалық ахуалы, сондай-ақ облыс тұрғындарының күнделікті өміріне қатысты мәселелер болды. Кездесуде Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халықпен тығыз байланыс орнатуды тапсырғанын атап өтті. Бұл тапсырма өңір басшыларының халыққа жақын болуын, олардың өтініштерін тыңдауды және әрбір ұсынысқа жауап беруін қамтамасыз етеді. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның қабылдануы мен оның дамуына бағытталған жұмыстарға да тоқталды. Түркістанның тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы екенін ескеріп, оның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін жеткізді.

Өңірдің дамуы туралы айта отырып, облыс әкімі Түркістанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасы туралы баяндады. Мәселен, 2024 жылы аймақтың жалпы өңірлік өнім көлемі 452,6 млрд. теңгеге жетіп, 22 пайызға өскен. Өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 34,8 млрд. теңгені құрап, 107 пайыздық көрсеткішпен орындалған. Сонымен қатар, аймаққа тартылған инвестиция көлемі 400 млрд. теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш 20 пайызға артқан. Жиын барысында өзіндік кірістердің де өсімі байқалғанына тоқталды. Мәселен 59,4 млрд. теңгені құраған өзіндік кірістердің көлемі 20 пайызға ұлғайды.

Бұл көрсеткіштер аймақтың тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, аймақ басшысы жиналған халықты «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдауға шақырды. Тазалық пен көгалдандыру мәселелері жай ғана экологиялық тұрғыдан емес, қоғамның жауапкершілігін қалыптастыру, өскелең ұрпақ бойына қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті сіңіру тұрғысынан да маңызды екеніне тоқталды. «Таза аула», «Үздік көше» сынды жобаларды жүзеге асыруға қала әкіміне тапсырды. Одан кейін, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өткен жылғы көрсеткіштерді саралай отырып, алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Назарларыңызға әкім тілге тиек еткен маңызды бағыттар мен алдағы жылға қойған жоспарларын ұсынамыз.

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУХАТЫН КӨТЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өткен жылғы көрсеткіштерге тоқтала отырып, қаланың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы қала халқы 237 503 адамға жетіп, 4,1%-ға өскен. Бұл – Түркістанның әлеуетінің артқанын білдіреді. Алдағы жоспарлар туралы сөз қозғаған әкім, Түркістанды әрі қарай дамыту үшін жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар іске асырылатынын айтты. Қала аумағының кеңеюі мен тұрғындардың санының артуы жаңа нысандар мен жобаларды қажет етеді. Сонымен қатар, қаланың жалпы аумағы 22,4 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш Түркістанның әрі қарай даму мүмкіндіктерінің мол екенін көрсетеді. Сондай-ақ аймақта халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды және жүйелі шаралар қолға алынуда. Қалада экономикалық белсенді халықтың саны 83522 адамды құрайды, оның 79424-і жұмыспен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 31 308 адамды құрап, бұл көрсеткіш қаланың кәсіпкерлік саласының дамуын айқындай түсетіні анық. Ал, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,8% жеткен. Осыған байланысты, өткен жылы 10097 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар орындалған. Оның ішінде 4227 тұрақты және уақытша бос жұмыс орны, 3152 жаңа жұмыс орны, 2575 субсидияланатын жұмыс орны, 143 мемлекеттік грант негізінде ашылды. Бұл қала әкімдігі тарапынан іске асырылған бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді. Ал ағымдағы жыл қалада тағы 11096 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл көрсеткіш Түркістанда еңбек нарығының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын және тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жұмыстың жалғасатынын айғақтайды. Қала әкімі Түркістанның жұмыспен қамту бағытындағы жетістіктеріне тоқтала отырып, әрбір тұрғынның кәсіби дамуы мен жұмысқа орналасуы үшін барынша мүмкіндіктер жасалатынын мәлімдеді. Бұл іс-шара тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

ӘЛЕУМЕТТІК БАҒЫТТАҒЫ ТЫҢ ЖОБАЛАР

Өткен жылы әлеуметтік қолдау шаралары белсенді түрде жүргізіліп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Осы шаралардың арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайып, бұл, өз кезегінде, кедейшілік деңгейінің төмендеуіне үлкен ықпал етті. Егер 2023 жылы кедейшілік деңгейі 8,2% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,6%-ға дейін төмендеген. Осы тұрғыда, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өткен жылы 4883 адамға көмек көрсетіп, әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін дәлелдеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін көмек те айтарлықтай күшейді. 2024 жылы сатып алынған оңалту құралдарының саны 8179-ды құрады. Ал 2025 жылға бұл көрсеткіш 9357-ге жетеді деп жоспарлануда. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлықтың және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңызды нәтижесі. Бұған қоса, «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, әлеуметтік көмек көрсету саласындағы жұмыстарды одан әрі дамытуға мүмкіндік беруде. Бұл орталық әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, отбасы институтын нығайту және азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған маңызды алаңға айналмақ.

Қалада бүгінгі таңда 85 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 38-і мемлекеттік, 47-сі жеке меншік мектептер. Жалпы оқушы саны 55465 баланы құрайды. Биыл қалада 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 4-еуі мемлекеттік, 8-і жеке меншік мектептер. Сонымен қатар, 4 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 7131 оқушының білім алу жағдайы жақсарған. Ал 2025 жылы Түркістан қаласында білім беру саласын дамыту мақсатында бірнеше жоспар іске асырылмақ. Атап айтқанда, 7 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 15 мектепте ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 мектепке қосымша корпус салынады. Бұдан бөлек, төрт мектепте модульдік асханалар орнату жұмыстары да жоспарланған. Балабақша саласында да оң өзгерістер байқалуда. Қалада 148 балабақша жұмыс істейді екен. 2024 жылы 11 жаңа жеке балабақша ашылып, 984 балаға орын берілді. Сонымен қатар, 10 балабақшада жөндеу жұмыстары аяқталып, бүлдіршіндер үшін қолайлы жағдай жасалды. Алдағы уақытта, тағы 9 жаңа жеке меншік балабақша салу жоспарланып отыр дейді қала әкімі. Өткен жылы мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, қаланың рухани өміріне үлкен серпін берілген. Мәселен 2024 жылы 47 мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Алдағы уақытта 56-дан аса мәдени іс-шара өткізу жоспарлануда. Олардың қатарында ұлтымыздың ең маңызды мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар, «Ән мен әнші» эстрада жұлдыздарының концерттері, республикалық ақындар айтысы, халықаралық этно-фольклорлық ансамбльдер фестивалі, «Ұлттық тағамдар» фестивалі және қала күні аясындағы мерекелік шаралар бар. Сонымен қатар, қаламызда 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Қала әкімі, сондай-ақ, спорттық бағытта да тың серпілістер бар екенін атап өтті. Қазіргі таңда қалада 264 спорттық нысан бар, бұл қала тұрғындарының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейін 73,7%-ға жеткізді. Бұл – спорттың бұқаралық сипат алуына жасалған үлкен қадам. 2024 жылы 39 ауқымды спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оның ішінде 3 халықаралық, 6 республикалық, 7 облыстық және 23 қалалық жарыс өткен. Алдағы уақытта, жеке төрт жаңа спорт кешенінің құрылысы жоспарлануда. Бұл жобалар қаладағы спорттық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік бермек. Медицина саласында да оң өзгерістер орын алған. Бүгінде 17 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Осы жыл Оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, 27 мың тұрғынға қызмет көрсететін жаңа емхана салынуда. Тұрғын үймен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 16 579 адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топ өкілдері бар. 2024 жылдың басынан бері 961 пәтер берілді. Биыл 944 пәтер берілу жоспарлануда екенін қала әкімі атап өтті. Осыған байланысты, 2 078 пәтердің құрылысы аяқталып, жаңа қоныс тойын тойлауға мүмкіндік береді. Ал тұрғын үй мониторингінің нәтижесінде 3026 адам кезектен шығарылды, ал 55 пәтер жекешелендіріліп, оның ішінде 42 қызметтік және 13 әлеуметтік пәтер тапсырылған. Тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылы қаладағы 35 тұрғын үйдің қасбеті жаңаратын болады.

ҚАЛА ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДАҒЫ ҚАДАМДАР

Түркістан қаласында шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда кәсіпкерлік саласы екі есеге өскен және өңірдің жалпы өңірлік өніміне (ЖӨӨ) қосқан үлесі 65%-ға жеткен. 2024 жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі 262,4 миллиард теңгені құрап, 34536 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштер қаланың кәсіпкерлік әлеуетінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы. Мәселен, өткен жылы 2 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда, қосымша 2 нысанның ЖСҚ-сы әзірленуде екен. Алдағы уақытта жалпы 2 476 тұрғын үй таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Халықты сапалы және тұрақты электрмен жабдықтау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда қаланың 55157 абоненті электр қуатымен қамтылып, қамту көрсеткіші 99,5%-ды құрап отыр. Электр желілерінің ұзындығы 1 406,6 шақырымды, ал қосалқы станциялар саны 13-ті құрайды екен. Қаланың энергетикалық инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында қосалқы станция жобасы қолға алынған. Қала әкімі ағымдағы жылы бұл жоба аяқталатынын хабарлады. 2025 жылы үш маңызды нысан іске қосылмақ. Олар Т.Айбергенов көшесінде 35-0,4 кВ кабель желілерін салу, Бірлік 2 және Жаңа Иассы шағын аудандарын электрмен қамту, сондай-ақ, Түркістан қаласындағы электр қондырғыларын жаңғырту. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2704 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Ал газбен толық қамтамасыз ету жұмыстарында бірнеше маңызды жобалар жолға қойылған. Қазіргі уақытта қаладағы 43120 абонент газ жүйесіне қосылған, ал газ жүйесіне қосылмаған 862 абонент бар. Әкімнің айтуынша, жылу жүйелерін дамыту бағытындағы жұмыстар Түркістанның тұрғындарына тұрақты әрі сапалы жылу мен ыстық су ұсынуды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта Түркістан қаласында 18 жылу қазандығы жұмыс істейді. Оның ішінде 12 қазандық жыл бойы тұрғындарға ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 55,3 шақырымды құрайды, ал оның тозу деңгейі 30%-ды құрайды. Әкімнің сөзінше, қазіргі уақытта бірнеше маңызды жобалар қолға алынған. Біріншіден, I және II мөлтек аудандарында жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аясында 1,226 км жылу құбыры ауыстырылып, жаңадан 2 гарелка (оттық) орнатылатын болады. Сонымен қатар, дизельді резервуардың көлемі 75 м³ болып, жаңа жүйелер мен құрылғылар іске қосылады. Екінші кезеңде, орталық қазандықтарда резервті отын мен су ыңғайлау қондырғылары орнатылады. Бұл үшін 16 генератор, 10 дизель резервуары және 15 су ыңғайлау резервуары орнатылатын болады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 30%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар, дизель отынымен жұмыс істейтін қосалқы жылу қазандықтары орнатылып, қала жылумен қамтамасыз етіледі.

Түркістан қаласында соңғы жылдары қоғамдық көлік қызметін жақсарту және көшелерді жарықтандыру бағытында маңызды өзгерістер мен жаңартулар жүргізілуде. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жетілдіруге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Қаладағы қоғамдық көлік жүйесі екі компанияның («Жолаушы» және «Техпрофавто») қызмет көрсетуімен жұмыс істейді. 22 маршрут бойынша 194 автобус қала тұрғындарына қызмет етуде. 2024 жылы қала үшін маңызды қадам жасалды – 38 жаңа автобус іске қосылды, бұл жаңартылған автобустардың үлесін 100%-ға жеткізді. Осы арқылы қаладағы қоғамдық көлік жүйесі сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыс жүзеге асырылды. Түркістан қаласының көшелерін жарықтандыру мәселесі де үлкен назарда. Қазіргі уақытта 813 көше жарықтандырылып, қала бойынша 27852 жарық шамы орнатылды. Жарықтандырылған көшелердің жалпы ұзындығы 738,4 км құрайды. 2018 жылы қаладағы басты көшелердің тек 18,3%-ы ғана жарықтандырылған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 87,4%-ға жетті. Ал 2025 жылы тағы 58 көшеге жарық орнатылып, жарықтандырылған аумақтың үлесі 99,2%-ға дейін артатын болады. Қалада аялдамалар мәселесі де оңтайландырылуда. Жалпы алғанда, 574 аялдама қажет болғанымен, қазіргі уақытта 374 аялдама жаңартылып орнатылды. Әлі де 200 аялдама қажет. Барлық жаңа аялдамалар AlemPay электронды төлем жүйесімен жабдықталған, бұл өз кезегінде тасымал қызметін пайдаланушыларға ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жаңа автобустардың іске қосылуы қалалық тасымал жүйесінің сапасын айтарлықтай арттырады. Көшелердің толық жарықтандырылуы жол қозғалысын қауіпсіздендіріп, тұрғындардың кешкі уақытта қозғалыс жасаудағы қауіпсіздігін күшейтті. Жаңа аялдамалардың орнатылуы жолаушыларға қолайлы жағдай жасайды, ал цифрлық төлем жүйесі қоғамдық көлікті пайдаланудың тиімділігін жоғарылатады. Қала әкімі қала тұрғындары үшін ыңғайлы, қауіпсіз және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру басты міндетіміз деп атап өтті. Барлық атқарылып жатқан жұмыстар Түркістанның дамуына және оның тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

ТҮРКІСТАН ЭКОЛОГИЯСЫН ЖАҚСАРТУДАҒЫ ЖҰМЫСТАР

Түркістан қаласында экологиялық жағдайды жақсарту және жасыл желектер санын арттыру мақсатында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қала аумағында жалпы көлемі 653 гектарды құрайтын 288 көгалдандыру нысаны құрылды. Қалада отырғызылған өсімдіктердің көлемі де айтарлықтай. Нақтырақ айтқанда, 1454 790 ағаш отырғызылған, 410654 бұта өсірілген, 279 гектар көгал аумағы жасалып, оның ішінде 8 гектар гүлдер егілген. Жүргізілген көгалдан-дыру жұмыстарының нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы демалыс орындары пайда болып, қаланың экологиялық жағдайы жақсарды. Сонымен қатар, қала әкімі тазалық жұмыстары да бүгінде басты назарда екенін атап өтті. Түркістан қаласында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қала экологиясын жақсарту, жасыл желектер санын арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру мақсатында қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласында жайлы демалыс орындары саны артты. Жасыл желектердің көбеюі қала тұрғындары мен қонақтарына таза ауамен тыныстауға мүмкіндік береді. Экологиялық жағдайдың жақсаруы мен ауа сапасының артуы тұрғындардың денсаулығына да оң әсерін тигізуде. Көгалдандыру жұмыстары болашақта да жалғасып, қаламыздың экологиялық ахуалы әрі қарай жақсара түседі. Жасыл желектерді көбейту, абаттандыру және қала экологиясын қорғау бойынша жоспарлар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар қаланың көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру жағдайының жақсаруына және қала экологиясының тұрақтылығына бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Осы бағытта «Түркістан жарық тазалық» ЖШС күнделікті және жоспарлы тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда қала бойынша 875 көше тазартылып, олар үш санатқа бөлінген. 2025 жылға қарай бұл жұмыстарды одан әрі жақсарту үшін 29 жаңа арнайы техника сатып алу жоспарлануда, 600 жұмысшы қызмет ететін болады. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында 85 мыңнан астам адам бірігіп, тазалыққа үлес қосқан. Оған 4 мыңнан аса ерікті атсалысқан, 20 мың тонна қоқыс жиналып, 150 мың ағаш отырғызған. Тәртіпті күшейту мақсатында 1562 ескерту беріліп, 3411 айыппұл салынды. Осы тұрғыда қала әкімі барша тұрғындарды тазалық акциясына бір кісідей атсалысуға шақырды.

«Түркістан – баршамыздың үйіміз. Оны таза әрі көркем ұстау – әр азаматтың борышы. Қала тұрғындарын тазалыққа жауапкершілікпен қарауға, экологиялық бастамаларды қолдауға шақырамын» – деді, Әзімбек Пазылбекұлы.

Одан кейін, қала әкімі Түркістан қаласының тарихы мен мәдениетінің алтын қазығы екенін атап өтіп, осы құндылықтарды сақтау және дамыту мақсатында қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңның маңыздылығын айтты. Бұл заңның қабылдануы қаланың болашағы үшін маңызды қадам екенін ерекше атап өтіп, оның нәтижесінде қаланың рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамуын, мәдени және тарихи мұралардың қорғалып сақталуын, құрылыс саласында бірегей стандарттардың енгізілуін, ұлттық қолөнер мен қызмет көрсету саласының қаржылай қолдауға ие болуын, сондай-ақ туристік бизнес өкілдерін ынталандыру шараларының жүзеге асуын қамтамасыз ететінін жеткізді. Қала әкімі, сондай-ақ, жергілікті әкімдік пен мәслихаттың құзыреті кеңейіп, Түркістанның дамуы жаңа деңгейге көтерілуіне барлық тұрғындардың үлесі қосылатынын айтты. Сондай-ақ, Түркістанның туризм орталығына айналып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылы қалада туризм саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. 1,1 миллион турист қабылданып, бұл көрсеткіш 9,2%-ға артты. Сонымен қатар, шетелдік туристер саны 23,2 мың адамды құрап, 90,1%-ға өсті. Туризм саласына 61,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 2,3 есе көбейген. Қала әкімі 2025 жылы туристер санын 1,2 миллионға жеткізіп, 8 жаңа орналастыру жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Түркістанның туризм саласындағы жетістіктері қаланың әлеуетін айқындап, оның күн санап көркейіп, жаңа белестерді бағындыруда екенін айтты. Туризм бағытында 2025 жылы атқарылатын маңызды жобаларға тоқталды. Олардың қатарында «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығын» абаттандыру, аквапаркі бар қонақ үй кешенін жоспарлау жұмыстары бар. Бұл жобалар Түркістанның туристік әлеуетін арттырып, қаланың мәдени-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өткен жылғы көрсеткіштер мен алдағы жоспарлары жөніндегі есебінен кейін тұрғындармен тікелей сұрақ-жауап кезеңі басталды. Бұл кезеңде қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген көптеген маңызды мәселелерді ортаға салды. Әкімге жолдаған сұрақтары арасында жол инфрақұрылымы, кәріз жүйесі, баспана мәселелері, жер мәселелері, мектеп құрылысы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және өзге де әлеуметтік проблемалар болды. Әкім әрбір мәселені мұқият тыңдап, олардың шешімін табу жолдарын түсіндірді. Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстардың атқарылатыны туралы нақты уәделер беріліп, өтініштер мен сұрақтар бақылауға алынатыны жеткізілді. Сондай-ақ, әкім инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында қадамдар жасалатынын атап өтті. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешімі міндетті түрде заң шеңберінде қаралатынын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуден соң облыс әкімі Түркістан қаласының тұрғындарын жеке қабылдап, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Азаматтар түрлі әлеуметтік сұрақтармен, ең бастысы тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу және коммуналдық мәселелерге қатысты өтініштермен жүгінді. Әкім тұрғындарға баспана алу құқықтары мен заңдылықтарын түсіндіріп, қажет болған жағдайда оларға қосымша көмек көрсету үшін тиісті жұмыстардың ұсынылғанын айтты. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тауып, қалғандары толық қаралып, тиісті бақылауға алынғаны хабарланды. Әрбір өтініш пен сұрақтың шешімін табу үшін басқару органдары тарапынан тиісті шаралар қолға алынатыны айтылды. Бұл кездесу Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрғындармен ашық диалог орнату арқылы мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Жергілікті тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарына дер кезінде назар аударылып, шешім қабылдау барысында заңдылық пен әділдік сақталады.

Қала мен аймақтың болашағы жарқын, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуі мен инвестиция тарту бағытында жұмыстар одан әрі жалғаса береді. Түркістанның тарихи және мәдени маңызы ерекше. Сондықтан да оның дамуы мен келешегі тек Қазақстан үшін ғана емес, тұтас түркі әлемі үшін маңызды. Осы себепті Түркістанның одан әрі өркендеуі үшін атқарылатын жұмыстар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, әлеуметтік жағдайдың көтерілетіндігіне, қала-ның халықаралық деңгейде дамуына септігін тигізетін маңызды факторға айналатыны сөзсіз.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы