Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы жылды жұмысшы мамандығына арналған жыл деп жариялаған игі бастамасының жұртшылық тарапынан кең қолдау тапқаны белгілі. Сондай-ақ, қасиетті қаламызға ерекше мәртебе берілуі де көне шаһар тұрғындарын құлшынысқа бастап, көптеген игілікті істер қолға алынуда. Жұмысын осындай жаңашылдықпен жүргізіп отырған ұйымшыл ұжымдар қатарында облыстық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева басқаратын «Қуаныш» ЖШС де бар. Қаламыздағы Тәуке хан даңғылының бойына орналасқан «Қуаныш» базарының тыныс-тіршілігі қысы-жазы бір толастамайды. Алыс-жақыннан ат терлетіп келген жолаушылардың да алдымен ат басын тірейтіні, қаланың жүрегі іспетті осы жер – «Қуаныш» базары. «Атымтай жомарттығымен», іскерлігімен даңқы қыр асқан абыройлы азамат Ғаппар Шәймерденұлы негізін қалап, өркендеткен сауда орнының құрылғанына биыл 30 жыл толмақшы. Мұнда еңбек ететін мамандық иелері де әртүрлі, сан қырлы. Нағыз еңбек адамдарының шоғырланған орны. Қысқы қақаған суық, жазғы аптап ыстықта демалыссыз халыққа қалтқысыз қызмет көрсететін еңбек адамдары қандай да құрметке лайық! Осыған орай қалалық «Түркістан» газеті «Қуаныш» сауда орталығымен бірлесе отырып жаңа жобаны қолға алды. Биыл жыл бойы, өңіріміздің басты күнкөріс көзіне айналған сауда орны, онда еңбек ететін жеке кәсіпкерлер, қатардағы сатушылар мен әр саладағы жұмысшылар, базар тіршілігіне үлес қосып жүрген еңбеккерлер туралы газетіміздің бетінде жүйелі түрде мақалалар жарияланатын болады. Бүгінгі кейіпкеріміз «Қуаныш» сауда орталығының жарнама бөлімінің меңгерушісі – Бердіғали Сандыбаев. Оның базардың радио торабынан саңқылдаған дауысын Түркістан өңірінде танымайтын жан кемде-кем.
Бердіғали Сандыбаев 1955 жылы 18 сәуірде Түркістан қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сұлтанғали зоотехник, анасы Қалдыкүл он балаға жарық дүние сыйлаған алтын құрсақты «батыр ана». Балтакөл мектеп-интернатында оқып, білім алған. 1973 жылы Алматы қаласында М.С.Щепкин атындағы Москва өнер институтының актёр мамандығына қабылдау жүргізіліп, бір орынға екі жүз елу баладан келген конкурстан сүрінбей өтіп, 25 талапкер оқуға түседі. Дарынды қазақ жастарынан іріктелген студенттің он жетісі оқу орнын сәтті тәмамдап, Қазақстанның түкпір-түкпірінде кино өнері саласында еңбек етті.
1978 жылы Мәскеуден оқу бітіріп келген жас мамандарды жолдамамен Торғай облысына, Арқалық қаласына жұмысқа жібереді. Бір жылдан кейін Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп қайтқан Бердіғали өзі бес жыл бойы білім алған үлкен өнер ордасы Мәскеуге қайтып оралып, «Мосфильм» кино студиясында актёрлік жолын бастайды. Бұл жылдар өнер иесі үшін өте жемісті жылдар болды. «С неба на землю», «Разыскивается особо опасный преступник», «Приказ огонь не открывать», «Сибирь» бас-аяғы он-он бес фильмде сомдаған рөлдері осының айғағы. Дегенмен, өзге елде қаншалықты жақсы болса да, адам баласын туған жердің дәм-тұзы тартпай тұрмайды екен. Бердіғалидың елге оралған кезі КСРО деген алып мемлекеттің тоқырауға ұшырап, ел-жұрттың айлап жалақы алмай жұмыс істеген қиын заманмен тұспа-тұс келген еді. Небір дарынды мамандар жұмысын тастап, күнкөріс қамымен ала қапшық арқалап, қолынан келсін-келмесін сауда-саттықпен айналысып кеткен кезең болатын. Дүрілдеп тұрған зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап қалған сол бір қиын-қыстау кезеңде халықтың тіршілік көзі осы «Қуаныш» базары болып қалғанын көзкөргендер біледі. Сол көптің бірі болып Бердіғали Сандыбаев та сол кездегі базар директоры Ғаппар Шаймерденұлының кеңсесінің табалдырығын аттаған еді. Сауда-саттыққа икемі жоқ Бекеңнің қолынан келетін жалғыз өнері, құдайдың берген құдіретті дауысы, қолында радио аппаратурасы. «Базарға хабарлама, жарнама қызметін орнатайық» – деген ұсыныспен кірген. Қай нәрсені болсын арыдан ойлап, ақылмен шешетін басшы бұл қадамын құп алып, осында еңбек еткеніне де отыз жылдың жүзі болыпты. «Терек бір жерде көгереді» деген бар. Кейде таңдау түскенде, атақ-даңқ пен мансапты жанұяңның жақсы тұрмысына, бала-шағаңның тоқшылық өміріне айырбастауға тура келеді. Әрі оған еңбек еткен орныңдағы ұжым ұйымшыл болып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалып жатса, адам баласына одан артық бақыт бар ма? Бердіғали Сандыбаевтың жарқыраған жүзінен, әрбір сөзінен өз орнында отырған бақытты жанның келбетін аңғардық. Қанатын жайған қара шаңырақта бала күнінен бойына сіңген қанағатшылдығы, қарапайымдылығы, жанының тазалығы, Алла берген дарынын көпшілікке қуаныш сыйлауға арнағаннан мол ләззат алатын, қарапайым хабарландырудың өзін қырық құбылтып, жандандырып жеткізіп отырған азаматқа қарап тұрып, мамандыққа сүйіспеншіліктің үлкен-кішісі болмайды екен деген ойға келдім.
– Осында еңбек еткеніме отыз бір жыл болды. 1994 жылы 10 маусымда «Қуаныш» базарына жұмысқа орналастым. 1995 жылы базардың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайландым. Шынын айтқанда, осы қазіргі менің жұмысым уақыт талабынан туындады. Өйткені, ол кезде қалада радио, телевидение, қазіргідей ұялы телефон жоқ. Өмірде кездейсоқ нәрсе болмайды екен. Сол кездегі Ғаппар Шаймерденұлының Ворохов деген орынбасары менің ата-анамды танитын еді. «Базарға радио құрып қойсақ қалай болады? Халыққа хабарландыру айтып отырамыз. Туған күндерімен құттықтаймыз» – деген ойын айтып, сол ұсыныстың нәтижесінде осы жарнама бөлімі іске қосылып еді. Әлі есімде, Ғапекеңе театр институтын бітірген дипломымды көрсеткенімде: «Базардан театр ашайын деп пе ең?» деп жымиған. «Радио торабын ашайық» деген ұсынысыма «Байқап көрейік» деп мүмкіндік беріп еді, жарықтық. Сол кезде халықты жаңалықпен, хабарландырулармен құлақтандырудың жалғыз жолы да осы болатын дейді Бердіғали Сандыбаев бізбен әңгімесінде. «Қайырлы таң! «Қуаныш» базары сіздерге қызмет етуге дайын!» – деп бастадым алғаш рет. Ғаппар ағай бәрі жанымда тыңдап тұрды. Базарымызда көкөністер осындай жерде сатылып жатыр. Маталар мына қатарда. Келіңіздер! Алыңыздар! Біздің базарымыз енді көркейетін кез келді» – деп бастап едім. Содан бері хабарлама, жарнама бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп келемін. Сонда көпті көрген Ғапекең: «Мынауың керек екен» – деді. Ал, он жылдан кейін «Левитан» деген ат қойды. «Біздің базарымызды мына даусыңменен жатқызып-тұрғызасың» – деді. Олай дейтіні, базардың төрт бұрышына төрт дыбыс күшейткіш қойылған. Дауысым тіпті базардың сыртына естіліп тұратын. Базар тіршілігіне қатысы жоқ жер сату, үй сату, үй алу сияқты түрлі хабарландырулар, туған күнмен құттықтаулар берілетін.
– Беке, бірде сіздің «Сағыз сатушылар ұжымы киім сатушыларды наурыз мерекесімен құттықтайды» – деген хабарландыруыңызды есітіп, жүзімізге күлкі үйіріліп еді. Арасында өлеңдетіп жіберетініңізді де есітіп жүрміз. Бұл да сіздің өнер адамы екендігіңізді білдірсе керек?
– Дұрыс айтасыз, бұл жерде жұмыс істейтіндер «Қуаныш» базарының ұжымы деп айтады өздерін. Бірде Ғапекеңдер бәріміз бөтен бір тойға бардық. Бір кезде асаба: «Қуаныш» базарының ұжымын ортаға шақырамыз! – деп хабарлады. Біз кімді шақырғанын түсіне алмай бір-бірімізге қарадық. Сөйтсек, ортаға киім, аяқ киім сататын 15-20, өңшең әйелдер шығып келе жатыр жайқалып. Көңіліңді қуаныш кернейді екен. Ғапекең де риза болып жымиып отыр. Осы орайда Оразхан Есіркепұлының жазып кеткен мына өлеңі еске түседі:
«Ерте бастан қайнататын қазанын,
Ерте бастан айтқызатын азанын,
Іздегенің табылады алдыңнан,
Түркістанның базарын айт, базарын!».
Расында да, біздің базарға жететін сауда орны жоқ. Тіпті бір жылдары «Түнгі базар» жұмыс істегенде жан-жақтан, түрлі облыстардан келіп, тауарларды тиеп алып кеткендігінің куәсі болдық. Ал, тікелей өз жұмысым туралы айтар болсам, қызықты оқиға көп. Оның бәрін айтып тауыса алмаспын. Бірде үйін сататын апа келді хабарландыру беруге. Жарнамасын жақсы айтқандығым сондай, хабарландыруды тыңдап отырып: «Қойшы, сатпаймын. Өзімнің үйім жақсы екен ғой» – деп айнып кетіп қалғаны. Көптеген адамдар үйін сатты. Көптеген адамдар үй алды біздің хабарландырудан. Әсіресе, ең керегі хабарландыруымыздың, балалар жоғалып қалады ғой базарда. Шілде, тамыз айларында мектепке дайындық басталады. Бала-шағасымен келеді. Мына жерде кем дегенде 5-6 бала отырады. Ата-аналар отырады дірілдеп-қалтырап. «Сәлима, бес жаста. Үстінде қызыл көйлегі бар. Бекзат, үстінде курткасы бар. Анасынан адасып қалды» деп хабарлап жатқанымыз. Ол кезде күзет деген жоқ. Бір-бірімен хабарласа алмайды. Олардың жылағандарын көрсеңіз. Өткенде әкімшілікке шаруаммен барып, бір кісімен сөйлесіп тұрсам «Сіз базарда істеген емессіз бе?» – дейді бір жас жігіт. Даусыңыздан танып қалдым. Мен кішкентай кезімде жоғалып кеткем деді. Сонда сіздің «Ойбай жалғыз баламды ұрлап кетті ме?» деп жылап отырған шешеме: «Бәріміздің бес-алты бала-шағамыз бар. Қалай асырарымызды білмей отырмыз. Сіздің балаңызды кім ұрлайды?» деген сөзіңізді үйде айтып отырады деп күледі. Базардың өмірі қызық. Мұндай оқиғалар шаш-етектен. Мен Мәскеуден келген кезімде екі жылдай ХҚТУ-де өнер үйірмесінің жетекшісі болып қызмет еттім де, кейіннен жоғарыда айтып өткендей жұмысымды осында жалғастырдым. Сондағы ерекше байқағаным, Ғаппар Шаймерденұлының өнерге жақындығы, өнер жанашыры екендігі. Райымбек Сейтметов ағамызды қатты сыйлайтын. Театрдың әрбір қойылымына отыз билеттен алып, ұжымды апаратын. Театр ашылған жылы қиындықтан шығып кеткенше әрбір актёрге айына бес мың теңгеден ақша беріп тұрды.
Ғаппар Шаймерденұлы тек істің көзін ғана емес, жалпы халықпен тіл табыса білетін, жоқ деген сөзді айтпайтын, кең пейіл, мейірбан жан еді. Қазіргі басшымыз Инара Әбдіғаппарқызы да әкесі салған соқпақты жалғастырып келеді. Бұрынғы ашық жайма базар «Қуаныш» сауда орталығы болып заман ағымына сай түрленіп, дамып келеді. Мұндай ұжымды қалайша бағаламайсыз!? Біздің Түркістанның бағына біткен базар десем артық айтпаспын. Ғапекең көзі тірісінде бізге күнбе-күн: «Халықпен мәдениетті сөйлесіңдер. Дөрекі мінез көрсетпеңдер! Мәмілеге келіп тірлік жасаңдар! Қыстың суығында, жаздың ыстығында тұрып сауда жасау оңай емес» – деп айтып отыратын. Қайбір жылы базар өртеніп кеткенде, халық қанша күйініп тұрса да, Ғаппар Шаймерденұлының бір ауыз сөзіне тоқтады. Арандатушылардың сөзіне ермеді. Ол кісі де уәдесінде тұрып, екі-үш күннің ішінде 300 млн. теңгені 100 мың теңгеден үлестіріп берді. Ашынып тұрған халықтың алдына жүрексінбей шығып басу айтты. Мұндай азамат қайда бар? Мұндай халық қайда бар? Біздің кәсіподағымыз да жақсы жұмыс атқарып келеді. Сауықтыру орындарына жолдама беріп тұрамыз. Жекелеген қажетті жағдайда көмектер көрсетіледі. Сонан соң бір қызығы, Ғаппар ағамыздың кезінде қалыптасқан, базар әкімшілігі қызметкерлерінің туған күніне бес мың теңгеден ақша бөлеміз. Ғапекең бұл ақшаны өз қолымен тапсырып «Үйіңе жұмсама. Өзіңе көйлек алып ки» деуші еді. Сол бір ілтипатқа мәз болатынбыз. Ғапекеңнің туған күнінде біз де ол кісіні кәсіподақ атынан құттықтап, өз сөзін қайталап, бес мың теңге тапсырғанымызда мәз болатын. Ұжым тату, ынтымақты болса, өмір де күлімдеп тұрады. Сондықтан да мен өмірімнің осы бағытта өтіп жатқанына, осындай керемет ұжыммен, Ғаппар Шаймерденұлындай жақсы адамдармен тағдырымның тоғысқанына қуанамын. Адамның бағы да, бақыты да – бағаңды білген жерде. Әмина есімді жарым екеуміз Маржан, Ботакөз, Бағила есімді үш қызғалдағымыздан он бір ұрпақ сүйіп, өсіп-өніп отырмыз, – деген Бердіғали құрдасым тағы бір шумақты төгіп-төгіп жіберді:
Талай іс атқарылды елің білер,
Еш кетпес еткен еңбек, төгілген тер.
Денің сау, отбасыңыз аман болсын,
Биіктерден көріне бер, көріне бер!- деп едім кезінде Ғапекеңе. Енді осы тілегімді Инара Әбдіғаппарқызына, іскер қызымыз басқарған ұжымға айтқым келеді» – деп жымиды Бердіғали құрдасым. Бердіғали Сандыбаевтың өмірлік серігі Әмина да, қыздары да ұлағатты ұстаздық жолында еңбек етуде. Ол да биыл сәуірдің он сегізінде жетпіс атты жотаға шыққалы отыр екен. Ғұмырлы болыңыз!
Роза НАРЫМБЕТОВА.