ЕСЕПСІЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ЕЛЕУЛІ ЖАНДАР

54 көрілім

Түркістан қаласының коммуналдық қызметінің маңызды тірегіне айналған «Жылу» мемлекеттік кәсіпорны 18 жыл бойы қала тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Мұнда маусым сайын жылу жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін 160-қа жуық қызметкер аянбай еңбек етеді. Көзге көрінбейтін, бірақ жұмысы тоқтаған сәтте тұтастай қала тұрғындарын әбігерге салатын бұл сала – өз жұмысына берілген, асқан жауапкершілікпен қарайтын мамандарға тиесілі. Президенттің «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы осы саладағы қызметкерлердің қажырлы еңбегін бағалау мен техникалық білім беру жүйесін жетілдіру қажеттілігін айқындайды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін арттырып, еңбекқорлық пен шеберлікті насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Осы мақсатта, жылу қазандығында бірнеше жылдан бері еңбек етіп, адал еңбектің жемісін көрген екі қызметкердің ерлігі мен еңбегіне тоқталуды жөн санадық.

ТҮННІҢ ТЫНЫШ ӨТУІ – ЕҢ ҮЛКЕН БАҚЫТ

15 жылдан бері қазаншы болып жұмыс істейтін Ерік Исабеков әр маусым сайын мыңдаған тұрғынды жылумен қамтамасыз етудің ауыр да жауапты ісін атқарып келеді. Қыс келгенде, аяз басталмас бұрын қазандықтың әрбір тетігін тексеріп, аппараттарды іске қосатын Ерік үшін бұл – жай жұмыс емес, өмірдің мәні. Таңертең жұмысына келе салысымен Ерік қазандықтың температурасын тексеруге кіріседі. Біз барғанда түнгі кезекшілікті қабылдап, жылу беру жүйесін есептеп отыр екен. Қолындағы парағын үстелге қойып, бірден жылу процессі туралы әңгіме бастап кетті.

«Қазаншының жұмысы осындай. Ауа температурасын үнемі бақылап, жылу жүйесіндегі градуспен жұмыс істей отырып есептеулер жүргізу керек. Егер бір қателік жасалса, қазандықтың жұмысында ақау шығып, нәтижесінде қала тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін», – дейді Ерік.

Еріктің айтуынша, Түркістан қаласындағы жылу қазандығы 2007 жылы іске қосылған. Ал ол жұмысын 2010 жылы нағашы ағасының ұсынысымен бастаған. Содан бері 15 жыл бойы осы мекемеге қызмет етіп, бүгінгі таңда бас қазаншы дәрежесіне көтерілген. Бастапқыда жылудағы жұмыс оған қиындық тудырғанын, сол кезеңде өзімен бірге қызмет еткен көптеген әріптестерінің шыдамай, жұмыстан шығып кеткенін айтады.

«Түркістан қаласына 2019 жылы газ келгенше, біз көмір қолдандық. Көмірмен жұмыс істеген кезде, жағдай тіптен қиындап кететін. Қақаған қыста көмірді қазандыққа дейін тасып, қолымыз үсіп қалатын күндер де болды», – дейді Ерік.

Ауа температурасының өзгеруіне байланысты қазіргі таңда Түркістан қаласында 3 қазандық жұмыс істеп тұр. 15 жыл бойы осы салада нағыз маманға айналған Ерік, бұл жұмыстың қателікті кешірмейтінін айтады. Оның сөзінше, бұл сала жауапкершілікті қажет етеді. Қазаншының жұмысын көбісі оңай деп ойлайды, тіпті жақындарынан да осындай пікірлер естиді. Бірақ ол бұл қызметті атқару үшін ең алдымен үлкен жауапкершілік пен төзім қажет екенін айтады. Тіпті кішкентай қателік жіберудің өзі үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Түнгі кезекшілік кезінде қазандықта жұмыс қыза түседі. Кейде шаршағандықтан еріксіз қалғып кететін сәттері де болады.

Ол 32 жасында жылу қазандығына жұмысқа тұрып, бүгінде 50 жасты еңсерді. Оның бар тілегі – түннің тыныш өтуі.

«Әкем үнемі ағаш бір жерден көгереді деп айтып отырушы еді. Бұл өсиет менің болмысыма сіңіп кеткені сонша, өмірде қанша қиын сәттер мен ауыр күндер болса да, шыдамдылық таныттым. Өз жұмысыма адал болдым. Қазаншыға түннің тыныш өтуі – ең үлкен бақыт», – дейді Ерік.

Ерік қазіргі таңда жеті баланың асқар тау әкесі. Кезінде отбасылық жағдаймен оқуға түсе алмай қалған. Көктем келгенде, Ерік жылудағы маусымдық жұмысынан ақысыз демалысқа шығады. Алайда бұл демалыс ол үшін тек тынығу емес, жаңа қызығушылыққа жол ашатын уақытқа айналған. Себебі ол Түркістанға келген тарихшы-археологтармен бірлесіп, қазба жұмыстарын жүргізуге көмектесетінін айтады. Алғашында тек қосымша қаржы табу үшін барған. Бірақ уақыт өте келе бұл жұмыс оған ұнап, шабыттана бастаған. Қазба жұмыстары кезінде құнды жәдігер табу сәті ерекше сезім екенін айтады. Ерік үшін бұл тек хобби емес, оның жаңа өмірлік бағытына айналған. Қазба жұмыстарындағы әрбір табылған тарихи жәдігер оның әлемді тануға деген құштарлығын одан сайын арттырған.

Ерік үшін қазаншы болу – бұл тек жұмыс емес, үлкен жауапкершілік, таудай төзімнің нағыз сыналар аймағы. Ал тарихи қазба жұмыстарымен айналысу арқылы ол жан қалауын тапты. Екі түрлі сала, екі түрлі әлем, бірақ екеуінде де ортақ бір нәрсе бар. Ол еңбекқорлық. Екі салада да Еріктің құштарлығы мен ұстанатын қағидасы бірдей. Қызыл-жасыл оттағы жылу мен қазба жұмысы бүгінде өмірінің мәніне айналған.

34 ЖАСЫНДА ЭЛЕКТРИК МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРГЕН

«Жылу» мекемесіндегі ең маңызды саналатын екінші маман – электрик. Біз бұл саланың неліктен маңызды екенін терең түсіну мақсатында, осы мекемеге 11 жылын арнаған Әмірбек Садықбеков есімді электрикпен әңгімелесіп көрдік. Оның айтуынша, Жылу мекемесіндегі электр жүйесі тым күрделі. Жайшылықта электр тоғы 220 вольтты құрайтын болса, жылу қазандығындағы тоқ – 380 вольттан тұрады екен. Егер қауіпсіздік шарасы дұрыс сақталмаса бұл тоқ адамды 7 метрге дейін ұшырып жібереді дейді.

«Жылу қазандығы үздіксіз процесс. Оның жұмысына салғырт қарауға болмайды. Қазір көмірден барлығы газға өтті. Нәтижесінде энергия жүйесіне деген сұраныс екі есе артты. Ал сұраныстың артуы жауапкершілікті екі есе жүктейді» – дейді электрик.

Оның айтуынша, қазіргі таңда адамдар электр жүйесіне салғырт қарайды. Соның салдары көптеген қайғылы оқиғаға ұласып жататынын айтады.

«Қазір барлық құрылғылар электр тоғына тәуелді. Бірақ байқағаным, тұрғындардың көпшілігі қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамайды. Бұл тек тұрғындар үшін емес, кейде әріптестерім үшін де үлкен мәселе болуы мүмкін. Біздің жұмысымыз қателікті кешірмейді. Тоқтың иісі жоқ, көзге көрінбейді, қолмен ұстай алмайсың. Сондықтан электр жүйесіне қатысты кез келген қателік үлкен апаттарға әкелуі мүмкін» – дейді ол.

Әмірбек Садықбеков 34 жасында өз өмірінің жаңа беттерін ашып, қайтадан электр жүйесіне оралуға шешім қабылдайды. Кентаудағы кәсіптік колледжде электр мамандығы бойынша алған білім, оның кәсіби тұрғыдан дамуына жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өз шеберлігін жаңа қырынан тануға жол ашқан. Бұл оқу тек оның жеке дамуына ғана емес, осы саладағы жаңа белестерді бағындыруға да үлкен серпін берді.

«2017 жылы оқуымды бітірген соң, Атыраудағы «Қарабатан» станциясында тоқ өндіру саласында жұмыс істедім. Бұл тәжірибе менің кәсіби білімімді тереңдетті. Сол кезеңде мен көп нәрсені үйреніп, өз жұмысыма тек электрик ретінде ғана емес, ғылыми тұрғыдан да қарауға тырыстым» – дейді, электрик.

Әмірбек үшін электрлік жүйе – ең күрделі процесс. «Неге біздің елде электриктер орталығы жоқ?» деген сауал бүгінге дейін өзін ойландырып жүргенін айтты. Электрик мамандығына қатысты әлі күнге дейін дұрыс көзқарастың қалыптаспағаны, жас мамандардың бұл салаға қажетті деңгейде тартылмауы оны алаңдатады екен. Себебі дәл қазіргі нарықтық заманда, технологиялық қолданыс қарқынды дамуда. Ал оны игеру үшін электрлік жүйені дұрыс пайдалану өте маңызды дейді маман. «Егер осындай орталық құрылған жағдайда, біздің саламыздың маңызы айтарлықтай артар еді» – дейді ол. Шынында да, әлемдегі барлық ірі жаңалықтар мен жетістіктер электрлік тоғымен тығыз байланысты. Жасанды интеллект, инновациялық технологиялар, тіпті экологиялық таза энергия көздері де барлығы электр жүйесіне тәуелді. Сондықтан осындай кәсіби орталықтың болуы, мамандардың білімін тереңдетіп, жаңа технологияларды енгізуді қолдайтын маңызды қадам болар еді.

Әмірбек мырза өз болашағына да зор үмітпен қарайды. Ол өмір бойы оқудан, жаңа дағдыларды меңгеруден бас тартқан емес. Бүгінде ол «Автоматтандыру және басқару» мамандығын оқып, білімі мен тәжірибесін толықтыруды армандайды. Қырықтың қырқасына шықса да, бұл оның жаңа мүмкіндіктерді игеруге деген ынтасын еш бәсеңдеткен емес.

«Жасым қырықтан асты, бірақ мен әлі де өзімді дамытатын, жаңа дағдыларды меңгеретін мүмкіндігім бар деп есептеймін», – дейді ол.

Әмірбек үшін білім алу тек жас кезіңде ғана емес, өмір бойы жалғасатын процесс. Оның көзқарасы бойынша, жаңа нәрселерді үйрену және жетілдіру – адамның тек өз кәсібінде ғана емес, өмірдің барлық саласында табысты болуына жол ашады. Оның жұмысқа деген көзқарасы мен арман-мақсаттары – тек өзіне емес, бүкіл салаға деген жанашырлығы мен болашаққа деген сенімінің көрінісі.

Бұл саладағы тәжірибесі мен ынтасын біріктірген Әмірбек Садықбековтың болашаққа деген жоспарлары зор. Ол тек өзі үшін емес, қоғам үшін де үлкен жетістіктерге қол жеткізуді көздейді. Алдағы уақытта электрик мамандығының маңызын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және келешек ұрпақты осы салаға баулу – Әмірбек мырзаның негізгі мақсаты болып қала бермек.

Түркістан қаласының жылу мекемесінде өз ісіне адал, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Бұл мамандар тек қаланың жылу мен ыстық су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өздерінің жоғары деңгейдегі жауапкершіліктерімен де үлгі көрсетіп келеді. Әмірбек Садықбеков, Ерік Исабеков сияқты мамандардың еңбегі – тек кәсіби шеберліктің емес, адамгершілік пен іскерліктің жарқын көрінісі. Олар өз жұмысына деген адалдығы мен еңбекқорлығы, сондай-ақ болашаққа деген ізгі ниеттерімен жастарға да, әріптестеріне де үлгі боларлықтай.

Жұмысшы мамандықтарының негізін құрайтын осындай білікті азаматтардың еңбегі – қаланың тұрақты дамуы мен тыныс-тіршілігінің кепілі. Олар төзім мен адалдық арқылы өз ісіне деген жауапкершілікті терең сезініп, жастарға үлгі боларлық тұлғаға айналған. Олардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі, шын мәнінде, жұмысшы мамандықтарының қадір-қасиетін танытып, қоғамдағы маңызды рөлін одан әрі айшықтай түсетіні анық.

Ғ.ДҮЙСЕНАЛЫҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы